Позитивті ойлау – психологиялық мәдениетті меңгеру

Сейсенбі, 10 Наурыз 2020 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 466 рет


Психолог кеңесі

 

Кейбір адамдар өмірде күліп жүріп, кез-келген қиыншылықтан сүрінбей өте шығады. Сырт көзге олар жүйкесіне сызат түспейтін, асыл тас – алмастай берік, әрі сүйкімді көрінеді. Әркімді де өзіне тартып, баурап алады. Мансабы да тамаша, жанында достары да толып жүреді. Достарының әр-қайсысы жеке-жеке оны «менің ғана жан досым» деп есептейді. Ал, ол болса айналасындағылардың барлығына бірдей позитивті энергия шашып тұрады. Өйткені ондай адам – психологиялық мәдениетті меңгерген адам.

Мәдениеттің адам психологиясына әсерін зерттеуші Д. Мацумото психологиялық мәдениетке мынадай анықтама береді: «Мәдениет – күрделі әрі жалпы ұғым, ол ұрпақтан-ұрпаққа салт-дәстүр, материалдық мирас және мінез-құлық түрінде беріледі. Бұлардың барлығы  біздің өмірімізді түсіндіріп бере алады». Ал, ресейлік психолог В.В. Семикин: «Мәдениет – жеке адамдарды біртұтас қауымдастыққа біріктіріп, әрбір тұлғаны қоғаммен байланыстырады және адам психологиясының ішкі әлемін көрсетеді. Бұл ұғымды «мәдениет-тұлға-мәдениет» өлшемімен қарастырған жөн»,деп ой түйеді.

Гуманистік психологияның негізін қалаушылар Абрахам Маслоу, Карл Роджерс,  Гордон Олпорт және осы бағытта зерттеу жүргізген көптеген ғалымдар өз еңбектерінде тұлғаның өзін-өзі өзектендіруі, шығармашылық, сүйіспеншілік, еркіндік, жақсы психикалық денсаулық, тұлға аралық қарым-қатынас мәселелеріне тоқталған. Олар психикалық ауыруларды емдегеннен бұрын патологиялардың алдын алу мен жақсы психикалық денсаулық қалыптастыру шараларын жөн санайды. Батыстық ғалымдардың тұжырымдамалары отандық психологтардың ойларымен үндеседі.

Бабадан тәрбие түрінде мирас болып қалған табиғи жағымды мінез-құлық, үлкен-кіші жетістіктерге жетіп, тұлға ретінде қалыптасу тәжрибесі және ешқандай сыннан қашпай, керісінше сол сынға мән беріп, сабақ алу дағдысы.

Бұл тұжырымдамалар қазіргі жаһандану заманындағы әлемдік мәдениетті қалыптастырушы тұлғалардың жан-дүниесін аша түсіп, ұлттық түсінігімізге де сәйкес келеді, әрі психология ғылымының танымал мамандарымен де үндестік табады. Жоғарыда келтірілген мысалдарда жетістікке жетудегі басты әрекеттер – позитивті ойлау мен еңбектенудің «психологиялық мәдениетпен» байланысы анық байқалады.  Сондай-ақ, позитивті тұрғыда ойлау арқылы психологиялық мәдениетті меңгеру мүмкін екендігіне де көз жеткізуге болады. Демек, «психологиялық мәдениет – тұлғаның позитивті оймен әрекет етуі».

А. НҰРЖАУОВА,

«Қазығұрт аудандық ауруханасы» БМСККО Қаратас психологы.