ІНДЕТПЕН АЙҚАСТА БІРЛІК ТАНЫТАЙЫҚ

Сейсенбі, 31 Наурыз 2020 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 91 рет

 

Қазақ баласы, әулет ұрпағы үшін, екінші сөзбен айтқанда, қандастарымыз үшін ең асыл мұрамыз шежіре болып саналады. Шежіре – ата-бабаңның кім екенін анықтап қана қоймайды, әулет ұрпағыңның қалай өсіп-өніп, түтініңнің өшпегенінен сыр шертеді. Бұл – қазақ халқының өзіндік ерекшелігі. Бүкіл әлемді әлгі аты жаман Корановирус індеті жайлағанда, қазақ әулетіне сол пәле жоламаса екен, ұрпағымыз аман болса екен, шежіреміз жалғасын таппай үзіліп қалмаса екен деп тілегеніміз рас. Біз ойлаймыз, еліміздегі көптеген жасы келген ардагерлеріміз осы дұға-тілекті жасады деп.

Алайда әлгі шет елдердің бірінен аты өшкір індетті қандастарымыз жұқтырып алып, оған ұшарағандар саны бірте-бірте көбейіп, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары қазір карантинге жабылып үлгерді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев теледидар арқылы қазақстандықтарға үндеу жариялады.

Бір шүкіршілік жасайтынымыз, еліміз барлығына алдын-ала дайын болып тұрды. Қазығұрт аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров «Қазығұрт тынысы» газетіне шыққан мақаласында биыл туғанына 175 жыл толып отырған Абай Құнанбайұлының сөздерін орынды қолдана білді. Сол сөзге сын көзімен қарасақ, үлкен мән жатыр. «Иеленген сый-нығмет жақсылыққа алғыс білдірушілігің (шәкірлігің) жоқ болса, әдепсіздікпен айыпты болмайсың ба? Екінші – бұл жолдағылар қор болып, дүниеде жоқ болып кету де қаупі, үрей қорқынышы бар және Құдайға сенбейтін имансыздарға жем болып жетегінде кету, сондай-ақ, қайсыбір шыдамсызы жолынан тайып, сабырмен бір ұйғарынды тоқтамға тұрамын дегені өліп кетселер керек емес пе? Егерде бұл жол жарым-жартыларына ғана айтылған болса, жарым-жарты ақиқатты ұнатушы дүниеде бар бола ма? Ақиқатты қалаушы болса, барлығына бірдей ақиқатты сүюші болсын, алалаған әділеттілік бола ма және алалаған ақиқатты жақсы көруші бола ма? Олай болғанда, ол жұртта өмір сүру, өсіп-өну жоқ болса керек. Адам өмірінің өзі – ақиқаттық. Қай жерде өмір сүру ақиқаттығы жоқ болса, онда өсіп-өну, даму, толығу жоқ», – дейді Абай дана. Шын мәнінде Абай дара ғой. Ол тағы да: «Махаббаттың төлеуі – махаббат», – деп айтып кетіпті. Былайша айтқанда, жаратушы махаббатымен адам баласын өзге тірі мақұлықтарға ұқсатпай, ерекшелеп жаратса, оның сүйіспенділігінің төлеуі, қайтарымы – Оның құлдарының (пенделерінің) махаббаты болуы парыз да, қарыз да іс екен. Сол Құдай тағала басқа мақұлықтарды тек жан иесі етсе, адамзат баласын ақыл иесі етіп, артықша жаратқан екен.

Менің айтайын дегенім де осы, аты жаман Корановирус індетімен айқаста тек ақылмен, тазалықпен сақтық шараларын ұқыпты жүргізгенде ғана біз оны ұтатын боламыз. Мемлекет басшысының үндеуіне қолдау көрсетейік, қаншама елді ойсыратып бара жатқан індетпен ұрыста тек бірлігімізді, ынтымағымызды танытайық. Сонда бәрі жақсы болады деп толық сенеміз.

Құттыбек ЖҰМАШЕВ,

Қазығұрт ауданының құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі.