ӘЛЕМДІК АУҚЫМДА ОЙ ТОЛҒАЙТЫН ҚАЛАМГЕР

Жұма, 12 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 68 рет

200 Сауытбек Абдрахманов аға

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Парламент мәжілісінің 6-шы және 7-ші шақырылымдардағы депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы, аудармашы, кино сыншысы, қазақ мәдени өмірінің, журналистикасының аса көрнекті тұлғасы Сауытбек Абдрахманов 1951-жылы 7-қарашада Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы, Қазығұрт ауданының Ұя ауылында дүниеге келген. Балалық, жастық шағы осы облыстың Келес ауданында өткен. Келес өңіріндегі Сәкен Сейфуллин атындағы мектепті бітірген соң, 1970-жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен. Республикалық баспасөздегі алғашқы мақаласы («Қанат ұшса қатаяр») университет табалдырығын аттағанға дейін, «Жұлдыз» журналының 1970-жылғы 5-ші нөмірінде жарық көрген.
Қазығұрт ауданының тумасы С.Абдрахманұлы студент кезінде кинорецензиялар жазып, өзінің қаламгерлік шеберлігін танытады. Жазған мақалалары 1974-жылы Қазақстан Кинематографистер одағының кино сыны саласындағы жүлдесін иеленеді. Биыл 70 жасқа толып отырған журналист-жазушыны жақын білетін замандастарының бірі, Қазақстан Журналистика академиясының академигі, Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Намазалы Омаш мерейтой иесі туралы өз лебізін білдіргенде: «Сауытбекті мен студент кезінен білем. Ол бізден кейін 1-2 курс төмен оқыды. Алғашында кинорецензиялар жазып жүрді. Онысы өте ширақ, кісіні ойландыратындай еді. Сонысымен белгілі болды. Ал, былай жалпы студенттердің арасында аса белсенді болған жоқ. Бірақ, рецензияларды әдемі жазып жүрді. Сауытбек, былайша айтқанда, аяқ астынан шыға келген адам емес. Бұл – біртіндеп қалыптасқан жігіт. Барлық сатыдан өткен. Шеберлігі де, азаматтық позициясы да, мемлекетшілдік қасиеті де біртіндеп қалыптасқан. Осы 70 жасқа ол барлық сатыдан өте отырып жетті», – деген.
Бірінші курстан бастап басылым бетінде кино ғана емес, театр, музыка тақырыбында да бірқатар мақалалары, сұхбаттары басылып тұрған Сауытбек Абдрахманов 5-ші курста жүргенде арнайы шақырумен Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеттің сценарий коллегиясының редакторы қызметін атқарады.
Университетті тәмәмдаған соң, еңбек жолын 1975-жылы республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдебиет және өнер бөлімінің тілшісі болып бастады. 1980-жылы кеңес құрылысы бөлімінің, 1983-жылы партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі, редакциялық алқаның мүшесі болды. Ұлт баспасөзінің қара шаңырағында өткізген он екі жылдың ішінде тез танылып, газет тарихындағы ең жас бөлім меңгерушісі атанған С.Абдрахманов 1987-жылы Қазақстан Компартиясының Орталық комитетіне жауапты қызметке шақырылды. Әбіш Кекілбаевтың «Ілгері бастырар ізгілік» атты мақаласында: «Ибалы да, зерделі Сауытбек ұстаздарға да салымды екен. Қайта құру басталған қарбалас кезеңде Өзбекәлі Жәнібеков, Мырзатай Жолдасбеков сынды абзал ағаларының қол астында идеология майданында – Орталық Комитетте қызмет етті», – деген жолдар бар.

1987-1990 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде Насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы, мәдениет және өнер секторының меңгерушісі, Президент Кеңесінің кеңесшісі қызметтерін атқарды. Сол жылдары Сауытбек ағамен қоян-қолтық бірге қызмет атқарған аға буын өкілдерінің бірі, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков: «Мен білетін Сауытбек Абдрахманов – білімі қандай биік болса, кішіпейілдігі соншалық терең, айтса айта да алатын, жазса, жаза да алатын, өте білімді азамат. Маған оның сабырлы, байсалды қасиеттері ұнайды. Біз бір кездері Орталық партия комитетінде бірге қызмет істедік. Идеология бөлімін басқарып тұрған шағым. Қарамағымда қайран Әбіш, Төлен, Сейіт, осы Сауытбек бірге қызмет істеді. Жасыратыны жоқ, аға-іні болып сыйласа білдік. Кейде партияны емес, сол бірге жүрген күндерімізді, сыйластығымызды аңсаймын... Қандай тапсырма берсем де, Сауытбек менің жанымды тындырып отыратын. Кез келген тапсырманы әбден орнықты қылып, терең ынтамен орындаушы еді... Қысқасы, Сауытбек – мақтауға да, онымен мақтануға да тұратын азамат... Мұндай азаматтар елге керек. Айқайы жоқ, әр нәрсеге терең түсінікпен баға беріп отыратын қасиеті бар. Жұрт біле бермейтін қасиеті де бар. Сауытбек бір жағынан ақын. Қолма-қол қиыстырып, суырып салып айта да салады. «Жүк ауырын нар көтереді» дейді ғой, кезінде идеология бөлімін басқарып жүргенде жүктің ауырын көбінде Сауытбекке артатын едім. Соның бәрін көтеріп кететін», – деп әділ бағасын берген.
