Құрметті ардақты аналар, аяулы қыз-келіншектер!

Сейсенбі, 10 Наурыз 2020 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 406 рет

 

Сіздерді көктемнің жарқын мерекесі – 8-наурыз халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер!

Әрқашан мына өмірге сән беріп, жылулық сыйлап, мейірім төгіп, шуақ шашып жүргендеріңіз үшін Сіздер қашанда өздеріңіздің сыйлы, сүйікті, қадірлі екендеріңізді, сіздерсіз мына дүние бос екенін ұмытпағайсыздар.

Әлемдегі әсемдік пен сұлулық «әйел көркі мен ана мейірімінен нәр алған» – дейді халық даналығы. Бұл дүниедегі бар жақсылық әйелдерден бастау алады. Бір қолымен әлемді тербетсе, екінші қолымен бесікті тербететін әйел-аналар, қыз-келіншектер еліміздегі сияқты, біздің ауданда да ер-азаматтармен бірге қоғамның игілігін еселей түсуде. Ұлан-ғайыр істер атқаруда. Көктемнің алғашқы мерекесі ананың аялы алақанындай жүректерге жылулық ұялатады. Адамзаттың нәзік жандарына арналған мереке табиғаттың оянуымен бірге келуі де кездейсоқтық емес.

Ана – тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақты күні, мейірімнің кәусар бұлағы. Ананы ардақтамайтын ұлт жоқ. Нәресте өмірінің нәрі – ана сүті. Халықтың рухы, жаны, тарихы, арман үміті болып табылатын тілдің де басқаша емес «ана тілі» деп аталуы тегін емес. Бұл – ұлттың тілі, ғұрып-салты, дәстүрі, тарихы, әдебиеті мен мәдениеті жас ұрпақ бойына ана сүтімен дариды.

Құрметті қыз-келіншектер!

Шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі – халықаралық әйелдер күнімен тағы да құттықтаймыз!

Сіздер бойына мейірім, жылулық, махаббат пен ізгілікті дарыта білген дара жансыздар. Сондықтан, әрдайым көктеріңізден күн, құшақтарыңыздан гүл, жүздеріңізден күлкі кетпесін деп тілейміз.

Т.ТЕЛҒАРАЕВ,                                                                    Ө.КӨПЕЕВ,

аудан әкімі.                                                     аудандық   мәслихат хатшысы.