Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады

Бейбенбі, 04 Наурыз 2021 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 234 рет

Қай заманда, қандай қоғамда болсын, отбасындағы бала тәрбиесі аса өзекті мәселелердің бірі болған. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі адам өміріндегі тәрбиенің бастапқы негізгі ұйытқысы да ата-ана болып қала беретіндігіне еш күмән жоқ. Отбасы – адам баласының алтын діңгегі, ыстық ұясы. Өйткені, адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бас-тап, осында ер жетіп, алдымен тәрбие алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті әрі қасиетті алтын бесігі болып есептеледі.
Бүгінгі таңдағы жаһандану үрдісіне қадам басқан жаңа ғасырда әр халық, әр ұлт дінін, тілін, мәдениетін, тарихын мейлінше сақтап қалуға тырысып жатыр. Олай болса, тіл, дін, әдебиет, мәдениет, салт-дәстүр – баланың ой-санасын қалыптастыруға, өзінің қай ұлт өкілі екенін біліп өсіп, үлгі-өнеге алуына орасан зор әсерін тигізеді. Міне, отбасындағы тәрбие ұлағаты да осыдан басталады.
Халқымыз ежелден бала тәрбиесіне көңіл бөлген, болмысынан бекзат, тумысынан текті халық. Осы тектіліктің түп негізінде ұрпақ тәрбиесі, яғни ұлттық тәрбие деген ұғым жатқаны ойға оралады. Бұл ұғым да біз үшін аса қасиетті де қастерлі.
Менің ата-анамның өмір жолы көпке үлгі, қазіргі жас буынға өнеге дей аламын. Осыдан 60 жыл бұрын үлкендердің ақ батасымен өнерге құмар, елгезек, сұлу қазақтың қара көз қызы мен сабыры мен адалдығы бір бойынан табылған ақынжанды жігіт отау құрып, бас қосты. Ол кезде ер-жігіттер Отан алдындағы борышын үш жыл өткеріп келетін. Әкем шаңырақ көтере салып, әскер қатарына шақыртылыпты. Ал, анам ата-енесімен тоқшылыққа шүкір, жоқшылыққа сабыр деп, инабаты мен ізеті жарасып, бір шаңырақ астында сыйласа өмір сүрді.
Қазірге дейін сол ата-енесін сағынышпен еске алса көзіне жас келіп, біздерге үлгі етіп айтып отырады. Осылай сыйластықпен өткен 3 жылдан соң, арада тағы он жыл өтсе де анам құрсақ көтермепті... Әрбір ананың арманы бала сүйіп, бесік тербету болса да, бұрынғының тәрбиесінің мықтылығы, ескірмейтін махаббаттың құдіреті болса керек, анам жарықтық осы шаңырақтан ешқашан кетемін, – деп айтпаған екен. Әкем де сабырлық танытып, «перзентіміз жоқ» деместен, тату-тәтті ғұмыр кешіпті. Атаның қанымен, ананың сүтімен келетін мінез дейтін қасиеттің арқасында ата-анамыз отбасын берік сақтай алды. Алла деген құлының тілегі құлағына шалынып, үміттері ақталып, он үш жылдан соң дүниеге маңдайы жарқырап ұл перзент келеді. Әжеміз: «Алла көз жастарыңды көрді, есіркеді сендерді», – деп, есімін Есіркеп қойған екен. Есіркеп ағамыздың соңынан араға екі жыл салып қос қарлығашы, қос қанаты Айгүл мен Майра келді.
Осы үш перзентті қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, өнерге, білімге баулып өсірді.
Қазірде Аллаға сансыз шүкірлік, менің ағам Есіркеп «Қызыл ата» жалпы орта мектебінің директоры қызметін абыроймен атқарып келеді. Ал, ақ көңілді Айгүл әпкем – Қ.Өмірәлиев мектебінде алдыңғы қатарлы үздік ұстаз. Өзім Майра физика пәнінің мұғалімімін.
Анама «Қызды оқытып қайтесің?», – деген ауылдастарының сөзіне: «Мен секілді қазан-ошақтан шыға алмай қалмасын, бір сәт болса да өздеріне қарап, таза жүріп, әдемі киім кисін, еңбек етсін», – деген ата-анамыздыңның арманы орындалып, үмітін ақтағанымызға шүкірлік дейміз!
«Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды», – дегендей, өзіміз ана болсақ та, әлі де асқар тауымыз, алып шынарымызға бала секілді еркелеп тұрамыз. Ата-анамыз – біздің бақытымыз, байлығымыз. Бала күніміздегідей әкеміздің тізесіне басымызды қойып, аялы алақанымен шашымызды сипап, арқамыздан қақса бала күнім еске түседі. Десек те, қыз баланың тәрбиесінде ананың рөлі басым болады. Менің анам бізге қыз балаға тән нәзіктікті, ең бірінші «әкелеріңді сыйлаңдар, ренжітпеңдер, «әкелеріңнің қарғысын алмаңдар» деп айтып, әкені сыйлауды, жалпы ер азаматты қадірлеуді үйретті. Анамыздың айтқан сөздері құлағымда өшпес шырақ секілді. Қашан да келіндеріне, немерелеріне «Әкенді тыңда», «Әкең біледі», «Әкеңнен сұра», «Әкеңнің айтқанын істе» деп үнемі айтып отырады.
Ақ пен қара жарысқан ғұмырда талай бұралаң мен асуды артта қалдырған, бүгінде алтын тәжге, алтын тұғырға айналып отырған ата-анамыз Жұмабаев Ергенбай мен Сансызбаева Ханымгүл – әулетіміздің ақылманы, батагөй қариясы, ұл-қызынан өрбіген немерелерінің ардақты ата-әжесі. Ендігі арманы «Сендерді оқыттық, тоқыттық. Аллаға шүкір, немере сүйдік, шөбере көріп, сол жарықтарымның қолынан май жаласақ»,– деген арманы да алыс емес.
Ата-анамыздың самайына түскен ақ шашын көріп Шерхан ағамыз айтқандай «Алпыс – тал түсті» алқымдап қалғанын кеше аңғарыппыз. Бір-бірімен «шәй» деспей, қаншама сынақта қанаты қайырылмай, сағы сынбай ғибратты ғұмыр кешу екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт деп білемін.
Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы – туған ұясы, өз отының басындағы тәрбиесі, тілі. Қазақтың: «Баланың бас ұстазы – ата-ана», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» – дегендей ата-анамыз секілді әдемі қартаюды баршамызға нәсіп етсін. Атақ-абыроймен емес, аяулы жарға, перзентке деген махаббатымен, ақыл-парасатымен әулетімізге өнеге болған қос бәйтерегіміздің ғұмырын баянды еткей..!

Майра ЕРГЕНБАЙҚЫЗЫ.