ЖАЛҒЫЗ ӨМІР СҮРЕ АЛМАЙ

Сейсенбі, 10 Желтоқсан 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 482 рет

 

(әңгіме)

                                 Жақыпбеков Есенқұл ақынның рухына арналады...

    

   ...Ұзынағаш Алматыға тиіп тұрған жер болса да, ару қаладағы ақын-жазушылардың ортасындағы пікір додасының қан базарында шомылып жүрсем деген ой жатса да, тұрса да ойынан шықпайтын. Айтыстың алаңында ширек ғасырдай жүрсе де, сылаң қаққан әсем қала өзіне тартуын қоймады. Шәмші, Төлеген, Жұмекен жүрген жер, Асқар көсілген одақ, Мұқағали жыр оқыған бақ...

     Жаныңның пернесін дөп басып, жүрегіңнің нәзік қылын шерте жөнелетін Мұқағали жырлары қандай! Қарапайым ғана сөздерден үлкен ой түйетін ақын өлеңдері жасынан жанына тым жақын еді. Әшейін бір күнделікті қолданыста жүрген сөздерді иіріп әкеліп, мазмұны терең пәлсапалы ойға жетектете салғанда, япыр-ау, мынау менің ойыма қалай келмеген деген тақуа қызғаныштың жетегіне еріп сала беретін. Енді сол ақындардың жүрген жерлерімен жүріп, көңіл түкпіріндегі негізгі кітабын да сонда жазсам деген ойдың сұлбасы қылаң бергелі қашан!..

     Солай ойлаған... Сөйтсе мүлде олай емес екен... Мұнда да көре алмау, қарадай күйе жағу, қасақана аяқтан шалу белең алыпты. Ақиқатты аттап өте салу, мінбеде басқа, үйінде өзге қаламгерлердің қос мекенді мінез қалыптастырғаны таң қалдырды. Әсілі ақын-жазушылардан дәл мұны күтпеген.

   Сол сол екен өзгенің тамшыдай жақсы ісіне қуана білетін иманмен тамырлас тілекші ұғымына әп-сәтте зымиян аярлықтың кебіні кигізілді. Бөгде, тіптен атын да естімеген ақынның жақсы өлеңін жаттап алып, астарлы ой, әйбат ұйқасына балаша қуанып жүретін Есенқұл жер жарылып жік шығып, аспан айырылып Мәді түскендей аңырайған да қалған. Ақын-жазушылардың қайнаған ортасындағы қызған көріктің сынына шыжғырылып, диірмен тасына түсіп ысылам, тұма ойдың кәусарынан жыр суарам деп келгенде, жәдігөй іштарлық пен сасық күншілдіктің куәсі болам деп әсте ойламаған. Күншіл күңіренгіш - қараулардың кезекті өсегін көп сәпіріктің біріне балай салуға да болар еді, алайда ақыл тоқтатқан, егде жазушылардың ғайбатшыларға: «Тәйт, ары! Доғарыңдар бос сөзді!» деп әділін айтып, тыйып тастамаған бейопа нәмәрттігі жанының түкпіріндегі бейкүнә бозторғайды шырылдатып жіберген...

                                           Жайыңды ұқса жалқы дос,

                                           Жаныңда біреу қалмай ма?

                                          Жалпының арзан бақытын,

                                           Бермеген біздің маңдайға...

   «Әй, есіл дағы, нәсілі зат Мұқағалиым-ай!.. Қарасаздан салып ұшып келгенде, адалдыққа ара тұрар арағайындықты әлдеқашан адыра қалдырған қаланың міз бақпайтын, мейірімнен жұрдай без бет тіршілігі сіресе қарсы алып, аппақ қардай бейуаз көңіліңнің көзесін күлпаршалап, сол сұрбеттенген қалпы жүйкеңді – жүн, жігеріңді - құм етіп, нәзік жаныңды аяусыз-ақ паршалағанын енді ұққандаймын...»

     ...Түннің қай мезгілі екенін бағамдай алмаған Есенқұл ары аунап, бері аунап тыпыршып жатты да, ақыры ұйқысы саппа ашылып кетті.  

