НЕГЕ МАЛ АЗЫҒЫН ДАЙЫНДАУДЫҢ ТИІМДІ ӘДІСІНЕ КӨШПЕСКЕ?

Сейсенбі, 30 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 102 рет

204ab-b9e6-44b6-a5e0-fc05a6c8813d

Биылғы қуаңшылық бізге көп нәрсені ұқтыруы тиіс еді. Ауылдағы ағайынның негізгі күнкөріс көзі мал десек, құрғақшылықтан қаншама мал аштықтан қырылды. Осындай апатты жағдайдың алдын алуға мүмкіндік бар ма еді? Әрине, бар болатын. Жасалынуға тиісті түрлі шаралардың бірі – гидропоника жүйесі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін инновациялық тұрғыдан дамытуды қадап айтқан болатын. Жайылымдық жерлерді суландыру, құрғақшылыққа төзімді шөп түрлерін өсіруді нақты міндет етіп қойған-ды. Бұл енді көптеген қаржы мен шығынды қажет ететін жоба. Сондықтан, мал азығын дайындаудың, үнемдеудің тиімді әдістерін жүзеге асыруға тиіспіз.
Осы орайда топырақсыз өсетін гидропоника жүйесіне тоқталуымыздың да бір жөні бар. Шөп бағасының бірден екі есе қымбаттап кеткенін жақсы білесіздер. Қазығұрт ауданынның Қызылқия ауыл округінде «Ыбырайым» шаруа қожалығының гидропоника кешеніне арнайы барып, шаруашылық құрылтайшысы Марат Ибраймовпен әңгімелесіп, көп нәрсеге қанығып қайттық.
Марат Тәліпұлы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығы бойынша тәмамдаған. Расында өз саласының білгірі және іскер екені шаруашылығынан байқалып тұр. Еңбек жолын осы ауданда өнеркәсіп комбинатының жұмысшысы боп бастап, Энгельс атындағы ұжымшарда инженер жабдықтаушы, орталық жөндеу шеберханасында, кейін трактор паркінде, жанар-жағар май бекетінде меңгеруші, «Қызылқия» өндірістік кооперативінің төраға орынбасары, төрағасы, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің, аудандық жер кадастр бөлімінің меңгерушісі, шағын несие ұйымдарының директорлығы сияқты лауазымдарды атқарып, ұйымдастырушылық, басқару жағынан да мол тәжірибе жинақтаған.
Марат Ибраймов 2015-жылы қырқүйек айында әр жылы Америка Құрама Штатының Солтүстік Догота штатының Форго қаласында өтетін бүкіл дүниежүзілік ауыл шаруашылық көрмесіне қатысып, осы гидропоника тәсілін өзімізде 25 сотық жерге орналастырып, 100 ірі қара мал өсіріп, жайылым керек еді деген өзекті мәселені шешіп отыр. Ондағы фермерлердің өмірімен танысып, шаруашылықты жүргізуге деген көзқарастарын өзгерткен. Тіпті, ондағы фермерлердің соңғы заманауи техникалармен жұмыс істейтінін көріп қызыққан. Кейіпкеріміз қазір қолынан келгенше өз шаруашылығының өндірістік қорларын жаңартуға мән беріп, тракторларды жаңа күйінде сатып алуда. Оның да елу пайызын мемлекет субсидиялайды. Ал, енді гидропоника әдісіне тоқталайық.
Гидропоника дегеніміз не?
– Гидропоника – бұл көшеттерді және дақылдарды өсірудің инновациялық әдісі, ол топырақты мүлде пайдаланбайды. Өсімдіктер өсуге қажетті микро, макроэлементтерді тамырларды жуатын қоректік ерітіндіден алады.Сонымен қатар, оларды жерге отырғызудың және топырақты пайдаланудың қажеті жоқ, бұл жұмыс күші мен топырақты сатып алуға жұмсалатын шығындарды айтарлықтай төмендетеді, – дейді М.Ибраймов. – Және бұған көп жер учаскесінің де керегі жоқ. Мына өзіңіз көріп тұрған ғимарат 18х12 метрді құрайды. Осы жерден аптасына екі тонна мал азығын аламын. Бір ескеретін нәрсе, қыста ауа температурасы 18 градус шамасында тұру керек.
Гидропоника өнімінің тағы бір артықшылығы малдың сүттілігі мен еттілігін 30 пайызға дейін арттырады екен. Мұның бәрі дәлелденген нәрсе. Ал, экономикалық калькулияцияға салсақ, гидропоникада дәннен өскен балаусаның килосы ары кетсе, 50-60 төңірегінде екен. Табиғи шөп пен жоңышқаның килосы орта есеппен 100 теңгеден айналады. Құнарлығы жағынан гидропоника өнімі әлдеқайда тиімді. Кәсіпкер үшін қазір арпаны өзі еккендіктен, жасыл балауса құны орта есеппен килосына 30 теңгені құрап отыр. Бір кило арпаны өндірсеңіз, салмағы алты килоға жетеді.
– Бір өкініштісі, гидропоникаға субсидия қаралмаған, – дейді Марат Ибраймов. – Сиыр сүтіне қаралған субсидия литріне небәрі он теңге. Сондықтан, малдың бұл түрі өзін ақтау үшін жаңа технологияға көшу қажет. Ауданда, тіпті, облыста осы мәселені ескермесе болмайды. Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстауда осы салаға грант беріп, шеберлік кластарын өткізуде. Қазір менен үйренгісі келетіндер көп. Оларға кеңесімді беріп жатырмын. Кейбір ауданда менен көріп, істеп жатқандар бар.

