Жеңіс жылы туылғандар 75-те!

Сейсенбі, 10 Наурыз 2020 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 405 рет

                       

Өмір деген қандай қызық десеңізші! Бұрынғы Қаратас, кейін Ленин, қазір Қазығұрт атанған ауданымыздың барлық ауылдарынан жиналып, интернатта жатып, 8-11 сыныптарда бірге білім алған, 41 баланың нақ 27-сі 1945-жылдың ақпан-мамыр айларында дүниеге келгендер едік. Бәріміздің де әкелеріміздің денелеріне оқ тиген, жарақаттары болатын.

Бізге 1958-1963 жылдары сабақ берген мұғалімдердің басым көпшілігі соғыстан қайтқан жауынгерлер еді. Физикадан сабақ беретін, бір аяғының табанын снаряд жұлып кеткен Сағынбек Құлақбаев ағамыз ашуы келгенде біздерге «жүгермек Жеңісбектер» деп налитын еді. Садық Кемеловке «Ватутин», Абдан Төлеповке «Қонаев» деп ат қойып алғанымыз әлі есімде.

Интернаттың балалары сабақты дұрыс оқымайды, тәртіптері нашар деген сөз есітіп келген күні директорымыз Бөрі Байзақов, тәрбиешіміз Манап Сүйгенбаев бәрімізді сапқа тұрғызып, «арық қойдай елге жаралы болып зорға оралған солдаттың балаларындай бола бермей, «Жеңісбекпіз» «Жеңіскүлміз» дейтіндей азамат болмайсыңдар ма?» – деп ренжитін. Сонан да болар, біздердің бойымызда «соғысқа қатыспаған адам ба?» – деген пікір қалыптасқан-ды. Майданда «контузия» алған Е.Ерінбетов деген ағайымыз тарихтан сабақ берді.

Ұлы Отан соғысы жайлы әңгіме қозғалса әруақтанып, екі көзі қызарып, денелері қалшылдап «Отан үшін алға, Сталин үшін алға!» деп айқайлап кететін. Біздер оны кемшілік демей, шын патриот деп қабылдайтынбыз. Ағайлап жүріп, абайлап сөйлеп, сабасына түсіретінбіз.

Сол жылдары қазығұрттың Бауыржаны атанған запастағы майор Досалы Мамбеталиевті, әскери тілші Елемес Бұғыбаевты алыстан көргенімізге мәз болатынбыз.

Фин, Ұлы Отан, онан соң Жапон соғыстарына қатысып, әбден жүйкесі тозған, бірақ, керемет домбырашы Қожан Әуезов деген ұстазымыз бар еді.

Сол ағайды би алаңында көшенің үш бұзығы (атамандары) ұрып кетіпті. Сондағы қанымыздың ойнағаны-ай, 21 бала бірігіп сөз байласып, түн қараңғысында үйлерінен алып шығып, тәубаларына келтіргенбіз.

Бұл бұзақылық деп бағаланып үлкен айқай-шу болды. Кластасымыз Әлия Шуманованың әкесі Әбдуәлі сол кезде прокурор екен, әйтеуір басты-ау.

Әйтпегенде Елубай Кенжебаев, Тастан Сәрсенбаев, Махан Сейітханов, Бердалы Төлегенов қылмыстық жауапкершілікке тартылып кетер еді. Біздер «Жеңісбектер» осындай болып өстік, тәрбиешілеріміз де, арқа сүйерлеріміз де соғыстан қайтқан солдаттар болды.

Сол дәуірде «класком, звеновой, учком» дегендер ашық дауыспен сайланатын. Ұстазымыз Орақ Өсербаев ағай бірде Міршепов Нартбайды «класкомдыққа» ұсынып, қол көтеруімізді сұрады. Сонда деймін-ау, тап бір аупарткомның бірінші хатшысын сайлайтындай талқыға салып, әкесі соғысқа қатыспаған, сондықтан болмайдыға шығардық. Өзін «лидер» ретінде мойындаймыз, бірақ, әкесі жағынан келіспейміз, – деп тұрып алғандар болды.

Орақ ағай «әкесінде нелерің бар?» деп күйіп кете жаздады.

Орекең де оңай емес екен, әскери комиссариаттан «бронь» алғанын дәлелдейтін анықтама әкеліп, Сталиннің суреті бар медалін, «Алғыс хатын» көрсетті. Сол Нартбай әлі күнге старостамыз.

Дәл осы күннен кімнің әкесі соғысқа барған, кімдікі барған жоқ деген әңгіме талқылана бастады.

Қабаев Қабыл мен Жобанов Рақымның әкелері де «броньмен» қалдырылған екен. Бұл тақырыпта мектебімізге тез тарады.

Нұрбибі Сағынтаева «звеновой» болып дауысқа түсерде омырауы орден мен медальдарға тола әкесі Тілешов Сағынтай қатысып отырды.

Біздердің арамызда өзге кластың қыздарына хат жазып қырындағандардың алғашқылары Аманкелді Сарыпбеков, Бердалы Төлегенов, Рахман Исақұлов болды. Бастауыш комсомол ұйымы оларды мүшеліктен шығарар алдында әкелерін шақыртты. Елубай Сарыпбековтың соғыстағы ерлігін естігенде, таң-тамаша болдық. Төлеген, Исақұл ақсақалдар да соғыстан қайтқан ардагерлер екен. Қыздарға хат жазғыштар жайлы ойларымыз күрт өзгерді. «Оларға ешқандай шара көрілмесін!» – деп, жер теуіп, ұрандатып тұрып алдық.

Кейінірек білсек, үшеуі де бір қызға ғашық болып жүрек сырларын білдірген екен. Олар біздерге қарағанда ертерек ер жетіпті. Кластасымыз Тойлыбай тіптен мектепте оқып жүргенде-ақ, үйленіп қойды.

Тастан Зайтовтың әкесіне дивизия командирі «винтовка» сыйлаған екен. Оны көпшілігіміз қызыға ұстап көргенбіз.

Ал, Лескүл Жанысбекова мен Күлзада Төлбасиеваның әкелері ұрыс алаңында достасыпты, ұл-қыздары да сол достықты әрі жалғастырып келеді.

Біздер 10-сыныпқа өткенде, қатарымызға Әбдрахман Ағабеков келіп қосылды. Әкесі Ағабекті алғашында Қажымұхан палуан екен деп қалғанбыз. Соғыста бұл кісіге тапсырыспен киім тігіліп, екі порция тамақ босатылыпты. Ерен еңбегі үшін Мәскеудегі «выставкаға» қатысады. Сонда біздің атамыз көрмедегі өнімдерді қызықтаса, былайғылар бұл кісінің болмысы қызықтаған көрінеді.

Міне, біздің, яғни, «Жеңісбектердің» тағдыры осындай болды. Соғыс ардагерлерін құрметтедік, соларға қарап бой түзедік.

1995-жылдың 9-мамырынан бері бұл күнді атап өтеміз, бас қосып, өмірден өткендерге Құран бағыштаймыз. Әрбір соғыс ардагері – біздердің әкелеріміз. Мына суретке Ұлы Жеңістің 70 жылдығында түскенбіз.

Өмір деген осы. Сусып ағып барады. Соғыс ардагерлері түгілі, Жеңіс жылы туылған біздердің де қатарымыз сиреп келеді. Әйткенмен де, басшыларымыз Лескүл, Нартбай, Бердалының арқасында жұбымыз жазылмай келеміз.

Тастанбек БЕРДІҚҰЛ,

Қазығұрт ауылы.