С.Абдрахманұлы 1991-жылы ҚР Президентінің әкімшілігіне ауысып, 1995-жылға дейін Мәдениет және ұлтаралық қатынастар бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бірінші орынбасары болды. 1995-1997 жылдары ҚР Мәдениет министрінің бірінші орынбасары, 1997-2000 жылдарда «Қазақстанның телевизиясы мен радиосы» республикалық корпорациясының бірінші вице-президенті қызметін атқарды.
Саясаткер, мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов өресі биік, өзіндік айтары бар, тәуелсіздіктің елең-алаңынан бастап елдік идеологиясының орнығуына үлкен үлес қосқан Сауытбек Абдрахмановтың биылғы мерейтойына байланысты: «Сауытбек Абдрахманов – көз алдымызда өскен бауырымыз. Тәуелсіздіктің қарсаңынан бері бірге қызметтес болдық. Әсіресе оның руханият саласындағы еңбегі қоғамда өте жоғары бағаланғанына куә болдық. Сауытбек өте білімді жігіт болып қалыптасты әрі білімі жан-жақты да. Өте тиянақты, тыңғылықты, не жұмыс жасаса да, асықпай, саспай, алды-артын түгел қамтып, дәлелдерін, дерек көздерін түгел анықтап, жеке шығармашылық қызметіне зор жауапкершілікпен қарайтын азамат. Сауытбек зерттеу саласында көп жетістіктерге қол жеткізді. Мұның әдебиет саласында зерттеушілік еңбектері көп. Пушкиннің шығармашылығын зерттеуге, әлем әдебиетіндегі көрнекті-көрнекті тұлғалардың еңбектерін зерттеуде орасан еңбек етті. Біздің мемлекеттік құрылысымызға байланысты Елбасы-Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлымен сұхбат түрінде жазған «Өмір өткелдері» деген ауқымды еңбегі, сол сияқты мемлекет қайраткерлері туралы, солардың ішінде әсіресе Әбіш Кекілбаевтың қайраткерлігі мен шығармашылығын зерттеген «Абыз Әбіш» деген монографиясы мемлекеттік сыйлыққа лайық энициклопедиялық туынды болды. «Егемен Қазақстан» газетін 20 жылға жуық басқарып, таралымын кеңітті. Қоғам үшін «Егемен Қазақстан» орны бөлек трибуна десек, соның мәртебесін одан әрі көтеріп, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалиндердің дәстүрін әрі қарай жалғастырып, дамытты. Газеттің сапасын заман талабына сай дәрежеге көтергені де абыройлы еңбек болды. Кейінгі жылдары Сауытбек Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан ең жоғарғы заң шығарушы орган – Парламенттің Мәжілісінде депутат болып жүр. Осы қызметтердің бәрінде Сауытбек ақырын жүріп, аңдап басып, өте нәтижелі еңбек еткен азаматтарымыздың бірі. Сауытбектің еңбегіне де, оның қоғамдағы орнына да сондай ризашылықпен тілектеспін. Ол өзінің еңбегіне қарай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да, екінші Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың да ризашылығына ие болған тұлға», – деп жылы лебіз білдірген.
