ҒАСЫРДАН АСА ЖАСАҒАН ДӘМЕ ӘЖЕ

Сейсенбі, 10 Наурыз 2020 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 449 рет

 

Тыл ардагері, «Алтын алқа» иегері, үлкен әулеттің анасы, батагөйі, бәйтеректей өркен жайған Дәме Пернебайқызының өткеніне көз салсақ, ол жиырма екі жасында өзінен едәуір үлкен, қырықтың қырқасына шыққан Беркінбай Толыбайұлының босағасын аттап, некесін қияды. Оның да өзіндік себептері болады. Б.Толыбайұлы одан бұрын некелі болған кісі екен. Алғашқы бәйішесінен үш перзент сүйеді. Алайда, екінші дүниежүзілік соғыстың алдында тырысқақ ауруына ұшырап, әйелі де, балалары да бақилық болады.

Беркінбай Толыбайұлының өзі ата-анасынан ерте айрылып, жетім қалыпты. Ергеш атты інісі мен бір қыз, осы екі бауыры ғана болыпты. Ал, Дәме Пернебайқызының туған-туысқандары оба ауруынан қайтыс болып, өзі ғана жалғыз қалған екен. Шәулен деген кісі қолына алып, оған қамқоршы болыпты. Беркінбайдың шабандоздығы, мықтылығы ұнап: «Жасы үлкен болса да, осы кісіге тұрмысқа шықсаң, сені жылатпайды, қадіріңе жетеді», – деп ұзатқан көрінеді.

Өзі өте қарапайым, шаруаға бейім Б.Толыбайұлы ертеректе түйекеш болса, соғыстан кейінгі уақытта ұжымдық шаруашылықтың қара жұмысының барлығын істейді. Бұрынғы «Коммунизм» кеңшарының шөл аймағындағы Төбеқұдығында отырғанда, қазіргі ауданымыздың Молдабай Ілиясов, Иса Телікбаев секілді қадірлі азаматтары бірнеше рет босағасында болып, үйден дәм татады.

Осы күнгі Алтынтөбе ауылына 1961-жылы көшіп келеді. Беркінбай ата 1974-жылы 77 жасында қайтыс болады. Дәме әже өткен күндерін: «Ата-анамнан ерте айрылдым. Балалық және жастық шақтарым бейнетке толы болды. Мектептің 4-сыныбын ғана бітірдім. Туыс ағамның қолында өстім. Отызыншы жылдардың басындағы ашаршылық жылдары бір үйлі жан қос уыс бидайды талғажау еткен күндерді бастан кешірдік. Ұжымдық шаруашылықтың жұмысына шығып, ертеден кешке дейін бел жазбайтынбыз. Тұрмыс құрған соң да кетпен шауып, жер өңдейтінбіз, орақпен шөп оратынбыз, бидайдың масағын теретінбіз. Сонау Жаңабазардан бидайды жаяу арқалап келген күндеріміз болды. Ат-есектің тапшылығынан, көліктің жоқтығынан Ерім өнерге жақын еді, үйден ақындар үзілмейтін. Өзі атқа құмар шабандоз, әрі сынықшы еді», – деп еске алды.

Беркінбай ата мен Дәме әже 6 қыз, 4 ұл көреді. Кенжесі Бақытжан ғана үйленбей қаза болады, басқасының барлығы да бала-шағалы болады. Бесінші перзенті Ордабек Беркінбайұлы: «Күләнда Беркінбайқызы мен Айгүл Беркінбайкеліні «Алтын алқа» иегерлері, Ұлбосын Беркінбайқызы мен Раушан Беркінбайкеліні «күміс алқа» иегерлері. Қазір анамыз жүз жастан асып, 49 немере, 89 шөбере, 4 шөпшек сүйіп отыр», – деді.

Бұл күнде қарашаңырақта Ақылбек деген перзенті отыр екен. Сол үйдегі келіні Зәуреш Несіпбекқызымен әңгімелескенімізде, ол жүзі нұрланып: «Осы шаңыраққа келін болып түскеніме ширек ғасырдан аса уақыт болды. Өзім Қарағанды облысының Қарқаралы ауданының тумасымын. Шынымды айтсам, бұрын елде орыс мінезді болып өскен едім. Бұл ауылда қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жақсы сақталыпты. Келген бойда апамнан көп нәрсе үйрендім. Ол маған бар мейірімін төкті. Тандырға нан жауып, сиыр сауып, киіз басып, бақша егіп, бұрын мүлдем білмей келген жұмыстардың бәрі де күнделікті істеріме айналды.

Апамның ұзақ жасауының түпкі сыры – көп қозғалады. Қолмен жұмыс істеуден еш ерінбейді. Әрі Қосмола тауының баурайында отырмыз. Таза ауа, мөлдір судың да әсері мол болса керек. Ұлттық тағамдарымызды, ағарған айран-сүтті, құнарлы табиғи өнімдерді көп қолданылады», – деді.

Дәме әженің үлкен қызы Күләнда қазір 74 жаста болса, кенже перзенті Рая елудің үстіне шығыпты. Өзінің жасы ғасырдан асқан әжені елдімекен тұрғындары ғана емес, бүкіл ауыл округі мен ауданымыздың басшылары қадір тұтады. Меркелерде арнайы барып, әрі құттықтап, әрі ақ батасын алады. Бізге де қарап: «Жаратушым мерейіңді үстем етсін, менің жасымды берсін!» – деп дұға-тілегін жасап, батасын берді. Батагөй, тілекші әженің өмірінің ұзақ болуын біз де тіледік.

Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.