     Қылыш – майдан ашып, қазына құрайды, қалам – қазына тауып, қайыр сұрайды, өзі де сонау бір жылдары арба сүйреп жан бақты; қырсық қырық ағайынды талай суайтқа жем болды: әсіресе, «Газель» мінген суаяққа оңбай алданғаны есінен шығар ма?.. Қалай болып еді өзі...    

***     ***     ***

     Екі қолға бір күрек табылмай, пәленің алды – қар, арты – дауыл болып жүрген күндері «Жұмысқа кеттім» дейтін де, базарға барып арба сүйрейтін.          

   ...Бірде су жаңа кремплин кәстөм-шалбар киіп, аппақ көйлегіне қанқызыл мойынтақ таққан, елудің ішін әлдеқашан аралап кеткен мұнтаздай кісі жүк тасуға жалдады. Неге екенін әлгі кісі алдынан шыққан көп тәшкішілердің ішінен мұны таңдады. Қаңғыған тас қабағына тиетінін қайдан білсін, Жасағанға шүкірлік айтып, қуанып кетті. Әлгінің қарыштағаны базардың ішкі жағындағы «оптовый» дүкеннің қасында тау боп үйіліп жатыр. Рейсіне екі есе берем дегесін, қуана-қуана жүктерді тиеп, тасып кеп берсін. Жүк көп – төрт рет, әлде бес қатынады. «Газель» жүкке сықия толды. «Енді дүкеннің алдындағы сыймай қалған қағаз жәшікті әкеле сал», дегесін зырылдап дүкеннің алдына келсін. Оқшау тұрған нән каробканы артқан күйі қайтып келсе, әлгі адам да, «Газель» де ізім-қайым. Порковщиктерден сұраса, «сен кете салысымен кетіп калған» дейді. Ұшып отырып дүкенге келіп: «Клиенттің мына заты қалып кетті» десе, сатушылар: «Біздің зат емес», – деп азар да безер. Тәшкісіне тиеген бойда, арбакештеріне келген олар да аң-таң. Кенет базар ашылғалы істейтін тісқаққан қара жігіт:

   – Әй, аңғал, ақыным-ай! Кедейдің етегіндегі бидайды тізесі қағып төгіпті, сені «лох» қылып кеткен ғой, – демесі бар ма.

   – «Лохы» несі? – дейді бұл.

        Соны да түсінбейсің бе? Сенбесеңдер ашып көріңдер, іші толған мусор болмаса,

бүгіннен бастап тәшкі сүйремей кетейін.

     Әлгінің сөзі шып-шырғасы шықпай, айна қатесіз келді де қойды – сырты мұқият скошталған қағаз жәшікті ашса, іші толған қоқыс. Арзымайтын ақшаға бола көзін шел басқан қаукөкірек зәнталақтың соншама дайындықпен келгенін айтсай! Мына қиянатқа шыдай алмаған мүбарак жүрегі кеудесіне сыймай тарсылдай соғып, өмірден баз кеше түңіліп кеткені сонша, басын қос қолдап сығымдаған күйі жас балаша еңіреп жіберді.  

     Сол кезде жасы келіңкіреп қалса да, тағдыр тауқыметімен арба тартып жүрген молда кісінің сабырға шақырып, басу айтқаны жадау көңілін жебеп, жарасына ем болды... Жанға жағымды қоңыр үнмен айтқан әпсана былай еді:

     «...Соноу бір ерте заманда қақ-соқпен ісі жоқ, бір қазақ сүт, айран, қымыз, қымыран сатып жан бағады екен. Күндердің күнінде саудасы жүріп кетіп, мол ақшаға кенеліпті. Ақшасы молайған бейбақ діндарлығы ұстап, Қажылық сапарға ниеттеніпті. Алла ниетін қабыл еткен болуы керек, Меккеге барып қайтатын қаржы жинап, көп ұзамай сапарға да аттаныпты. Жол азабын тарта жүріп, Саудияға жақындағанда мыңдаған адам сиятын дәу кемеге мінеді. Кемеде кім жоқ дейсің – мүсәпір де, міскін де, бай да, жарлы да, тіпті аң үйретуші цирктің адамдары да бар. Ұзақ жолдан шаршаған әлгі адам мызғып кеткен екен, шуылдаған жұрттың даусынан оянып кетіпті. Жұрттың бәрі кеменің желкенінде отырған маймылды қызықтауда екен. Анықтап қараса, маймылдың қолында – мұның ақшалы әмияны. Бар теңгесінен айырылған ол маймыл үйретушіге жағдайын айтып жалынады. Маймылдың егесі көптің бірінен әмиян алып, ішіндегі теңгені бір-бірлеп еденге тастайды. Маймыл да ақылға кеп теңгені тастай бастайды. Айырмасы сол бір теңгені – кемеге, бір теңгені – теңізге тастайды. Сөйтіп жарты ақша суға кетеді.