4130a3608a12be1d921c188524b5ec3
Гидропоника қазаққа бұл атам заманнан таңсық емес. Бабаларымыз арнайы құрылғысыз-ақ бидайды дымқылдап өндіріп жеп, денсаулығын нығайтқан. Жай бидай дәніне қарағанда, дымқылдап өндірген өскін құрамында витаминдер көбейетін болғандықтан, ағзаға қажетті құрамды қамтамасыз етіп, анемия ауруына шалдықпаған. Ал, он сантиметр өскен жасыл балаусасын шырын етіп сығып алып ішіп тұрсаңыз, мұны жастық элексирі деуге болады. Қартаюды тежеп, теріні балғын қалыпқа түсіреді.
Қазір «Ыбырайым» шаруа қожалығы 2000 меринос асыл тұқымды қойын өсіреді. Одан бөлек асыл тұқымды 50 асыл тұқымды сиыр ұстайды. Малдың генетикалық сапасын арттыруда көп ізденіп жұмыс істеуде. Он литр сүт беретін сиыры гидропоникалық өніммен азықтандырғанда, 15 литрге дейін сүт сауылады. Ал, қой етін мраморлық сапаға жақсартады.
Гидропониканың артықшылығы неде?
Су ағынын бақылау оңай болғандықтан, өсімдіктерді күн сайын суарудың қажеті жоқ. Дымқыл қалпын ұстап отырсаңыз болды.
Тыңайтқыштардың жетіспеушілігі немесе олардың артық мөлшері проблемасы болмайды.
Топырақ зиянкестері мен ауруларының көптеген проблемалары (нематодтар, аюлар, сиаридтер, саңырауқұлақ аурулары, шірік және т.б.) жойылып, бұл пестицидтерді қолдануды жояды.
Көпжылдық өсімдіктерді трансплантациялау процесі айтарлықтай жеңілдейді – тамырларды ескі топырақтан босатудың және оларды сөзсіз жарақаттаудың қажеті жоқ.
Трансплантация үшін жаңа топырақ сатып алудың қажеті жоқ, бұл жабық өсімдіктерді өсіру құнын едәуір азайтады.
Өсімдік тек өзіне қажет элементтерді алатындықтан, ол адам денсаулығына зиянды заттарды топырақтағыдай жинамайды (ауыр металдар, улы органикалық қосылыстар, радионуклидтер, нитраттардың көп болуы және т.б.).
Небәрі жеті күннің ішінде жасыл қорек өсіріп шығаруға болады. Шіліңгір шілденің аптап ыстығы ма, әлде қытымыр қыстың қақаған аязы ма, бұл арнайы құрылғыда шөп өсіру ешқашан қиындық тудырған емес. Әдетте, шаруалар қыс уақытысында жем-шөптен қиналып қалатыны белгілі жағдай. Жыл он екі ай жем-шөптен қиналмай шығуға болады.
Тамырында пайдалы заттар өте көп болады. Протеин (28 %) сүттің майлылығын көтереді, май (5 %) құнарлылығын арттырады. Одан бөлек кальций, фосфор сияқты тірі ағзаға пайдалы өзге де заттар жеткілікті. Ең кереметі, бетокаротиндар мен «А», «К» дәруменіне дейінгі витаминдердің барлығы да жасыл қоректің құрамында кездеседі.
Егер, қондырғыларды орнатсаңыз, жер егіп, жыртып, суарып, шөп өсіріп, шауып, басыңыз ауырмайды. Бір адамның қатысуымен күніне 2 тонна шөп алуыңызға болады. Жылына 740 тоннадай өндірсеңіз, мұндай өнімді далада орып алу үшін 240 гектар жер керек. Әрине, әр шаруаға ондай жер көлемін тауып беру де мүмкін емес.
Классикалық өсіру кезінде қауіптер әлдеқайда көп. Өсімдіктер құрғақшылықтан, тіпті ыстық кезеңдерде де өлмейді, өйткені олар қоректік ерітіндіде.
Облыс әкімі болып тұрған кезде Жансейіт Түймебаев «Ыбырайым» шаруа қожалығының гидропоника кешеніні жұмысымен толықтай танысып, осы жүйені дамыту қажеттігі туралы айтыпты.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі дайындап жатқан Жеке қосымша шаруашылық жайлы» заң жобасы қоғамның қызу талқысына түсіп жатқанын жақсы білесіздер оқырман. Егер, аталмыш заң жобасы қабылданса, үйде ұстайтын мал санына шектеу қойылмақ. Бүгінгі тақырыбымыз да осы өзекті мәселеге орай жазылып отыр. Жайылымдық жерлердің көпшілігі 49 жылға жалға берілгендіктен, мал жайылымы да ең өзекті проблемаға айналған. Мал басына шектеу мәселесі де бекер көтерілмесе керек. Мәселенки, кейбір ауыл округінде жылқы бағу артып, жайылым болмағандықтан егістікке де түсіп жатыр. Сондай-ақ, қысқы мал азығын молынан дайындамағандықтан және бағасының тым қымбаттығы салдарынан малды ерте көктемнен далаға бос жібере салу да жердің құнарына кері әсерін тигізуде. Әсіресе, жылқылар жер беті қатпай тұрып, өсімдікті тамырымен қоса жұлып алып жейді. Шөптер өсіп, кейін ұрық шашпаса, жер беті тақырланып кететіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан, мал азығын дайындаудың жаңа технологиясына көшкеніміз абзал.


Дидар БЕГАЛИЕВ.