БІТІМГЕРШІЛІК ЖОЛЫ – МЕДИАЦИЯ

Жұма, 19 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 70 рет

2949

Елімізде «Медиация туралы» заңның қабылдануы, өркениет көшіне бет түзеген батыл қадамдардың жасалуы біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі. Медиация институтын дамыту – қазақ халқының дәстүрлі билер мен ата-бабалар тағылымын, әдет-ғұрып тәжірибесін қалпына келтіруге жасалған игі қадамдардың бірі.
Жуырда аудандық мәдениет сарайында Қазығұрт аудандық сотының төрағасы Ильяс Тоғызбаевтың ұйымдастыруымен медиация ісін ілгерілетуге арналған жиын болып өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары С.Тұрсынқұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Омаров, «Халықаралық медиация орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы бойынша өкілдігінің төрайымы Л.Ақшегірова, аудандағы ардагерлер, әжелер кеңесінің мүшелері, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, мекеме басшылары мен ауыл округі әкімдері қатысты.
«Медиация туралы» Заңның аясында аудандағы атқарылған шаралар туралы баяндама жасаған аудандық соттың төрағасы И.Тоғызбаев:
– Азаматтық дау-дамайды сотқа жеткізбей шешу – шығынды азайтып, уақытты үнемдеу болып табылады. Медиацияның мүмкіндігі, мақсаты мен пайдасы туралы халық көбірек білуі керек. Бұл Заң – қазақ халқының бүкіл әлемге үлгі болар ұмытыла бастаған салт-дәстүрлерін қалпына келтіру мақсатындағы игі қадам. Ел ішінде дау-дамай болмай қалмайды. Бірақ, «Дәлелдеп атып жауды жең, дәлелдеп айтып дауды жең» деп бабаларымыз айтқандай бітімгершілік жолымен татуластырғанға не жетсін! – деп айтып өтті.
«Халықаралық медиация орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы бойынша өкілдігінің төрайымы Л.Ақшегірова көне билер сотының екі жақты бітістіру дәстүрін жалғаған медиацияның Түркістан облысында қалай жүзеге асып жатқаны жайлы баяндап өтті. Азаматтардың таласты істің сот немесе медиация жолымен шешімін табуды өздері таңдайтындығын, жалпы, медиация саласының артықшылықтарын сөз етті. Сонымен бірге, бітімгершілікке келу жолында ардагерлердің көп көмегі тиетінін айтты. Жиын барысында медиация процесі, медиатор техникасы аясында қойылған сұрақтарға жауап берді.
Аудан әкімінің орынбасары С.Тұрсынқұлов медиация жайлы аудандық сот пен аудан әкімдігінің арасында жасалған келісім-шарт және ауыл округтеріндегі медиаторлардың атқарған шаралары туралы тоқталып өтсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Омаров аудандағы ардагерлер мен медиация саласының тоғысқан тұстары көп екендігін, тізе қосып атқаратын жұмыстар жетерлік екенін жеткізді.
Сонымен қатар, жиында қазіргі таңда отбасылардың ажырасуының көбеюі туралы сөз қозғалды. Елімізде жыл сайын тіркелген неке санының артуы қуантарлық жайт болғанымен, неке бұзылуының саны да, қатарласып артуы қатты қынжылтуда. Дәстүрлі қазақ қоғамында ажырасу мүлдем болмаған. Ал, қазіргі таңда ажырасуға түрлі әлеуметтік жағдайлар, түсінбестік, жастардың дұрыс тәрбие алмағандығы әсер етіп отыр. Отбасында ажырасуды болдырмау, олардың алдын-алу қоғам алдында тұрған жалпы міндет болса, осы орайда аудандағы медиаторлардың, ардагерлердің тарапынан отбасы құндылығын арттыруға бағытталған жұмыстар өз жалғасын таба бермек, – деді мамандар.


Олжас ҚУАНЫШБЕКҰЛЫ.