ТӘУЕЛСІЗДІККЕ 30 КАРТИНА АРНАҒАН ДАРЫН ИЕСІ

Жұма, 10 Желтоқсан 2021 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 446 рет

8

       Сиқырлы да сырлы суретшілік өнерінің нағыз маманы болу – оңай шаруа емес. Қиялға ерік беріп, ойға алған бейнені сан түрлі бояумен қағаз бетіне кескіндеп түсіру үшін адам бойында ең бірінші кезекте тумысынан біткен қабілет қасиеті, табиғи таланты болу керек. Ол болмаған жағдайда қандай өнер жолына талаптанып, қаншалықты еңбектенгенмен, нағыз маман болуға қажетті құштарлық махаббаты да шынайы болмайды, негізгі нәтиже көрсеткіші де өз деңгейіне жетпейді. Қазығұрт ауданының Атбұлақ елдімекенінде 1959-жылдың 28-мамырында дүниеге келген Құралбек Қосуақовтың бойына суретшілік өнері тумысынан табиғи дарығандай көрінеді. Ол мектеп қабырғасында жүрген бала кезінде-ақ айналасындағы табиғатты бейнелеуге қызығып, сурет салғанда жақсы нәтижелерге жетіп, ұстазы Қуанышбай Әбдешовтің ықыласына бөленіп, оның берген бағыты бойынша талмай еңбектеніп, сол уақыттағы слеттерге қатысып, байқауларда бағын сынап жүрді. Бойына біткен ерекше қабілетімен кез келген табиғат дүниесін қаз-қалпында айнытпай салып беріп, таспен безендіру жұмысында да қарсыластарынан мойыны озық шығып, үнемі жүлделі І орын алып, айрықша талантымен танылды.
1976-жылы «Атбұлақ» орта мектебін бітірген Құралбек Арынұлы Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесіне (қазіргі өнер және дизайн колледжі) оқуға түсіп, сурет және сызу пәндерінің мұғалімі мамандығын алып шыққан. Еңбек жолын 1980-жылы Рабат елдімекеніндегі Қарақозы Әбдалиев атындағы орта мектебінде мамандығы бойынша мұғалім болып бастады.
1988-жылдан ұстаздары Нұрлан Шилібаев, Амангелді Тұрсынов және Молдағұл Нарымбетовтің ықпал әсерімен шығармашылық жолына түсіп, бейнелеу өнерінің бір саласы – кескіндемеге мойын бұрды. Содан бері кәсіби қабілетін шыңдаған суретшінің еліміздің бейнелеу өнеріне сіңірген еңбегі де елеулі. 2015-жылы ҚР Суретшілер одағына мүше болып қабылданса, 2018-жылы Түркістан облысы бойынша «Жылдың үздік суретшісі» аталымының иегері болды.
         Сонымен бірге, оның бір ерекшелігі, мүсіндеме өнеріне де қызығып, оның қыр-сырын өз ізденісімен толықтай меңгеріп, аудан, қала, облыс, республика көлемінде бюст ескерткіштер мен монументтер жасады. Оның қолынан қазақ халқының бұрынғы батырларынан Алпамыс батыр ескерткіші 2013-жылы Шымкент қаласында және 2014-жылы Жетісай қаласында, «Алатау батыр» 2015-жылы Түркістан қаласында, билерінен «Қазыбек би» 2017-жылы Сарыағаш қаласында, сондай-ақ, «Қазақ ханы» Астана қаласында сомдалды. Туған жері Қазығұрт ауданында мүсінші ретінде жасаған туындылары қатарына Кеңес Одағы батырлары Сабыр Рақымов, Қарақозы Әбдалиев, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы, ғалымдар Пат­шайым Тәжібаева мен Құлмат Өмірәлиев бюст ескерткіштері мен ауданның 90 жылдық мерейтойына орай 2018-жылы бой көтерген «Қазығұрт» монументін атауға болады. Сонымен бірге, Шымкент қаласында мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың, Төлеби ауданының Қарақия ауылында техника ғылымдарының докторы, профессор Ләшкер Тәжібаевтың мүсіндерін жасады.

