ДОМАЛАҚ АНА МЕН АҚМЕШІТ ӘУЛИЕ ҮҢГІРІ

Сейсенбі, 05 Қараша 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 37 рет

Рухани жаңғыру

 

Таяуда Халықаралық туризм күніне орай, Жас туристер станциясы Ақмешіт әулие үңгірі мен Домалақ ана кесенесіне саяхат ұйымдастырды. Саяхатқа Қазығұрт ауданындағы «Шарбұлақ» жалпы орта білім беретін мектеп, Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейі, О.Жандосов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп, «Болашақ» мектеп-гимназиясы, С.Сейфуллин атындағы орта білім беретін мектептерден 50 оқушы қатысты.

Оқушыларға Домалақ ана кесенесі мен Ақмешіт әулие үңгірі туралы қызықты мәліметтер берілді. Домалақ ана кесенесіҚаратаудың күнгей бетінде, Балабөген өзенінің аңғарында. Қазақ халқының абыз аналарының бірі, халық арасында «Домалақ ана» атанған Нұрилә Әли Сланқызының зиратының басына тұрғызылған. НүриләБәйдібек бабаның үшінші әйелі. Домалақ ана өзінің ақылдылығымен ел іші бірлігінің ұйытқысы бола білген. Тарихи жазбаларда Домалақ ананың адамгершілігі, әдептілігі, парасаттылығы мен шыншылдығы және аналық қасиетінің арқасында «Домалақ ана» аталуы жайлы көптеген деректер жазылған. Домалақ ананың немересі Дулат Бұхарадан Абдулла Шері есімді шеберді алдыртып, ана басына төрт қанатты күмбезделген кесене-там тұрғызды. XI-XV ғасырлар аралығында Домалақ ана кесенесі бірнеше рет қайта жөндеуден өткен. Домалақ ана парсы тілінен аударғанда «Дихнат мама», яғни Әулие ана мағынасын білдіреді. Кейіннен Дихнат деген сөз Домалақ деп ауыстырылған. Домалақ ана кесенесі жерден 12 метр биіктікте сегіз жапырақты етіп өріліп, негізгі бөлігінің үстіне күмбез орнатылған. Аңыз бойынша, Домалақ ана кесенесінде екі қасиетті тас бар, осы екі тастың арасынан тек жаны таза адам өте алады. XX ғасырда салынған кесене 6 бағаналы болған. 1957-жылы қайта қалпына келтірілген кесене сақталмаған. 1966-жылы Маңғыстаудан алып келінген ақ тастармен қайта қаланды. 2000-жылы кесене айналасын көркейту-көгалдандыру жұмыстары толық аяқталды. Домалақ ана мұражайында түрлі көне қолжазбалар, қолдан жасалған көптеген заттар сақталған. Домалақ ана кесенесі көпшілік тәу етер қасиетті орын. Тарихи кітаптарда Домалақ ана қожаның қызы деп жазылған. Түркістанда туған. Әкесі соғыста қайтыс болған, ал анасы жылан шағып көз жұмған. Домалақ ана нағашы атасының қолында тәрбиеленген. Ол кісі жиен немересіне: «Кім сенің білегіңді бірінші болып ұстаса, сол адамға тұрмысқа шығасың» деп тәрбиелейді. Күндердің күнінде Бәйдібек ата нөкерлерімен келе жатып, құдықтан су ішпек болыпты. Ал, құдық ішінде кішкентай ғана қыз отырады. Ол Домалақ ана екен. Содан Бәйдібек ата оны қолынан ұстап, сыртқа алып шыққан делінеді аңыздарда», деді шырақшы.

Домалақ ананың Тілеуберді деген жалғыз ұлы болған. Күйеуінің көзі кеткен соң Домалақ ана Ташкентке жалғыз ұлының қолына барады. Жасы келіп қартайған шағында ұлынан Қаратаудың баурайына, Бәйдібек бабаның жанына алып баруын өтінеді. «Егер жолда қайтыс болсам, түйенің үшінші шөккен жеріне жерлеңдер» деп тапсырады. Кесененің шалғай жақта орналасуы да осы себептен екен.

