ЖЕРІМІЗ ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ САТЫЛМАЙДЫ

Сейсенбі, 10 Желтоқсан 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 481 рет

Жолдауға қолдау

 

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында білім саласына мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықтың лебі есіп тұр. Жолдаудың «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» деп аталынған төртінші бөлімінің алғашқы тарауы «Білім беру сапасын жақсарту» бойынша тұжырымдалған.

Мемлекет басшысы: «Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қыл­мыс­тық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде. Біз оқушылардың қабілетін ай­қындап,  кәсіби бағыт-бағдар беру сая­сатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлт­тық стан­дартының негізі болуы тиіс.

Экономикамызда техника сала­сының мамандарына сұраныс өте жоғары, бірақ мүмкіндіктер аз. Кәсіп­орындар тиісті мамандарды шет­елден шақыруға мәжбүр. Осын­дай келеңсіз жағдайды жедел түзетуіміз керек. Қала мен ауыл мектептері ара­сын­дағы орта білім сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе – ауылдық жерлер­дегі білікті педагог кадрлардың тап­шы­лығы. Сондықтан «Дипломмен – ауыл­ға!» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа дең­гей­де жалғастыруымыз қажет. Үкі­мет­ке келесі жылдан бастап осы бағ­дар­­ла­маны қаржыландыруды 20 мил­лиард теңгеге жеткізуді тапсырамын. Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда жердің шетелдіктерге сатылмайтынын кесіп айтты. Ол: «Жұртшылықты толғандырып жүр­ген жер мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған  жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің міндетіміз.

Жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі өте өзекті болып отыр. Жерге салынатын тікелей салықтар дең­гейі­нің төмендігі жағдайды күрде­лендіре түсті. Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құ­қығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып ала­тын кез келді. Жер – біздің ортақ байлы­ғымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс. Үкімет пен Парламент осы түйткілді рет­теудің тиімді жолдарын ұсынуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Мұны шешпей, отандық агроөнеркәсіп ке­шенінің сапалы дамуы мүмкін емес» деді.

Осы арада табиғат туралы өз толғанысымды бөлісейін. Табиғаттың көркін ажарландырып, жер бетін саялы баққа айналдыратын байлық көзі – су. «Судың да сұрауы бар» дейді дана халқымыз. Қазақстан Республикасында мол сулы өзендер, көлдер, теңіздер бар, осы мол суды өлшеусіз, есепсіз пайдалану судың азаюына әкеп соғып отыр. Мысалы, Арал теңізіне Сырдария өзені мол су әкеп қоректендіріп отырды. Кейінгі уақытта осы өзен суын көп мөлшерде күріш, мақта өсіруге пайдаланды. Соның салдарынан Арал теңізінің суы азайып, ол тартылып қалды. Тартылған су астынан тұзы шығып, кеуіп, ұшып ауа құрамына кіруде. Арал аймағының жағдайы осындай болды Ал Каспий теңізі мұнайдың қалдығымен ластанып, балықтар улануда. Міне, бұл да адам қолымен жасалған қатыгездік.

Табиғат байлығының бір тобы – жер бетіндегі әдемі өсімдіктер.   Өсімдіктер, ағаштар табиғатымызды түрлендіріп тұрған түкті кілем сияқты. Халқымыз өсімдікті өмір өзегі деп алып, одан қамқорлығын еш аямаған. «Әкеңнен мал қалғанша тал қалсын» деген көрнекті сөз соның айғағы. Ысырапсыз пайдаланғандықтан өсімдіктердің кейбір түрлер азайып бара жатқандықтан олардың 300-ге жуығы Қызыл кітапқа енгізілді. Елімізде сонымен қатар «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша көптеген істер атқарылып жатыр. Менің ойымша, әрбір азамат оларды қорғаудың маңызын саналы түрде ұғынбаса, біздің керемет жасыл бағымызды ешқандай тиым салу құтқармайды.

