ЕЛІМІЗ ТЫНЫШ, ХАЛҚЫМЫЗ АМАН БОЛСЫН!

Сейсенбі, 30 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 99 рет

076bc3d-5ed0-4e54-b18d-9f5f361068e2

Ұлан байтақ кең даланы алып жатқан еліміздің жан–жағы көгілдір, күрең ала таулар қоршаған жерде туып өскен Елбасымның мұраты - биік, арманы - асқақ. Қазір әлем таныған ел болып отырғанымыз елін сүйген Елбасының арқасы десек, қателеспейміз. Қазақ халқының тарихи Отаны, сонау түп аталарымыздың мәңгілік бесігі, ұрпағымыздың ұлы ордасы Қазақстанды, Қазақ елін әлем халқы тәуелсіздік алғаннан кейін ғана таныды.
Елбасымыз: «Содан бері зымырап уақыт өтті. Бұл уақыт тарих үшін аз уақыт болар мүмкін, бірақ жылға бергісіз күндер, ғасырға бергісіз жылдар болады. Соңғы жылдар ғасырға татитын оқиғалар болды десең, артық айтқандық болмас», – деген сөздері әбден орынды, талассыз шындық. Өйткені Елбасымыз Қазақ елін білімімен тәжірибесіне, ақылы мен парасатына, ар–ожданына сүйене отырып, өрге сүйреді, әлем таныған елдер қатарына қосты.
Қазақ жері – күллі қазақ баласының, бабалардың мәңгілік киелі бесігіне енді өзіміз иеміз. 1991-жылы 16-желтоқсанда Н.Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңына сәйкес Тәуелсіз Мемлекеттер Достығымыз дүниеге келуі, Қазақстанның БҰҰ–ның мүшесіне өтуі, Қазақстанның өз ұланы мен қарулы күштерін құруы, мұсылман әлемімен де қарым–қатынасты нығайтуы – Елбасының сарабдал саясатының, дана ойларының жемісі. Төл теңгеміздің дүниеге келуі, әсем Астанамыздың бой көтеруі, білім мен экономика саласындағы жаңалықтар, бір төбе.
Елбасымыз өзінің «Қазақстан 2050:«Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Мен мәңгілік ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары – Қазақстан – 2050» Стратегиясының түпқазығы етіп алдым. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын», – деді. Сондықтан, ата – бабамыз сан ғасыр бойы аңсаған тәуелсіздігімізді баянды ету – бәріміздің парызымыз. Еліміз тыныш, халқымыз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Нұрлан ТӨРЕХАНОВ,
Қазығұрт аудандық пробация қызметі
бөлімшесінің бастығы, әділет майоры.