ҰЛТТАР ДОСТЫҒЫ – ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПІЛІ

Жұма, 19 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 66 рет

101 IMG 3078

Қазақстан халықтарының достығы – біздің елдің баға жетпес байлығы. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында сөйлеген сөзінде: «Еліміздің біртұтастығы – реформаларымыздың табысты жүзеге асуының басты кепілі. Біз Тәуелсіздік кезеңінде толайым табысқа кенелдік. Оның бәріне Елбасы негізін салған бірлік пен ынтымақ саясатының арқасында жеттік. Сондықтан, осы құндылықтарды сақтай білейік!»,– деп айтып өтті.
Кейбір деректерге қарағанда, әлемде 256 ұлт бар екен. Ресми мәліметке сенсек, соның 130-дан астамы Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп, тіршілік кешіп жатыр. Міне, осыншама ұлт пен ұлыстың тілін тауып, бірлік пен ынтымақта ұстап отырған бүгінгі билік ұлтаралық татулық пен бірлікті басым саясатының бірі ретінде ұзақ жылдардан бері ұстанып келеді.
Қазығұрт ауданында да ішкі саяси тұрақтылық пен этноконфессиялық толеранттылықты нығайту бағытындағы шаралар ұдайы өткізіліп келеді. Осындай іс-шараларда Тұрбат ауыл округіндегі «Өзбек мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі белсенділік танытып, тұрақты түрде «Достық айлығы» және түрлі ұлт өкілдерінің өнер, шығармашылық сайыстарын өткізіп, ұлтаралық татулыққа үлкен үлес қосуда.
Жуырда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында, ұлтаралық бірлік пен достықты насихаттау мақсатында аудан орталығындағы «Мирас» дәмханасында «Аспазшылар» байқауы ұйымдастырылды.
Байқауға ауданның 13 ауыл округінен түрлі ұлт өкілдері қатысып, ұлттық тағамдары ұсынылды. Әр халықтың ұлттық тағамдары өзіндік ерекшеліктерімен дараланатыны сөзсіз. Бұл тұрғыдан алғанда қатысушылар ас мәзірін даярлап, олардың атауларын атап қана қоймай, сонымен бірге қандай азық-түліктерден, қалай даярланатынын айтып берді.
Байқау барысында аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары әуелетіп ән салып, көрермендердің көңілін көтерді.
Бір қарағанда дастарқан жайып, оны дәмді әзірлеп, әдемі әрленген тағамдармен толтыру қиын емес сияқты. Алайда, қазылар алқасының көңілінен шығу оңай емес екені белгілі. Сондықтан да, ауданның әр аумағынан жиналған аспазшылар таң сәріден бастап дастарқан мәзірін жасап, бар өнерлерін ортаға салды. Көздің жауын алатын тағамдар бір-бірімен ұқсамайтындығымен ерекшеленіп, таң-тамаша етті және олардың дәмін татқан әділқазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Байқау қорытындысы бойынша І орынды Шарбұлақ ауыл округінен келген Ботакөз Сыдықова, ІІ орынды Қазығұрт ауыл округінен қатысқан Наталья Баранкова және байқаудың ең жас қатысушысы Тұрбат ауыл округінен қатысқан Абдубахи Сабитов ІІІ орынды иеленді.
Төрешілік еткен әділқазы мүшелері аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Омаров, аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Б.Смайлова, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары М.Нәмешов және аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры П.Ырсалы осындай шаралардың ұлттар мен ұлыстарды жақындастыра түсетінін және көпұлтты мемлекетіміздің саяси идеялық бірлігі мен татулығын насихаттау екендігін жеткізіп, байқауға қатысқан барлық үміткерлерге аудан әкімінің алғыс хаты мен бағалы сыйлықтарды табыстады.

Олжас ЗАИРОВ.