МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ – АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ

Жұма, 12 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 60 рет

Мемлекеттiк қызметшi – мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаражатынан ақы төленетiн мемлекеттiк лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы.
Елбасы мемлекетті тиімді басқаруы үшін мемлекеттік қызметшіде болуға тиісті негізгі қасиеттерді атап көрсетті. Бұл – моральдық жоғары жауапкершілік, кәсіптік білім, білімін тәжірибеде қолдана білу, адалдық, ақ ниеттілік, белсенді өміршеңді ұстаным. Мемлекеттік қызметтегі әрбір адам өз жұмысының барлық маңыздылығын сезіне білуі және өз елінің патриоты болуы тиіс.
Мемлекеттік қызметші – мемлекеттік биліктің айнасы секілді. Халық сенімі мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметті қаншалықты сапалы көрсеткендігіне қарап нығаяды. Сондықтан, әрбір мемлекеттік қызметші өз орнында халықтың мүддесіне қызмет етіп, көкейтесті мәселелерін заң шеңберінде шешуі талап етіледі.
«Сіздердің барлықтарыңыз – жоғары билік өкілдерісіздер, сіздер – мемлекеттің бір бөлігісіздер және де сіздер нақты іс-қимылдардың үлгісі болуларыңыз керек», – деді Елбасымыз Н.Назарбаев.
Мемлекеттік қызметші – іс-әрекетіне жауаптылықпен қарап, жоғары орындаушылық, өзіне және әріптестеріне талап қоя білу, тәртіптілік және мүлтіксіз адамгершілік қасиеттеріне ие болуы тиіс. Мемлекеттік қызметшінің сыртқы мәдениеті мен ішкі дүниесінің ұштасып жатуы, әдептіліктің белгісі. Олардың моральдық-этикалық бейнесі мен кәсіби сапасына Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі жоғары талап қояды.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтауына мониторингті және бақылауды жүргізу үшін әдеп жөніндегі уәкілдер енгізілді.
Әдеп жөнiндегi уәкiл дегеніміз – қызметтiк әдеп нормаларының сақталуын қадағалайтын және мемлекеттiк қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметшiлерiнiң Әдеп кодексi талаптары бұзылуының алдын алуды назарда ұстайтын, сондай-ақ, өз функциялары шегiнде мемлекеттiк қызметшiлер мен азаматтарға кеңес беретiн мемлекеттiк қызметшi.
Кез келген мемлекеттің жетістігі мен гүлденуі мемлекеттік қызметшілерінің тиімді және кәсіби қызметіне негізделеді. Осыған байланысты, оны жетілдіру мәселелеріне мемлекеттің басшылығы тарапынан ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайын мемлекеттік аппарат жұмысының сапасы жақсарып, сонымен қоса қызметкерлерге қойылатын талаптар да жоғарылап отыр.
Қазіргі жаһанданудың өрелі биігіне қол созған кезде тәуелсіз елімізді өркендету жолында еселі еңбек ету басты мақсатымыз.

Тәңірберген АҚБЕРГЕН,
Сарапхана ауыл округі әкімінің орынбасары.