Табиғаттың сәні де, әні де қалықтай ұшқан құстар. Олардың әсем әндері бойымызды балқытып, еріксіз еліктіреді. Олар – біздің қанатты достарымыз. Олар – табиғат сақшылары. Егістіктің, бау-бақшаның сенімді серігі. Сондықтан ата-бабамыз құстарды қадірлеп, құрметтеген. Олар батыр ұлдарын сұңқарға, сұлу қыздарын аққуға теңеген. Қазақстанда құстардың 480 түрі бар екен. Соның ішінде азайып кеткен құстар Қызыл кітапқа енгізіліп, қорғауға алынған.

Табиғаттың сұлу мүсіні, көрікті келбеті – хайуанаттар. Халқымыз ежелден-ақ жануарларды көзінің қарашығындай аялап, қамқорлыққа алған көздері мөлдіреп тұрған қыздарын «Ботагөз» деп атаған. Бүгінде орманның сәнін келтіретін жан-жануарлар азайып келеді. Соның бірі қазақ жерінде тас дәуірінен бері тіршілік етіп келе жатқан ғажайып хайуанаттар өкілі – Ақбөкен болып табылады. Оны халық көбіне киік деп атайды. Оның мүйізінің өзінен өкпе қабынуын, жүрек ауруын т.б. ауруларды жазатын емдік қасиеті бар екен. Ал, еті өте тез сіңетін жеңіл тамақ болып табылады. Қазақта киікті «қасиетті аң, киелі аң» деп атауы осыдан болса керек. Бірақ осы қасиетті аң бүгінде өте аз қалды.

Табиғат-Ана ішсін, бар қажеттіне жаратсын деп мөлдір су берді, ғажайып жасыл әлем сыйлады, орман-тоғайымыз әдемі болсын деп құсы мен әдемі аңдарын берді, қысқасы біз өмірге қажеттінің бәрін Табиғат-Анадан алады екенбіз.

Табиғат – бүкіл тіршілік атауының алтын ұясы және аялы бесігі, құтты қонысы мен өнер мекені. Табиғат – адамға қажет баға жетпес байлық, ырыс пен мол қазынаның қайнар көзі. Сондықтан халқымыз «Табиғат – адамзаттың өмір нәрі, қажетінің табылар содан бәрі» деп дәріптеген. Табиғат – адам бойына адамгершілік абзал қасиеттерді қалыптастыратын ұлағатты ұстаз. Табиғат адам өмірінің барлық қажетін толық өтей алу үшін ол міндетті түрде ештеңемен былғанып уланбауы тиіс. Адам өзінің де, табиғаттың да досы, санасыз іс-әрекет жасаса, жауы бола алады. Адам баласы табиғаттың ең ұлы перзенті болумен бірге ең ұлы қамқоршысы екенін ешқашан естен шығармауымыз керек.

Табиғат адам бойына шабыт, көңіліне қуат, сезіміне сұлулық пен сағыныш ұялатады. Адам бойына адамгершілік қасиеттерді қалыптастыратын мол тәрбие көзі. Адам табиғатқа мейірімділікпен, сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен қарап, үйлесімділік сақталғанда, адамзат баласы үшін табиғат – кең сарай мәңгі тозбас құтты қоныс болатынын ешқашан ұмытпайық.

Еліміздің басшысы өз Жолдауында тағы да: «Аз қамтылған және көп балалы от­ба­сыларды қолдау үшін Үкіметке Дарын­ды баланың қабілетін дамы­ту­дың жол картасын әзірлеуді тапсырамын. Үкімет пен әкімдер осындай ба­ла­лардың үйірмелер мен орталықтарға, жазғы лагерьлерге баруы үшін мүм­кіндік жасауы керек... Білім саласына қатысты тағы бір мәселе – қаржыландырудың біркелкі болмауы және өңірлік басқарудың қазіргі жүйесінің тиімсіздігі. Білім бөлімдерін басқару және бюджет қаржысын әкімшілендіру функцияларын аудандық деңгейден облыстық деңгейге беру керек. Білім берудің барлық деңгейінде дербес қаржыландыру тәртібін енгізу қажет.

Тағы бір өзекті мәселе. Бұл – оқу­лық сапасының төмендігі. Оқушыларды сапалы оқулық­тар­мен қамтамасыз ету ­– тиісті министр­ліктің тікелей міндеті.

Мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды. Сондықтан мен Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз» деді.

Гулмира ТУСКЕНОВА,

«Шарбұлақ» жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.