Атқарылған жұмыстар көңіл көншітерлік

Дүйсенбі, 03 Ақпан 2020 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 505 рет

82995496 626665484748405 4256434777860603904 n

 

Аудан басшысы Т.Телғараев Қақпақ ауылдық округінің мәдениет сарайында тұрғындар алдында есеп берді. Алдымен ауыл округінің әкімі Мақсат Зайытов өткен жылдың қорытындысын баяндады. Тағайындалғанына көп уақыт бола қоймаса да, М.Зайытов округтің барлық ақпаратын игеріп алғанға ұқсайды.

Өткен жылға қарағанда, Қақпақтағы есеп беру жиыны биыл сәл жұмсақтау болды. Даурығып, айқайлай жөнелетіндер байқалмады. Ауыл округінің алдыңғы әкімі де жаман жұмыс істемеген, көрсеткіштердің жақсы болуы – соның нәтижесі. Сондай-ақ, аудан, ауыл әкімдерінің слайд арқылы берілген есептері көңіл көншітерлік. Барлық салада ілгерілеу бар. Лимон, ет, өсімдік майы сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін Ресей, Өзбекстан, Қытай, т.б. елдерге экспортқа шығарып жатырмыз. Ал, бұл – өте керемет көрсеткіш! Экспорт көлемін арттыру үшін ауданда жер, адам ресурстары да жеткілікті. Ауыл шаруашылығы егіс көлемі де, жылыжайлар көлемі де жылдан жылға артуда.

– Индустриалдық аймақта бес жоба сәтті жүзеге асуда. Тез дайындалатын

тағам өнімдерінен бөлек, жеміс-жидектен сусындар дайындайтын, сүт өнімдерін өңдейтін зауыттар – ауыл тұрғындары үшін өнім өткізудің ең үлкен көзі. Міне, осы тұрғыдан да өзін-өзі жұмыспен қамтитындар, немесе, отбасылық қосымша табысын арттырғысы келетіндер үшін тамаша мүмкіндік.

«Жас кәсіпкер» жобасы бойынша да жастар 505 мың теңгеден қайтарымсыз грант алып, ойдағы істерін бастауда. Ауыл шаруашылығын қолдау қорлары арқылы да азаматтарымыз мал басын көбейтуге, асылдандыруға ден қойып, шаруашылықтарының іргесін кеңейтуде.

Ауданда құрылыс саласы да қарқынды. Абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, күрделі жөндеу, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында тұрғын үй, ғимараттар салу, т.б. Аудан әкімінің айтуына қарағанда, Тұрбат, Шарбұлақ, тағы да басқа ауыл округтерінде спорт кешендерін салу үшін құжаттамалық-жобалық сметалар әзірленуде. Аудан орталығындағы орталық стадион өткен жылы күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талапқа сай келтірілді.

– Біз спорттың дамуы үшін барлық жағдайды жасап бағудамыз. Азаматтарымыз салауатты өмір салтын ұстанып қана қоймай, алдағы уақытта Қазығұрт ауданынан Олимпиада чемпиондары шығуы керек, – деді Төлеген Тұртайұлы.

Әкімнің бұл сөзіне іштері жылыған тұрғындар қоштай жөнелді. Жылы лебіздерін білдірді.

Аудан басшысы Қақпақ ауыл округіне газ тарту басталғанын да тілге тиек етті. Оған республикалық бюджеттен қаржы бөлініп отыр. Аудандық мәслихаттың депутаты Т.Мұсабаевтың Астанаға дейін барып, осы мәселені шешуге атсалысқанын да атап өтті.

