АБАЙ ДАНАЛЫҒЫ – ӨРКЕНИЕТТІЛІКТІҢ НЕГІЗІ

Сейсенбі, 31 Наурыз 2020 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 203 рет

 

Әр ұлттың мәдениетінде ерекше орын алатын тұлғалар болады.  Осы тарихи уақыттың мәдени құбылысына айналған  даналық иелерінің рухани мұралары, идеялары елді, қоғамды, ұрпақты өркениеттілікке жетелеп отырған. Руханиятсыз елдің, адамзаттың мәдениеті мен құндылықтарының қалыптасуы мүмкін емес. Атап айтсақ, тарихымыздағы хандар мен батырлардың, жыраулар мен билердің ұлттық мүдде жолындағы қызметтері өркениеттілікке ұмтылудағы ұлт зиялыларының ұстанымы үлгілерін көрсетеді.

Өркениет ұғымының бастапқы мағынасы азаматтық қоғам ұғымын негіздейді. Өркениеттіліктің негізінде қоғамдық сана түрлерінің дамуы, уақыт талабына сай өзінің өрісін кеңейтіп отыруы жатыр. Өркениеттілік болмаса қоғам өркениет биігіне жете алмайды, қоғамның мәдени дамуы шеңберінде өркениеттілік үлгілері жатыр. Өркениеттілік дегеніміз бұл адамгершілік, тәрбие, әділеттілік, білім мен кәсіп түрлерінің халықтың тұрмыстық мәдениетінің тірегіне айналып отыруы.

«Бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі ғана тәуір ісін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді.

Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен. Екінші мінезі – намысқорлық екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен...Кәнеки, енді осы екі мінез қайда бар? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан айырылдық. Ендігілердің достығы пейіл емес, алдау, дұшпандығы кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық», дейді Абай.

Өркениеттілік рухани құндылықтардан туатын рухани-әлеуметтік өріс, яғни мәдениеттіліктің жүйеленген формасы. Сондықтан, өркениеттілікке қатысты Абай былай дейді: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың....».

Адам  баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват» немесе  «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық». Өткен ғасырда өмір сүрген американдық ғалым А. Уайтхед «білімді адамдардың қателігі әлемге дағдарыс әкелді» деген. Қателік неден шығады? Абай айтқан білімнің жоқтығы ғана емес, сол білімге жетекші болатын ой өрістің қайшылығынан шығады. Абайдың әлеуметтік философиялық идеяларын зерделеуде, өркениетке ұмтылуда (жаңа дүниелерді жасауда және табиғат алдында өзінің патшалығын құруда) адам баласы неден ұтылды? деген сұрақ тағы туындайды. Бұған қатысты ойшыл өзінің қара сөзінде жауап берген: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, содан сақтанбақ керек: әуелі-надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – намыссыздық..». Адам өркениет жолына түсуде өзінің адами болмысына, ұлттық қасиеттеріне және құндылықтарға жауапкершілікпен қарау қажет.

Фариза Амантай,

Қ.Өмірәлиев атындағы жалпы

орта білім беретін мектебінің

9-сынып оқушысы.