Келесі бағытымыз қасиетті Ақмешіт әулие үңгірі болды. Ақмешіт әулие үңгірі Түркістан облысыБәйдібек ауданында орналасқан. Әктасты жыныстар қабатында пайда болған ойық жарқабақ үңгір. Ұзындығы 254, ені 65, биіктігі 25 м. Жарқабақ саңылауларынан мезгіл-мезгіл су тамып тұрады. Ішінен қарағанда ернеуі киіз үйдің шаңырағы секілді көрінеді. Ел арасында бір кездері онда бір әулие әулетімен киіз үй тігіп, сатымен шығып-түсіп жүрген деген де аңыз айтылады. Үңгіргеперзент көрмеген ерлі-зайыптылар, ауру адамдар әлі күнге дейін түнеп, мінәжат етеді. Үңгірдің тарихы қызық. Ертеректе, жаугершілік қиын-қыстау уақыттардың кезінде осы маңдағы ұлы Бөген мен бала Бөгеннің жарысып аққан тұсында Есіркеп, Қойкелді батырлар қалмаққа қарсы қол жинап, он мыңнан астам сарбазымен жауға қарсы шығуға дайындалып жатқан кезінде жаңбыр жауып кетеді. Селдетіп жауған жаңбыр астында таңғы намазды қалай оқимыз деп қиналмай бірден үңгірге түсіп, бәрі қатарласа тұрып намазға жығылады. Мынау бір керемет жер екен деп таңданысады. Үңгірге бойы үйренгеннен кейін сарбаздардың бірі батырға бұл жер кереметтігімен ұзақ есте қалдыру үшін бұдан былай бұл үңгірді Есіркеп деп немесе Қойкелді деп ат қойып кетейік дейді. Бұл ұсынысқа қарсылық білдірген батыр, қасиетті керемет үңгірдің киесі оған лайық болмасақ бұл атауды кешіре алмаса, ең қиыны сол болар, деп сөзін түйіндейді. Батыр да ойға беріле тұрып сөз бастапты. Бұл үңгір олай болмаса оң мыңнан астам адам бізге жаңбырдан қорғаштамас еді ғой, таңғы намазымызды оқуға мүмкіндік берді, тастары да аппақ күйінде ғажап әсер сыйлады, бәріміз жиналып, он мыңымыз бір жерде сәждеге бас қоя алдық, киелігі де осы, бұл жерді енді Ақмешіт деп атайтын болайық, бұл қасиетті жер екен, дейді. Содан былай Ақмешіт үңгірі аталып кетіпті.Келесі бір аңыз-деректерде былай дейді: бұл жер жыланның ордасына айналып, айдаһар мекендеген екен. Қараша халықтың төрт түлігіне тыныштық бермесе керек. Әбден ызаланған халық Ақмешіт әулиеге келіп, «ілім-білімінің күшімен айдаһарды байлап, матап тасташы» деген өтініш айтады. Сонда Ақмешіт әулие «айдаһарды бағындыруға күшім жетеді ғой, бірақ ұрпақсыз өтем бе?» деп қамығыпты. Кейін қара басын емес, елінің қамын күйттеп, айдаһарды ілімінің күшімен бағындырған деседі. Сол Ақмешіт әулие өмірден озарында денесін осы үңгірдің ішіне жерлеуді аманаттайды. Айтқанындай оны осында арулап көмген деген дерек айтылады. Сондай-ақ үңгір іші бір тылсым күшке ие, табиғаты әсем, құстардың төбемізде ұшып жүргені бір керемет көрініс деуге болады. Жоспарлаған саяхатымыз, ұтымды әрі қызықты өтті.

Қазіргі таңда Елбасы Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасы аясында, Қазығұрт аудандық «Жас туристер станциясы» көптеген іс-шаралар, саяхаттар ұйымдастырып, оқушыларға еліміздің қасиетті, тарихи жерлерін насихаттау барысында жұмыстар жүргізуде. Таң қаларлықтай жерімізді, құнды жәдігерлерімізді таныстыруға, үлкен мүмкіндік тудырып жүр деуге болады.

Лаура МЕЛДЕБЕКОВА,

Қазығұрт аудандық «Жас туристер станциясының» қосымша білім беру педагогы.