ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ЕЛБАСЫ

Жұма, 10 Желтоқсан 2021 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 384 рет

     60cc296ec7442 - копия

    Кеңес Одағы тарағаннан кейін оның орнында пайда болған мемлекеттердің барлығы ортақ дағдарысты бас­ынан кешірді. Қалыптасқан орталықтандырылған жүйе ыдырады, зауыт-фабрикалар күйреді, балабақшалар мен мектептер, спорт ғимараттары мен мәдениет орталықтары жабылды. Экономика күрделі жағдайға тап болып, халық күйзеліске ұшырады. Осы кезеңде елдікті, егемендікті сақтап қалуды, алды­мен соны иеленуді, татулықты, бірлікті тегеурінді тірек ету – Отандық, мемлекеттік биік дәрежеде ұстап тұру Елбасы үшін сын болғаны баршаға мәлім. ­Елбасы Н.Назарбаев қиындыққа мойымады. Өзінің табиғи дарындылығы мен көрегенділігінің арқасында бар күш-жігерін жас мемлекеттің еңсесін көтеруге, даму көшін түзетуге бағыттады. Еліміз бағытын түзеді, бірлігін, ынтымағын арттырды, абыройын көтерді. «Қазақстан» атты алып кемені шайқалтпай басқарып, оны әлем төсімен нұрлы болашаққа, кемел келешекке, жарқын көкжиекке жетелеген Елбасы мен Тәуелсіздік егіз ұғымға айналды. Елбасының: «Енді біздің ел атқа қонды: дүйім дүниенің қандай дүбірлі додасына тайсалмай түсіп, кім-кіммен де жалтақсыз жарысатын болады» деген сөзіне сәйкес байтақ ел, күн сәулетті Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түскелі міне, 30 жыл болды. Өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқының ауызбірлігімен аты шықты.

      Тағдыр әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдерін қазақтың дархан даласына қоныс тепкізді. Аузын ашса жүрегі көрінетін кең пейілді қазақ халқының ыстық мейірімінің арқасында тағдыр тәлкегіне ұшыраған көптеген өзге ұлт өкілдері ұрпағын, қасиетті шаңырағын сақтап қалды. «Үдеудің сыры – бірлікте, жүдеудің сыры – алауыздықта» деп бекерге айтылмаса керек. Бірлігі жарасқан елдің босағасына береке ұялайтыны бесенеден белгілі. Елбасы Қазақстан халқын «...жұмған жұдырықтай бірліктің арқасында алмайтын асу, жеңбейтін кедергі болмайтынына» сендіріп, еліміздегі сан түрлі этнос өкілдерін қоғамдық ұйысуға, жарасты ынтымаққа бастады. Елбасы алғаш Ассамблеяны құру туралы Жарлыққа қол қойған күннен бастап, аталған ұйым Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің бел ортасынан көрінді. Маңызды мемлекеттік шешімдер мен Елбасы бас­тамаларына қолдау көрсетіп, мемлекеттік мүдденің жүзеге асуын қамтамасыз етті.

       Отыз жылдық мерзім ішінде елімізде кең көлемді мемлекеттік түбегейлі өзгерістер орын алды. Жаңа мемлекеттік жүйе қалыптасты. Қуатты қарулы күштер пайда болды. Ұлы державалармен шекарамыз бекітілді. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Дүниежүзінде бірін­ші болып атомнан бас тарту, Арқа төсінде айшықты жаңа елорда салу, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету, ғаламда басы бірікпей келе жатқан әртүрлі дін өкілдерінің басқосуын ұйымдастыру, қысқы Азия ойындарын өткізу сынды белестер бүгінде елімізді әлемге танытты. Бұлардың бәрі – ең алдымен Елбасының көреген саясатының арқасы.
      Өркениетті, көшбасшы елге айналу, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру мақсатындағы іс-қимылды әр азамат өзінен бастауы қажет. Егер, әрбір азамат мүддесі мемлекет мүддесімен ұштасып, ел бірлігін нығайту жолында аянбай еңбек етсе, Қазақстанның алмайтын асуы, бағындырмас биігі болмайтынына сенімдімін.

Гүлжазира ЕСІМБАЙ,
Д.А.Қонаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.