ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ ҚАЗЫҒЫ!

Жұма, 19 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 70 рет

25817

Еліміздің Ата Заңында мемлекеттің түбегейлі қағидаттары, қоғамдағы татулық пен саяси тұрақтылық, экономиканың дам­уы, патриотизм мен барлық мәселелердің ашық түрде шешілуіне байланыстылығы атап көрсетілген. Мемлекетіміздегі саяси тұрақтылық пен ынтымақтастықтың ең бірінші кепілі Елбасымыздың салиқалы, көрегенді саясаты. Қазақстан «Бір ел – бір тағдыр» деген ұстанымды алға тартып, ел бірлігін даму стратегиясының басты шарты деп біледі. Осы қағиданы іске асыру жолының бір тетігі – дербес ұлттық рухы, мәдениеті, тарихы, санасы дамып жетілген өркениетті ұлт есебінде жалпы адамзаттың ұлы көшіне ілесіп, басқа мемлекеттермен терезесі тең мемлекет ретінде иық тірестіре алатындығымыздың үлгісі.
Өздеріңізге мәлім, 2009-жылы наурыз айында Түркі дүниесінің түп қазығы қасиетті Түркістан қаласында «Ырыс алды - ынтымақ» алқалы жиыны өтіп, бүгінде осынау шара облыс аумағындағы барлық аудандарда өз жалғасын тауып келеді. Жиынның мақсаты жастар тәрбиесі мен мемлекеттік жастар саясатын дамыту, этносаралық бірлікті насихаттау болатын. Міне, сол жиын ауданымызда бірнеше жылдан бері өткізіліп келеді. Биылғы жылы аталмыш жиын Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы ретінде өтіп, елдің ынтымағы мен бірлігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелендіру және аға ұрпақ пен кейінгі ұрпақтың арасындағы сабақтастықты жалғастыру аясында ой өрбітілді.
Жиынға аудандағы зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, ауданның ардагерлері мен мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары, дербес бөлім басшылары және ауыл округі әкімдері қатысты.
Форумның жиналысын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Омаров Аманбай Жанұзақұлы ашып, жүргізіп отырды. Алқалы жиынға аудан әкімі Арман Айдарұлы қатысып, сөз сөйледі.
– «Бірлік – адам бойындағы ең асыл қасиет. Оны әрбір азамат жүрегімен сезініп, көңіл-ниетімен білдіреді. Атам қазақ әу бастан-ақ, әділдік бар жерде береке мен бірлік орын алатынын ғасырлар бойы ұрпаққа ұран етіп келеді.
Елімізде бір шаңырақтың астында 130-дан астам ұлт пен ұлыстар тату-тәтті өмір сүріп келеді. Тәуелсіздік алған кезеңнен бас­тап, күні бүгінге дейін еліміз бен мемлекет үшін ең маңыздысы ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен тұрақтылықты, достықты өзіндік ұстаным етіп келеміз.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев кезекті Жолдауында: «Бірлігіміз – әр алуандықта» деген басты қағидамыз ешқашан өзгермейді, сондықтан, этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағытының бірі. Біз – Конституцияда айтылғандай, біртұтас халықпыз. Біздің нағыз күшіміз – осында. Біз пікір алуандығын қолдай отырып, радикализмнің кез келген көрінісінің жолын кесеміз, мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз. Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек», – дегенді баса айтқан болатын.
Ауданымыздың әлеуметтік-экономи­калық дамуы елдің бірлігі мен ынтымағының арқасы. Сіздердің тұрақтылығымызды сақтау бағытындағы еңбектеріңіз үлкен. Қазығұрт ауданы ардагерлерінің еңбегі облысымызға үлгі ретінде танылуы бізді қуантады. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында үлкен белестерге жетуіміз қазығұрттықтардың ынтымағы мен бірлігінің арқасы», – дей келе, аудан әкімі ауыл округтерінде де «Ырыс алды – ынтымақ» форумы жүйелі түрде өткізіліп, әділдік, ұлттар достығы, жас­тар тәрбиесі, салауатты өмір салтын ұстану жөнінде алқалы жиындарда елді ынтымаққа, бірлікке шақыруға үндеу керектігін айтты.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Өрісбай Бұхарұлы мектептегі бала тәрбиесі мен отбасын құрып жатқан жастар арасындағы ажырасу, ұлттар арасындағы ынтымақ мәселелері төңірегінде пікірін айтып, форумға қатысушыларды елдің бірлігі мен ынтымағын нығайтуға шақырып, атқарылып жатқан жұмыстарға алғысын білдірді.

2967
Жарыссөзге шыққан Шарбұлақ ауыл округінің төбе биі Құтымбетов Амантай, Жігерген ауыл округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүнісов Балтабай жас­тарды теріс діни ағымдардың қаупінен сақтандыру, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу, татулық пен ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау жөнінде өз ойларын ортаға салды.
Ал, аудандық әжелер алқасының төрайымы Бағила Смайлова қыз баланың тәрбиесі жөнінде сөз қозғады. Қазақ халқы қыз – болашақ ана, ұлт тәрбиесі, шаңырақтың берекесі деп қыз тәрбиесіне көп көңіл бөлген. Егер, қыздарымыз патриот болса, ол ертең ана болады, сондай анадан туған ұрпақ елінің болашағының бағдары болмақ. Қызымыз есті, келініміз келісті болса, еліміздің еңсесі түспейді. Сондықтан, қыздардың тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайтынын ескертті.
Алқалы жиында ел бірлігі мен ынтымағы, ұлттық және дінаралық татулық, жас ұрпақ тәрбиесі, жастар саясатын жүзеге асыру жайы, елі мен жерін сүйетін, тілі мен дәстүрін құрметтейтін ұрпақтарды тәрбиелеу – бүгінгінің еншісінде екені баяндалды. Жиынға қатысушылар патриотизм – ел болашағының тірегі. Бақтың барар жері – ынтымақ. Әр адам өз отбасындағы береке-бірлікті басшылыққа алса, мемлекет те ризықты, табысты болады, – деп тарқасты.

Олжас ЗАИРОВ.