ТӘУЕЛСІЗДІК – ЕҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ!

Жұма, 10 Желтоқсан 2021 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 408 рет

12          06e64040-f9be-42b6-84ca-eb5f11bd8994

        Міне, биыл қазақ елі тәңірі берген Тәуелсіздігінің, арайлы азаттығының отыз жылдығына қадам басып отыр.

       Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бағзы заманнан бері қаншама өзінің іргелі ел, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – еркіндік сүйгіштік жігерінің, асқақ рухының арқасы. Қазақ мемлекеттілігінің түпкі негізі сонау сақтардан басталып, ғұн, қаңлы, қыпшақ, Ақ орда мен Қазақ хандығының жалғасы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті.
Қазақ елінің еркіндігі, тәуелсіздігі үшін тарихта ерекше орын алатын көтерілістер: Сырым Датұлы, Кенесары Қасымұлы, Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Тайманұлы бастаған және 1916-жылғы ұлт-азаттық көтерілістер болды. Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманынан бастап, қынадай қырылған 1930-1933 жылдары ел тізгінін ұстаған азаматтардан 1938-жылдарына дейінгі аралықта халқымыздың осынау кең жақан далада өмір сүруі, тарих бетінен ұлт болып жойылып кету қаупі төніп тұрған еді. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырлардан бастап, Иса, Досан, Шотан батырлар, беріректе Бауыржан, Мәншүк, Әлия сынды батырлар сол ел қорғауды ұран еткен, сол үшін құрбан болып, ел құрметіне бөленген бабаларымыздың есімдері алтын әріппен тарихта қалды.
Тәуелсіздік үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған бабалар рухынан қуат алған ызғарлы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының қасіреті де, қасиеті де жетерлік тарихына айналды. Иә, Желтоқсан оқиғасы қаншама ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр септі. Желтоқсан жаңғырығы бізге Тәуелсіздіктің таңын әкелді.
Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданған сол бір тарихи күнде, 1991-жылдың 16-желтоқсан күні жүзеге асты. Дүниеге жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан келді. Біз өзіміздің рәміздерімізбен мақтанамыз, Қазақстан Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты.
Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты. Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жеріміз, отарлық жоя алмаған тіліміз, мәдениетіміз тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталды.
Біздің тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихындағы барлық жетістіктері, қазақ халқының егеменді заманда жаңаша ерекше өрлеуі, өркендеуі, рухани-экономикалық еркіндігіміз, әлемдік қоғамдастық пен дүние жүзінің дамыған озық мемлекеттерімен тереземіз тең, дәулетті елдермен бірдей қарым-қатынас жасау жетістіктеріміздің барлығының алтын бастауы – біздің мемлекеттің Тәуелсіздігінде.
Тарих толқынында талайды бастан кешірген қазақ елі 29 жыл бұрын өз тәуелсіздігін алған тұста дұрыс таңдау жасағандығын бүгінгі таңда уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Тәуелсіздігіміздің алғашқы таңынан бастап қазіргі кезеңіне дейінгі оңды өзгерістер Елбасымыздың тікелей бастамасымен болып жатқаны аян. Бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық жағдайында Қазақстан жылдам қарқынмен әлемдегі алдыңғы қатарлы жетекші елдердің қатарына қосылып келеді.
Бүгінде Қазақстан – әлемдік қоғамдастықтағы жауапты да құрметті әріптесі, Орталық Азияның шешуші елі.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында ұлы мақсаттарға жетелейтін – «Мәңгілік Ел» идеясын ұсынды. Барша қазақстандық бұл идеяны үлкен қуанышпен қабылдады.
      «Мәңгілік Ел» сөзі біздің тамыры тереңде жатқан түп тарихымыздан белгілі. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Түркі жұртының мұраты – Мәңгілік ел» деп өсиет қалдырған. Елбасымыз Тоныкөк бабамыздың өсиетін тілге тиек ете келіп: «Мәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық Патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы. Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де Мәңгілік Ел деген құдіретті ұғымға сыйып тұр»,– деген болатын. Ұшар басында алып самұрығы қанат қаққан «Қазақ елі» монументі – бабаларымыздың «Мәңгілік Ел орнату» идеясына қойылған ескерткіш белгі. Халқымыздың өткені мен болашағын жалғап тұрған, оның мәңгілік мұраты мен асыл арманы бейнеленген бұл алаң – еліміздің басты алаңы. Болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мұраттарға жетелейтін «Мәңгілік Ел» идеясының ұғымын, оның мазмұнын, мәңгілік мұраттарға қол жеткізудің құндылықтарын насихаттау, жас ұрпақтың санасына сіңіру – қазақ қоғамы үшін аса көкейтесті мәселелердің бірі.
Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарға қол жеткізді.
    Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да, біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы.

А.МАҚСҰТОВА,
"Санаторий типтес №11
арнаулы мектеп-интернаты"
КММ-нің тәрбиешісі.