Отбасын берік ету қағидасы

Сейсенбі, 10 Наурыз 2020 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 305 рет

                                 

    Адамның тұлғалық қасиетінің жақсы немесе жаман болып қалыптасуына әсер етуші фактор – жанұя. Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Адам баласы үшін Отаннан кейін отбасыны сүю міндетті болса керек.

Отбасы - Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, қатарға қосатын маңызды мекеме. Бұл мекемеден батыр да, ел басқаратын азаматтар да, ғалымдар да ең алғаш осы мекемеден тәлім-тәрбие алғаны анық. Мемлекеттің мықты болуы отбасына байланысты, ал, отбасының мықты болуы ері мен әйеліне байланысты екені даусыз.

«Үйлену оңай, үй болу қиын» десек те, отбасын құрған әрбір жан бақытты болам деп емес, сол отбасыны бақытты қылам деген оймен отбасын құрса, көп қиындықтардың басы шешілері анық. Қазіргі таңда қоғамымызда ажырасу дерегі күн санап өсіп келе жатқандығы көңіл алаңдатады. Отанымыздың тұғыры мықты болуы үшін Отанды құрайтын отбасы мықты болуы керек. Даналықтың мектебі болған Төле би бабамыз: «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық» деген екен. Расында отбасы берік болуының негізгі қағидасы адам бойындағы осы қасиеттерге негізделсе керек. Басшысы нәфсі, ашу немесе өсек-аяң емес, әрдайым ақылын басшылыққа алса, ой таразысына салып шешім қабылдаса, бақытты отбасын құруға талпынса, ең мықты қорғаушы сабырды серік етіп, арын бәрінен де қымбат санаса және ең бастысы, өмірін ардақтап, оны сыйластықтың балымен сусындатса, міне, бұл отбасы бақытының кілті болар еді. Ал, бақытты отбасы болашақта ұлы тұлғаларды дүниеге әкелуге қабілетті болмақ.

Алпамыс САПАРБЕКҰЛЫ,

аудандық «Жастар ресурстық орталығы» жанындағы «Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметі» секторының меңгерушісі.