     – Бұйырғаны осы болды, разы болыңыз, – деген маймылдың иесіне:

     – Мың мәртебе разымын. Мың мәртебе разымын! – дей беріпті әлгі.

     – Оу, теңгең толық қайтпаса да, тоңқаңдай бергенің не? – дегендерге:

   – Пірадарлар, мен сендерге ақиқатын айтайын – Қажылыққа атақ үшін бара жатыр едім. Ақшаға қызығып ағарғаныма су қосып сатушы едім, Жаратқан бәрін көріп тұр екен – сүттің ақысын өзіме қалдырып, судың ақысын теңізге қайтарды, – депті.

        Есенқұл, бауырым, сен де нақақ алдандым деп қайғырма – бір жамандықтың, бір

жақсылығы болады. Байлық пен кедейлік – өмір жәрмеңкесіндегі Алланың сынағы ғана; құрма ағашы мен тікенекті қатар жаратқан Құдай жер әлемді де, пенделерін де уақыт сәтімен теңестіріп отырады. Есекті жақсы білгендіктен де оған мүйіз бермеген, ал әлгі наданға біреудің ақысы жібермейтінін таразылар парасат бұйырмаған. «Дүниеқоңыз сараңды екі бейпілдің бірі табады, ақылы асқан зеректі мың әйелден бірі табады». Әр құжыраның өз шырағданы бар – ертең-ақ шайырлық мәртебең асып, ақындық шырағың маздайды. «Ісі түскенде мүсәпір, ісі біткен соң кісәпір» боп шыға келетін адам кейпіндегі малғұндармен талай ұшырасасың, сол кезде ақылмен безбендеп, дос-дұшпанды ажырата біл; көкірек таза болмаса, көз тазасы не керек – жарымес достан, ақылды қас артық екенін келеңе сал; сырыңды ақтарғанда жан досыңды да дұшпаным деп ұқ...»

       Мұншама тұнық ақыл арба сүйреген адамнан шығады деп кім ойлапты! Ел іші ақылдың кеніші екен-ау!.. Қыдыр дарымаған адам, есек базарда делдал да бола алмайды, арба сүйреу бұған қол емес екен – сол күні тастап кетті.

       Өмірдің жал-жал бура толқындары соғып, жабырқаған сәттерде арбашы кісінің әпсанасын естеп қояды. Жанына медеу болар жұбату айтқан адамның аузы дуалы екен – аты мәшһүр ақын болды; кітаптары шықты; әндері ел аузында; алқалы жиындардың төрі тиген уақыттар да аз емес. Тәубе. Мүмкін нағыз Қыдыр ата сол болар?.. Кім білген?..

   ...Ақынға сөз Алладан қонады, тылсымнан құйылады – өңі, әлде түсі... Бұрын айтқан, айтпаған шумақтар зердесінде іркес-тіркес оқыла берді... оқыла берді...

                                 ...Айналайын ағайын,

                                     Сендермен жерді бір басқан.

                                     Сүйгізген, сүйген, мұңдасқан,

                                     Өмірі өлең жыр-дастан,

                                     Менде де арман жоқ шығар!..

                                 ...«Өсем» деген ұлды бағып,

                                   «Кетем» деген қызды бағып,

                                     Өмір өтті зырғып ағып.                                    

                                     Қайран өмір, сонша сүйген,

                                     Кетесің-ау, бір күні ауып...

                                  ...Есеп-қисап құра алмай,

                                     Ел қатарлы жүре алмай,

                                     Жақсыға да ілестім...

                                     Жаманға да ілестім...

                                    Жалғыз өмір сүре алмай...

                                                                          Нұрғали РАХАЕВ,

                               Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі.