ОРАМАЛ – ҚАЗАҚ ТАНЫМЫНДАҒЫ КИЕЛІ ҰҒЫМ!

Жұма, 19 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 70 рет

033 image

Ақ жаулықты әжелереміз, ақ орамал таққан жеңгелеріміз әрдайым қазақтың бетке ұстар айнасы болған. Ұлттың арын да, өзін де сақтап қалатын ең бірінші қыздары. Қызы текті, тәлімді, тәрбиелі болса, ол елді ешқашан жау алмақ емес. Бірақ, осы тектілік, қыздың арын, оның ұлттық белгісін көрсететін қыздың өзі ме? Жоқ. Оның қылығы мен әрекеті және басына таққан ақ орамалы.
Қазақта шашты тек жесір қалған келіншектер жайған. Осыдан бұрым, шашты өру, түйіп жүру, орамал тағу деген ұғым пайда болған. Сіздерге орамалдың бірнеше пайдасын ұсынғымыз келеді.
Орамал – арыңыз!
Ең бірінші, басыңызға тартқан орамалыңыз – сіздің арыңыз.
Орамал – сымбатыңыз!
Жинақылық – басты ұстаным. Шашыңызды жасырып, келбетіңізді шырайландыра түсетін ақ орамал ешқандай да әбестік емес, керісінше, сымбатыңыз. Бір күн басыңызға орамал тартып, көше бойымен жүріп көріңіз, сізге сері жігіттер қызыға да тамсана қарайды. Ғасыр ауысады, сән өтеді, бірақ сұлулық сақталады. Сымбаттылықтың белгісі де, осы орамал.
Орамал – сыйластығыңыз!
Сыйдың да түрі бар. Бірақ, үнсіз сыйластық көрсетудің ең жақсысы – таққан ақ орамалыңыз. Орамал тартқан аруға қарап сүйсінбейтін жұрт болмайды. Тіпті, сіздің шашыңызды жасырып, маңдайыңызды жарқыратып жүруіңіз айналаңызға – көрсеткен риясыз сыйыңыз. Ұмытпаңыз, орамал – сыйластықтың да белгісі.
Орамал – деннің саулығы!
Бәлкім күлерсіз, бірақ, басыңызға тартқан орамалыңыз сіздің денсаулыңызға да әсер етеді. Ең бірінші басыңызды сырттан келетін түрлі аурудан сақтайды. Қарапайым мысал келтірейік, тегінде қазақ жайлауда күн кешкен. Ешқандай техникалық құрылғысы жоқ киіз үйдің ішінде өмір сүрген қазақтың әрбір қызы орамал тартқан. Себептің бірі, далаға түскен найзағай адамға да түсу қауіпі болған. Ал найзағайды өзіне тартатын бірден-бір нәрсе – шаш. Яғни, басыңызға тартқан орамал сізді жайдың түсуінен сақтайды. Сақтансаң, құдай сақтайды.
Орамал – ақ босағаңыз!
Ақ босаға аттаған күні, ақ орамал басыңызға түссе, сіз келін атандыңыз. Ал келіннің киесін сақтап тұратын тағы осы орамал. Ата-енеңіздің алдында мәртебеңіз артады.
Орамал – жарыңыздың жанарындағы сұлулық!
Отбасылық өмірде, әсіресе, отауын енді құрған жас жұбайлардың ұрыс-керісін болдырмайтын да ақ орамал. Себебі, жарыңыз бойыңыздан мін іздеуге дайын тұратын болса, басыңызға тартқан ақ орамалыңызға сыйластық танытады. Өйткені, ол оның киесін біледі. Жарыңыздың жанарындағы жалғыз сұлулық иесі болу үшін орамал тағып жүріңіз.
Орамал – мың ғасырлық сән!
Кез келген киімге үйлестіріп таққан орамал сіздің ажарыңызды ашады. Арланбаңыз, орамал таға білу де мода. Тіпті, өзгеден өзгеше боласыз.
Орамал тағу деген оранып алу дейтін сөз емес, сүйкімділік! Тектілік! Имандылық!

