ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ ТҰҒЫРЛЫ, ЕЛДІГІМІЗ ҒҰМЫРЛЫ БОЛСЫН!

Жұма, 10 Желтоқсан 2021 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 422 рет

6      Өріс Көпеев

2015-жылы еліміз Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын кеңінен атап өтті. Бес ғасырдан астам уақыт бұрын Көк Орда билеушісі Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілхайыр ханға бағынудан бас тартып, Шу өзенінің бойындағы Қозыбасы атты қоныста дербес хандықтың туын көтерді. Атақты тарихшы Мұхамед Хайдар Дулатидың қалдырған нақты деректеріне сүйене отырып, тарихшы ғалымдарымыз қазақ хандығының құрылған кезі 1465 жыл болғанын белгіледі.
Сонымен, 1465-жылы тұңғыш рет қазақ хандығы атты тәуелсіз мемлекет дүниеге келіп, бүгінгі біртұтас қазақ халқының негізі қаланды.
Қазіргі азат алаш елінің түп қазығы – Көне Түрік қағанаты, Алтын Орда қазақ жұртының этникалық бірлігінің бастауында тұрған қазаққа ғана тиесілі мемлекет болса, қазақ хандығы халқымыздың есімімен көрінген, этнос ретінде түбегейлі орнықтырған тәуелсіз мемлекеттің құрылымы еді. Елбасы Н.Назарбаев: «Керей мен Жәнібек 1465-жылы алғашқы хандықты құрып, қазақ мемлекеттілігінің негізін салды. Бәлкім ол бүгінгі түсініктегі мемлекет болмаған шығар, бірақ ешқандай мемлекет дәл бүгінгі күйінде құрылмады. Басты нәрсе, сол кезде негізі қаланды және біз ата-бабамыздың салған ізінің жалғастырушысымыз» , – деп атап өтті.
Қазақ елі өзінің бірнеше мың жылдық тарихында, небір тарихи дәуірлерді, аумалы төкпелі замандарды, қиын-қыстау кезеңдерді өткергені белгілі.
«Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мыңда бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім», – деп Жұбан Молдағалиев жырлағандай, мың өліп, мың тірілген қазақ елі Ресей империясының қоластында болған кезде де, Кеңес Одағының құрамында болған уақытта да неше түрлі тар жол тайғақ кешулерден өтті. Талай дүрбелеңді бастан кешіп, азаттықты аңсаған ата-бабаларымыз жүріп өткен көне сүрлеу бүгінде Тәуелсіздіктің даңғыл жолына айналды. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл ғана болса да қазақтың мемлекетшілдігі, азаттыққа ұмтылысы дәуірлерге дастан болардай тереңге кетеді. Тәуелсіздік үшін күрес ешқашан толастаған емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Қазақстан, Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды.
Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік» деген болатын.
«Аман елдің аты шығады» демекші, егемендіктің елең-алаңында, өтпелі кезеңнің әлеуметтік-экономикалық қиындықтарынан аман және абыроймен алып шыққан Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жанкешті еңбегі және оған сенім артқан, қолдаған, мойындаған қазақстандықтардың қажырлы еңбегі Тәуелсіздігімізді тұғырлы етті. Төрт құбыламыз шегенделіп, жердің бүтіндігі, елдің тұтастығы, мемлекеттің тәуелсіздігі әлем қауымдастығы тарапынан мойындалды.
Егемендік алған уақыттан бері ел дамуындағы маңызды салалар жолға қойылып, түрлі жаңа жобалар бастау алды. Әсіресе, дарынды жастардың, жаңа есімдердің жарыққа шығуына, өнерін шыңдауына жағдай жасалды. Осы тұрғыда 2017-жылы «100 жаңа есім» жобасы қолға алынып, республикамыз бойынша білім-ғылымы толысқан, үздік маман, нағыз үлгі боларлық жастарды көпшілікке насихаттайтын айтулы жобалардың біріне айналды. Бүгінгі күні қоғамның әр саласында жетістікке жеткен жастар – егемен елдің жаңа тарихындағы өзгерістер мен жаңалықтардың куәсі іспеттес.
