ВИЦЕ-МИНИСТР АУДАНЫМЫЗДАҒЫ ƏЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІ ТАҒАЙЫНДАУ ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

Сейсенбі, 14 Қаңтар 2020 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 490 рет

 

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Жылқыбаев ауданымызға жұмыс сапарымен келіп, аудан əкімі Т.Телғараевпен бірге өңірдегі әлеуметтік көмекті тағайындау жұмыстарымен танысты. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Өсербаев пен жұмыспен қамту орталығының басшысы Р.Керімқұлова ауданымызда атаулы әлеуметтік көмектің тағайындау жұмыстары қалай жүргізіліп жатқандығын айтып өтті.

Айта кетсек, мемлекет тарапынан көп балалы аналардың әл-ауқатын арттыру мақсатында мемлекеттік жәрдемақы тағайындалуда. Ал, атаулы әлеуметтік көмек 2020-жылдың 1-қаңтарынан бастап жаңа форматта төленеді. Көп балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы 4 және одан жоғары кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа толғанға дейін күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көп балалы отбасыларға табысына қарамастан тағайындалады.

Мұнан өзге «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамту шараларына тартуға басымдық беріліп отыр. Сондай-ақ, аз қамтамасыз етілген отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларына (1-6 жастағы) көмек көрсету (балалар тағамы, гигена құралдары және т.б), мектеп жасындағы балаларын оқу құралдарымен, мектеп формасымен, тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауда учаскелік комиссиялар жұмысы мен жауапкершілігі күшейтіледі.

Өкінішке орай, атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарында бірнеше жеке үйі, бірнеше автокөлігі бар, сондай-ақ, жер телімдері мен жеке қосалқы шаруашылығы бар азаматтардың болғаны жасырын емес. Бұл жағдайлар учаскелік комиссиясының жауапкершілігінде болады. Мұқтаждықты анықтау тәртібі заң жобасына сәйкес жүргізілмек. Жаңа тәртіпке сай, учаскелік комиссия тексеру жүргізу және қорытынды жасауды бұрынғыдай үш күнде аяқтамайды, жеті күн ішінде жүргізеді.

Ғазиза ҚОЙЛЫБАЕВА.