9         қ 4
      Қ.Арынұлы облыстық, республикалық көрмелермен бірге, халықаралық көрмелерге де қатысып жүр. 2019-жылы желтоқсан айында өз туындыларымен Кипр елінің шығармашылық орталығында өткен халықаралық көрмеге қатысып, сол елде жүріп, тағы да 28 картинаны майлы бояумен кескіндеп салды. Сөйтіп, 2020-жылы қаңтар айында жеке шығармашылық көрмесін өткізді. Содан Кипр Суретшілер одағына мүше болып қабылданып, сол елдегі ерекше сыйлық – күміс кілттің иегері болды.
          Ол 2020-жылы Қазақстан Көркем академиясының Түркістан ұйымына мүше болып қабылданды және «Түркістан облысына сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен марапатталды.
Ағымдағы жылы Қазығұрт аудандық мәдениет сара­йында Қ.Қосуақовтың ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы құрметіне «Туған жерім – тұғырым» атты жеке шығармашылық көрмесі ашылды. Көрмеде орын алған отыз картинаның қайсыбірін алсақ та, «Қазығұрт – тіршіліктің бастауы», «Қырық қыз», «Ғаламның тазаруы» тәрізді триптих, «Бақыт құсы», «Шаттық», «Дүбір» секілді жеке шығармалар, кәсіпкерлер Сағидулла Батырбай (қазір марқұм) мен Шойбек Жолдасов бейнеленген қос портрет, әрбірінің шертер өзіндік сыры бар. Мәселен, кескіндемешінің уақыт тынысын берген ең басты еңбектерінің бірі – әлемді жайлаған індетке байланысты бейнеленген «COVID-19» триптих туындысы болып саналады. Композициясы жағынан «Ғаламның індетке шалынуы», «Індет белгісі» және жаңа өмірдің туылғанын көрсететін «Ғаламның тазаруы» деген үш картинаны біріктіреді. «Қазығұрт – тіршіліктің бастауы» триптих туындысы – композициясы жағынан «Сұңқарлар ұя салғанда», «Кеме қалған», «Қырандар мекені» секілді үш картинаны біріктіріп, негізгі мазмұны ортаңғы картинада айшықтала ашылып, топан судан кейін Нұх пайғамбар кемесінің қалған орнында тіршілік қайта басталып, адамзат баласы мен жан иелерінің өсіп-өркендеуін шебер бейнелеуімен ерекшеленеді.
Биылғы Тәуелсіздік мерейтойына 30 картина арнаған айрықша дарын иесінің жиынына аудан әкімінің орынбасары Тайбек Қалымбетов, ҚР Суретшілер одағының Түркістан облысы филиалының төрағасы Нұрлан Шилібаев, Қазақстан Көркем академиясының Түркістан ұйымының төрағасы Құттыбек Жақып, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, мәдениет қайраткері Мәжит Байтенов және Сарыағаш ауданынан жеке кәсіпкер Еркін Нәлібаев қатысып, кескіндемеші еңбектерін бағалап, жоғары дәрежеде бейнеленгенін айтып, жылы лебіздерін білдірді.
Н.Шилібаев кескіндемеші, мүсінші Қ.Қосуақовтың шығармашылық жолын таныстыра келіп, еңбектерінің өзіндік мәніне тоқталды. Ол: «Құралбек Арынұлы 1988-2021 жылдар аралығында кескіндеген «Қазығұрт бөктерінде І», «Қазығұрт бөктерінде ІІ», «Күз», «Сағым», «Бозторғай», «Ұлы Жібек жолы» туындыларына туған жерінің сұлу табиғатын, аң-құстарын арқау етіп, нанымды, айшықты бейнелеген. Композициялық құрылымдары мен шешімдері, бейнелеу үрдісі өзіне тән, бояуы қанық. Бір шығармалары табиғаттың, ғаламның тылсым құпия сырларына жетелейді, ол туындылары «Қырық қыз», «Ғаламның тазаруы» деп аталады. Шығармашылық иесінің кескіндеме мен мүсіндеме өнері бойынша көптеген жылдар бойы маңдай терін төккен еңбектері ел игілігіне жарайтын, жастарды туған жері мен елін сүюге тәрбиелейтін, ел тарихы мен тарихи тұлғаларды білуге үйрететін, тағылымдық мәні бар құнды туындылар», – деді. Сондай-ақ, шығармашылық иесіне ҚР Суретшілер одағының «Қазақстан бейнелеу өнеріне сіңірген еңбегі үшін» төс белгісін табыстап марапаттады.
        Өмірлік жолдасы Рахия Байдүйсенова өзімен бірге Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесінде (қазіргі өнер және дизайн колледжі) бірге оқып, сурет және сызу пәндерінің мұғалімі мамандығын алған. Қ.Әбдалиев атындағы мектепте еңбек жолын бірге бастап, кейін жұбайы Рабат елдімекенінде ашылған Патшайым Тәжібаева атындағы мектепке мұғалім болып ауысып, 2016-жылы зейнеткерлікке шыққан. Екеуі бақытты отбасында төрт перзенттен 7 немере сүйіп отыр. Қ.Арынұлы өзінің шығармашылық жолында үнемі жолдасы Рахиямен ақылдасып, кеңестерін алып отырады.
Оның еңбегі бағаланып, биыл аудандық мәслихатының №17/74-VII шешімімен Қазығұрт ауданының «Құрметті азаматы» атанды.
Адам баласы қолға алған кез келген істі нағыз маман болып, атқарған уақытта негізінен құштарлық махаббатымен жанды сала беріліп еңбектенеді де, одан жақсы нәтижесін күтуге де болады. Ең бастысы – біздің бас кейіпкеріміздің бойында сол құштарлық махаббаты бар екендігі қуандырады. Сол тылсым күш әлі талай биіктерді бағындыратынына еш күмәнсіз сенім артуға болады.

Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.