Қақпақтық тұрғындар бұрын ауылда кірпіш, консерві зауыты, тері илейтін цех жұмыс істегенін, қазір олардың жұмысы мүлдем тоқтап тұрғанын, соларды іске қосуға көмектесуін сұрады. Төлеген Тұртайұлы бұл нысандардың кезінде жекешелендіру заңы бойынша бәсекелестік ортаға берілгенін, сондықтан, оны қайта іске қосып, жолға қоятын кәсіпкерлер табылса, қолдау көрсетуге әзір екенін айтты. Жарыссөзге шығып сөйлеушілер қыс шілдесінде малдардың аусылға шалдыққанын, суармалы жерлерді қамыс басып бара жатқанын, гидроқұрылғылардың ескіргенін, тік дренаждар орнатуды да өзекті мәселе етіп қойды. Аудан әкімі мұның бәріне жеке-жеке жауап берді. Мысалы, тік дренаждарға аудан бюджетінің шамасы жетпейді, ветеринариялық қызмет қазір орталықтандырылып жатыр. Облыстық, республикалық деңгейде шешілетін мәселер бар. Мұның барлығына тұрғындар тұщымды жауап алды.

Қызылқия ауыл округіндегі есеп беру жиынында да ауыл проблемалары көтерілді. Ауыз су, электр бағаналарының ескіргені, кейбірінің қауіп төндіріп тұрғаны Қақпақта да, Қызылқияда да айтылды. Аудан әкімі ауыз су аудан бойынша өте күрделі мәселе екенін, біртіндеп шешіліп келе жатқанын түсіндірді. Сондай-ақ, тұрғындар айтқан өтініш бойынша ауыл әкіміне «Дінасыл» балабақшасы жанындағы қоқыс полигонын алыстау жерге ауыстыруды шешуді тапсырды.

Жалпы, Қызылқияда ауыл округінде 640 шаруа қожалығы, 14 кооператив, 34 ЖШС, 283 жеке кәсіпкер бар. Шағын орта кәсіпкерлер – 969. Яғни, ауылдың экономикалық потенциялы жоғары, көрсеткіштері де жақсы.

Айнатас елдімекенінің тұрғыны ауыз су, оқушыларды автобуспен тасымалдауда көліктің келмей қалу мәселесімен қоса, кейбір жер, үй құжаттарын рәсімдеуге көмектесуді сұрады.

– Бұл мәселелер мен ауданға басшы боп келген жылдардан бері айтылды. Есіңізде болса, өздеріңіз айтқан бес проблеманы толықтай шештім. Алты көшенің атауы жоқ дедіңіздер. Онамастикалық комиссияға ұсыныс беріп, көше атаулары берілді. Жер учаскелерін рәсімдеп бердік. Енді, кейін көшіп келгендердің жер учаскесін рәсімдеп бер деп жатырсыздар. Бәрін де заң аясында реттеу керек, – деді Т.Телғараев. – Мен сіздердің проблемаларыңызды ғана емес, ауыл тұрғындарын, қарияларын, билерін де жақсы танимын, қабылдауыма да келіп тұрасыздар. Ал, енді сол ауылда мені танымаймыз, мұң-мұқтажымызды білмейді, шешпейді деп айта алатындар бар ма? – дегенде, залда жылы аура орнады. Аудан әкімінің елдің мәселесіне немқұрайды қарамайтыны қатысушыларды сүйсіндіріп, жаймашуақ күйге түстік. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деп осыны айтса керек.

Аудан әкімі тұрғындар айтқан кейбір проблемалар бойынша тиісті бөлім, мекеме басшыларына тапсырма берді.

Жиын соңында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бас инспекторы С.Қожаниязов сөз сөйлеп, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық деңгейдегі есеп беру жиындарына Президент Әкімшілігінің бас инспекторлары мен өзге де қызметкерлері қатысып, зерделеніп жатқанын тілге тиек ете отырып, ел ішінде өзара түсіністік пен бірліктің, ынтымақтың бар екенін, әлеуметтік-экономикалық, тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін ел де аянбай еңбек етуге барынша талпынып, ұмтылып жүргенін айтып өтті.

                                               Дидар БЕГАЛИЕВ.