С.Абдрахманұлы 2000-2003 жылдары «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті, 2003-жылғы 14-қыркүйектен 2004-жылғы 12-шілдеге дейін ҚР Ақпарат министрі, содан соң 2004-2016 жылдар аралығында «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті қызметтерін атқарған. 2016-жылғы 24-наурыздан алтыншы шақырылымдағы ҚР Парламенті мәжілісінің, 2021-жылғы 15-қаңтардан жетінші шақырылымдағы ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты болып Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаламгердің публицистік еңбектерінің басын қосқан «Елдік ерлігі» атты бестомдық­тың алғы сөзінде: «Тәуелсіздікті тұлғалар тұғырландырады. Мемлекеттігімізді мығымдандырған қайраткерлердің қатарында Сауытбек Абдрахмановтың да өзіндік орны бар. Егемендіктің елең-алаңында ол Президент Әкімшілігінде Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары қызметін атқарып, жас мемлекеттің жаңа идеологиясын қалыптастыруға белсене атсалысты. Кейіннен Ақпарат министрі болып тағайындалды. Сауытбектің қайраткерлік қарымы, қаламгерлік алымы қазақтың бас газеті «Егемен Қазақстанды» басқарған жылдарында айқара ашылды. Газетті 2000-жылы 38 мыңдық таралыммен қабылдап алған ол өзі жетекшілік еткен 16 жылдың ішінде таралым санын 212 мыңға жеткізіп, басылымды ойы орнықты, сөзі салмақты, берер бағасы беделді, шын мәніндегі елдік мінберіне айналдырды. Бас газет арқылы халқымыз тәуелсіздіктің қадір-қасиетін тереңірек түсіне, елдікті еңселендірудің жауапкершілігін сергек сезіне түсті, жүргізіліп жатқан реформалардың мәніне бойлай алды. С.Абдрахманов журналистер жұмысын жаңаша ұйымдастырып, ұжымды ұлттық мұраттарға ұмтылдыра білді. Осы істе өрелі өнегені алдымен өзі көрсетті. Сауытбектің «Егемен Қазақстанның» беттеріндегі жүздеген мақалалары, сұхбаттары, жолжазбалары азаматтық белсенділіктің, публицистік парасаттың, қаламгерлік шеберліктің үйренетін үлгісіне айналды. Журналистердің арасынан шыққан Мемлекеттік сыйлықтың тұңғыш лауреаты С.Абдрахманов екендігі де заңды», – деп атап айтуы – елдік жолындағы ерен еңбектің биік бағасы.

201 Сауытбек Абдрахманов аға 1
С.Абдрахмановтың «Абыз Әбіш» атты кең тынысты зерттеу еңбегінде (2019) әдебиеттің барлық жанрларында қатар қалам тербеген тамаша талант иесі Әбіш Кекілбаевтың сан қырлы дарынының мәдениеттанушылық, өнертанушылық, саясаттанушылық, тарихшылық, әдебиеттанушылық сипаттары айқара ашылған. Айналасы екі жылдың ішінде бұл кітаптың екі рет басылып үлгергені еңбектің құндылығына, оқырман жүрегіне жол тапқандығына байланысты екені күмәнсіз. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ақеділ ықыласпен алғысөз жазды: «Сауытбек Абдрахмановтың кітабы – Әбіш Кекілбаевтың ұланғайыр ойшылдығын кешенді түрде талдаған күрделі еңбек. Яғни кекілбаевтануды кеңейтетін кітап. Мұнда аса қомақты фактологиялық материалдың негізінде Ә.Кекілбаевтың мәдениеттанушылық, өнертанушылық, әдебиеттанушылық, тарихшылық, саясаткерлік қырлары, нағыз энциклопедиялық білімі, терең танымы, академиялық универсализмі жан-жақты ашылған. Белгілі қаламгердің жаңа кітабы әбіштануды жоғары деңгейге көтеретін, Кекілбаев кемеңгерлігінің көкжиегін көрсететін еңбек деп бағалауға лайықты», – деген Мемлекет басшысы.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы­ның құрметті мүшесі Сауытбек Абдрахмановтың өлең аудармасының теориясы мен поэтикасы, Пушкиннің өмірі мен өлеңі жайындағы «Біздің Пушкин» (1999), «Вер бана ат. Пушкинтану парақтары» (2006), «Коран и Пушкин» (2006), «Төлтума мен телтума» (2007), «Перевод поэзии и поэзия перевода» (2008), «Әдебиет әлемі» (2017), «Аударма алыбы» (2020) сияқты еңбектері отандық әдебиеттануға қосылған қомақты үлес ретінде бағаланады.