Жаратушы сыйға тартқан орамал
«Бiрiншi байлық – денсаулық,
екiншi байлық – ақ жаулық...
(Халық даналығы)
Орамал өзге дінге де жат емес
Орамал қай заманда да, қай уақытта да, қай елде де өте үлкен құрмет пен қасиетке ие болған. Және ол кез келген қыз-келіншектің көрігіне көрік, әдемілігіне сән қосатын ерекше әшекей. Біз әдетте адамгершілік пен ұяттан асқан әдемілік жоқ деп жатамыз. Ал, әйел заты үшін ең әдемі әшекей ұятын жабатын – орамал. Нәп-нәзік. Салмағы бар болғаны құстың қауырсынындай ғана. Бірақ, барлық аруды қорғап жүруге күші жететiн үлкен қасиетке ие. Кейбір ер азаматтар қорғай алмай жүрген әйел затын жамандықтан қорғайтын мықты қорғаушы! Орамалды құрметтегендер мойнына салады, қадіріне жеткендер оны басына шығарады.
Әуреттi жабу – тек Исламға тән құбылыс емес, мысалы «Еврей қыздарына орамалсыз сыртқа шығу жараспайды, әйелдерiнiң жаулықсыз жүруiне рұқсат еткен еркектердi қарғыс атсын, еркектерге ұнау үшiн басын ашып жүрген әйелдер жоқшылық әкеледi…»
Ежелгі христиан дінінде орамал әйелдердің болмысын толықтырып тұратын құрамдас бөлігіне айналған. Орамалдың шығу тарихы туралы айтқанда, ең алғаш қай елдің әйелдері таға бастады деген сұрақ қызықтыратыны ақиқат. Онда айтайық, ең алғаш орамалды Қытай мен Рим елдерінің әйелдері таға бастаған. Жел мен шаңнан қорғану мақсатында, түрлі аурулардан сақтану себебімен орамалмен оранған. Ежелгі Египет қолжазбаларына қарағанда, мысырлық әйелдер төртбұрышты орамалдарды иықтарына іліп жүрген екен.  
Орамал таққан әйелдерде қайыр бар 
Мұсылман халқы үшін орамал тарту – парыз саналған. Әйел адамдардың орамал тартуы – ер кісілердің сақал өсіруінен де үлкен парыз. Орамал – мұсылман әйелдерге Жаратқанның сыйға тартқан ең қымбат сыйлығы. Оған қатысты қасиетті Құран Кәрімде бірнеше дәлел хадистер келтірілген. Аллаға сиыну, оған құлшылық қылу, парыздарын орындау – жұмыр басты пендеге тән қасиет. Әйелдердің басын орамалмен жауып, әурет жерлерін бөгде адамдардан жасырып ұзын киім киюі – Алла Тағаланың бұйрығы. Дінімізде әйелдердің беті, екі қолы (білезігіне дейін) мен екі аяғынан (тобығына дейін) басқа жерлері ұятты болып есептеледі. Сондықтан да, барлық әйел баласы ұятты саналған әуретті жерлерін киімімен жауып, бөгде ер кісілерге көрсетпей жүрудің шариғаттағы үкімі – парыз.
Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса, нені көрем? 
«Ора­мал тартқан әйелде қайыр бар», –  дейді дана қазақ. Әйеліне орамал тартқызып, жабық киінуге бұйырған еркек шын мәнінде әйеліне жаны ашитын адам. Қазан төңкерісіне дейін күллі қазақ даласында ашық-шашық киінген бірде-бір әйел заты болмаған. Тіпті, әр өлкенің өзіндік киім кию дәстүрі болған. Қазақ жерiнiң әр аймағының ауа-райына тән әйелдердiң кимешегi әртүрлi болған, сондай-ақ, ол жас ерекшелiктерiне қарай түрлi үлгiде тiгiлген. Ата-бабаларымыз Құран қағидасына қарсы шықпаған.
Керiсiнше, оны ғұрпымен сабақтас­тырып, ою-өрнегiмен көркемдеп, өзiнiң төл киiм үлгiсiне айналдыра бiлген. 
(жалғасы келесі нөмірде)


Дайындаған: Райхан ӘШІРБАЕВА.