Тәуелсіздік жылдарындағы орын алған қырауыр өзгерістердің нәтижелерінің бірі сананың өзгеруі, жаңаша ойлайтын ұрпақтың пайда болуы. Бір сөзбен айтқанда, санамыздың тәуелсізденуі. «Отар елдің тарихы отарлаушы елдің көзқарасымен жазылады», – деген екен Д.Неру.
Тәуелсіздіктің арқасында тарихымызды таразылауға, «ақтаңдақтардан арылу», салт-дәстүрлерімізді жаңғырту, ұлттық сана қалыптастыруға қол жеткіздік. Ұлттық құндылықтарымызды (тіл, мақал-мәтел, лиро-эпостық және батырлар жыры, әдет-ғұрып, салт-санасы, менталитеті, мәдениеті, өнері тағы басқа өзгелерге ұқсамайтын қасиеттері) дәріптеудеміз.
Тәуелсіздіктің 30 жылында еліміз тұтастай өзгерді. Жаңа экономикалық даму жолына түстік. Нарық, жаңа қоғамдық қатынастар мен құндылықтар пайда болды. Көптеген қалаларымыз бен елді мекендеріміз, аудан орталықтарының атауы өзгерді. Ауданымыз 1993-жылы киелі Қазығұрт тауы атауымен аталатын болды. Қазығұрт өңірі еліміздің басқа өңірлері еңбеккерлері сияқты тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына өз үлестерін қосты. Ауданымыздың ауылшаруашылық еңбеккерлері соңғы жылдары облыста үздіктер қатарынан көрініп жүрсе, білім, медицина, мәдениет саласында да жетістіктеріміз жеткілікті. Осы жылдары халық саны 20 мыңға өсті. Қазірде аудан халқы 108 мың адамды құрап отыр. 11 миллионыншы қазақ ауданымызда дүниеге келіп, Қазығұрт ауданы атынан тіркелді. Қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайту мақсатымен атқарылған жұмыстар – сапалы ауыз су, табиғи газ, интернет желісімен қамту жұмыстары жүргізілуде. 30 жыл ішінде 45 мектеп, 12 балабақша, 1 мәдениет үйі, 2 аурухана, 37 кіші медициналық ұйымдар, 3 спорт кешені, 238,9 км жол, 4 көпір салынып, ел игілігіне берілді. Жоғарыда аталған «100 жаңа есім» жобасы бойынша 2017-жылы жерлесіміз, кәсіпкер Сырым Ертаев тізімге кіріп, жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Спорт саласында да айтарлықтай жетістіктерге жеттік. Шахматтан жерлесіміз Даулетова Гүлмира халықаралық гроссмейстер атағына ие болса, командалық көкпардан Сейдулла Асланбек әлем чемпионы, бокстан Құралбек Бұхаров әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы болса, ал Сабиров Нұрзат студенттер арасында әлем чемпионы болып, бүгінде кәсіпқой бокста жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Өсіп келе жатқан жастардың түрлі деңгейде көрсетіп жүрген нәтижелері де қуантады.
Тәуелсіздік алған 1991-жылы елде мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесі енгізіліп, әкімдіктер құрылды. Ал, 1994-жылдан мәслихаттар құрылып, жергілікті өкілді орган қалыптасты. Қол жеткізіп отырған жетістіктеріміз осы атқарушы билік пен өкілді органның ауызбіршілікте, ынтымақ пен іскерлік сарында бірлесіп жұмыс атқаруының жемісі деп ойлаймын. Ауданның тыныс-тіршілігінде өзіндік ерекше орны бар аудандық ардагерлер кеңесі мен аудандық қоғамдық кеңестің елдің ынтымағы мен татулығын қалыптастырудағы үлесі зор.
Жоғарыда аталып атқарылған жұмыстарда аудандық мәслихатқа партиялық тізіммен сайланған «Nur Otan» және «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының депутаттарының да үлесі елеулі. Сондай-ақ, «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Түркістан облысы Қазығұрт ауданы бойынша «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасында көрсетілген нақты іс-шараларды ел игілігіне асыру бағытында жұмыс жасайтын боламыз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Елдігіміз ғұмырлы болсын! Мереке құтты болсын!

Өрісбай КӨПЕЕВ,
Қазығұрт аудандық мәслихат хатшысы.