Сауытбек Абдрахманов – жаһандану заманының қаламгері, әлемдік ауқымда ой толғайтын мәдениеттанушы. Оған ұлттық томаға-тұйықтық атымен жат. Қай мақаланы, қандай зерттеуді де ол дүниелік құбылыстармен салыстыра, салғастыра отырып жазады. Ш.Айтматов, С.Михалков, О.Сүлейменов, Н.Анастасьев, В.Ганичев сынды суреткерлермен сұхбаттасқанда журналистің әңгіме өрбіту мәдениеті ғана емес, әлем әдебиетінің арғы-бергісінен мол хабардарлығы, соған байланысты өзіне де, өзінің сөзіне де сенімділігі айқын аңғарылып тұрады. Бұл оның жұртшылық алдындағы сөйлейтін сөздеріне де тән. С.Абдрахманов қазақ әдебиетінің, ұлт мәдениетінің мәселелерін Париж, Мәскеу, Санкт-Петербург, Абу-Даби, Ыстамбұл, Бішкек қалаларында өткен кеңес, жиын, семинар, форумдарда сәтімен қозғай білді. Жамбылдың 150 жылдығын Ресейде атау кезіндегі сөзі туралы Фариза Оңғарсынова былай деп жазған болатын: «Осы жолы Санкт-Петербургтің атақты Таврия сарайындағы Дума залында Жәкемнің атышулы «Ленинградтық өренім» жырымен басталған мәртебелі жиында Сауытбек ініміздің сөйлеген сөзі соншалықты әрлі де нәрлі болғаны сондай, кез келгенді менсіне қоймайтын ақсүйектер тұқымының тұяқтары қайта-қайта қол соғып қошемет көрсетумен болды. Президиумда отырған менің сүйсінгеннен жанарыма жас келіп, мына мінберден осыған дейін қазақ сөйлеп көрді ме екен деп толқып отырғаным есімде. Дарынсыздар даурықпа келеді, ал сабырлы да салиқалы сырбаз жігіттің жүріс-тұрысынан, амандық-саулық сұрасқан іс-қимылынан, қарапайым да кішіпейіл болмысынан оның адами қасиеттері оқу-біліммен, тәрбиемен ғана емес, негізінен туа біткен табиғаты арқылы қалыптасқаны сезіледі. Адалдық пен адамгершілік нәрін қанына сіңірген адам ғана мансаптың мінберінде тұрғанына ешқашан масаттанбайды, мардамсымайды».
Әр сөйлемі, әр сөзі дерлік індете зерттелген, зерделенген Пушкин шығармашылығы бойынша соны сөз айту, тың пікір түю бүгінде тіпті де мүмкін еместей көрінеді. Соның өзінде де С.Абдрахманов «Құран және Пушкин» атты мақаласында Пушкиннің «Пайғамбар» жырының сарыны, бұған дейін айтылып, жазылып келгеніндей, Тәураттан емес, Құраннан алынғанын бұлтартпастай етіп дәлелдей алды, «Вер бана ат» зерттеуінде Пушкин тілінде түркизмдердің де алар орны елеулі екенін қолға ұстатқандай анықтап берді. Пушкинистикаға қатысты зерттеулері үшін қазақ әдебиеттанушысына Ресей сөз өнері академиясының «Ревнителю просвещения» медалі берілген.
С.Абдрахманов – Ахмет Жұбановтың жекелеген зерттеу мақалаларын, Дмитрий Кабалевскийдің музыкалық тәрбие туралы еңбектерін, Владимир Солоухиннің ой-толғамдарын, арабтың Бейбарыс туралы халық романын (1999), Виктор Гюгоның «Аласталғандарының» екінші кітабын (2010) айшықты тілмен аударған тәржімеші. «Аласталғандардың» аудармасы үшін қаламгер халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанған.
Сауытбек Абдрахмановтың аты өнертанушы ретінде де ардақты. Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарындағы кино, театр рецензиялары арқылы қалың жұртшылыққа жастай танылған автордың өнер жөніндегі зерттеулері, мақалалары, сұхбаттары өзі 16 жыл бойы басқарған «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде 200 мыңнан астам таралыммен жүйелі жарияланып, дәйім оқырманның ыстық ықыласына бөленіп келді. Әйтсе де, көпке дейін олар топтастырылып, кітап күйінде шықпаған еді. 2019 жылы басылған «Өнер өлкесі» кітабы автордың өнер тақырыбындағы зерттеулерінен, мақалаларынан құралған.
Ел үшін еткен еңбектің дер кезінде еленуі жағынан Сауытбек Абдрахмановты бақытты қаламгер деуге болады. Оның журналистік жұмыстары Қазақстан Кинематографистер одағының сыйлығымен (1974), Б.Бұлқышев атындағы республикалық жастар сыйлығымен (1981), Қазақстан Журналистер одағының сыйлығымен (1982), журналистика саласындағы Президент сыйлығымен (2000), «Жыл журналисі» атағымен (2006) бағаланған. 1998-жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағы, 2011-жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы, 2005-жылы «Парасат» ордені берілді.
Түркістан облысының Қазығұрт, Сарыағаш аудан­дарының Құрметті азаматы.
Сауытбек Абдрахмановтың ел үшін еткен еңбегі 2019-жылы мемлекетіміздің мерейлі марапатымен – I дәрежелі «Барыс» орденімен аталып өтті.
2020-жылы қаламгерге «Абыз Әбіш» мәдениет­танушылық зерттеуі үшін Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді.
2021-жылы Сауытбек Абдрахмановтың он томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Қаламгердің публицистикалық еңбектері «Елдік ерлігі» деген атпен бес томдық болып шықты. «Егемен Қазақстан» кітапханасы» сериясымен «Сұхбат сыры» атты кітап басылды, онда С.Абдрахмановтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерімен, әдебиет пен өнер майталмандарымен сұхбаттары топтастырылған.


Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.