ҰСТАЗ ЕҢБЕГІ – ӨЛШЕУСІЗ

Сейсенбі, 30 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 93 рет

111нурзия

Ұстаз! Адамзат баласының осы сөзді естігенде, айтқанда жүрегіне жылулық сезімі ұялайтыны мәлім. Жас жеткіншектің бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның одан әрі ­дамуына бағыт-бағдар беру – қиын, әрі жауапты іс. Бүгінгі қоғам алдында тұрған ең жауапты міндет – тәуелсіз мемлекетіміздің уығы болып қадалатын қоғам мүшелерін, яғни, жас ұрпақты адамгершілік қасиетке тәрбиелеу, тиянақты білім беру.
Ұстаз адам жанының емі, шипагері десек артық айтқандық емес. Міне, сондай ұстаздарымыздың бірі де бірегейі, құрметті ұстаз, қадірлі де асыл ана, бүгінде зейнеткерлік жасқа жетіп отырған Нүрзия Зайнуллақызы. Ол кісінің бойындағы барлық ізгі қасиеттер, әрбір айтқан сөзі жүректі елжіретіп, толғандырмай қоймай­ды. Тынымсыз еңбегінің нәтижесінде оқушылары да, өзі де көптеген жетістіктерге ие болған. Өз пәні бойынша республикалық, облыстық семинарлар, конференцияларда баяндамалар оқып, іс-тәжірибесі білім ошақтарына таратылған. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, аудандық ақпараттық топтың белді мүшесі ретінде Елбасының, Президенттің Жолдауларын, бастамаларын халыққа насихаттауда көп еңбек етті.
Майлыбаева Нүрзия Зайнуллақызы 1961-жылы 2-желтоқсанда, бұрынғы Шымкент облысы, Келес ауданы, Абай селосында дүниеге келген. Мектепті Ташкент облысы, Ташкент ауданына қарасты Ильич атындағы №3-ші оқу орнында тәмәмдаған. 1978-жылы Абай атындағы Еңбек Қызыл Ту Орденді Қазақ педагогикалық институтының «Тарих – қоғамтану» факультетіне оқуға түсіп, 1983-жылы бітіріп шыққан. Институт қабырғасында жақсы оқығаны үшін «Абай» атындағы стипендия иегері болып, «Үздік оқығаны үшін» төсбелгісімен марапатталған. Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін, «Тіршіліктегі шырақтың сөнбес ошағы – бұл мектеп» демекші, ұстаздық жолды таңдап, 1983-жылы Шымкент облысы, Ленин (Қазығұрт) ауданына қарасты Жамбыл атындағы мектепке тарих пәнінің мұғалімі болып жұмысқа қабылданып, бүгінгі күнге дейін табанды еңбек етіп келеді.
Нүрзия апайымыздың атқарған еңбек­тері елеусіз қалған жоқ. Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасымен, бірнеше рет аудан әкімінің, облыстық білім басқармасының, аудандық білім бөлімінің, сондай-ақ, облыстық ғылыми тәжірибе орталығының «Алғыс хаты» және мақтау қағаздарымен марапатталған.
Құрметті, Нүрзия Зайнуллақызы! Еңбекке ерте араласып, ұлағатты өмір мектебінен өттіңіз. Шәкірт тәрбиелей жүріп, ұстаздығыңызды шығармашылық жұмыспен ұштастыра білдіңіз. Сізді, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында келген мерейтойыңызбен құттықтай отырып, өзіңізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, жаңа шығармашылық табыстар, отбасыңызға амандық тілейміз. Алдағы уақытта да мемлекет басшысының Жолдаулары мен мемлекеттік саясатты насихаттау шараларында қоғаммен тығыз байланыста жұмыс жасай береді деген сенімдеміз.

Ғалымжан САҒАТ,
аудандық ішкі саясат
бөлімінің бас маманы.