ЕЛМЕН БІРГЕ ЕСЕЙГЕН АЗАМАТТАР!

Жұма, 10 Желтоқсан 2021 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 132 рет

 

Нұрлан ЕРНАЗАРОВ: «ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҚҰРДАСЫ ЕКЕНІМДІ МАҚТАНЫШПЕН АЙТА АЛАМЫН»

3a12a04a-b953-4e77-a8d0-123af760e614
      Ел болып егемендігімізді алып, еңсемізді тіктегелі биыл отыз жыл! Халқымыз бейбіт заманда тәуелсіздік бесігінде тербелгелі отыз жыл! Осынау ел басына сын туған шақта дүниеге келген, тәуелсіздік құрдастары бүгінде орда бұзар жасқа толып отыр. Туған елдің, туған жердің өніп-өсіп көркеюіне атсалысып келе жатқан ұл-қыздарымыз ұлтымыздың мақтанышына айналып отыр. Олар – Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Еркін елде өскен ұландар бой түзеп, жарқын болашаққа нық қадаммен қараған. Бірі – мемлекеттік қызметте, екіншісі – заң саласында, кейбірі спортта, ендігісі қоғам игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүр.
       Елдегі саяси тұрақтылықтың, эконо­ми­калық өрлеудің және Қазақстан халықтары арасындағы ауызбірлік пен достықтың арқасында біздің заман­дас­тарымыз өздері аңсаған армандарына қол жеткізуде. Ол үшін елімізде барлық мүмкіндіктер жасалған. Мереке қарсаңында Тәуелсіздік құр­дастарымен тілдескен болатынбыз. Тәуелсіздік қарлығаштарымен танысып, олардың ой-пікіріне құлақ астық. Ауданымыздың қаржы саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан Ерназаров Нұрлан Әбдімәжитұлы бүгінде аудандық экономика және қаржы бөлімінде бас маман-сектор меңгерушісі болып қызмет етуде. «Тәуелсіздіктің құрдасы екенімді мақтанышпен айта аламын. Ата-анам да егемендіктің елең-алаңында дү­ниеге келген тұңғышта­ры­ның қуаны­шы ел тәуелсіздігімен тұспа-тұс келгенін жақсылыққа жорығандарын үнемі айтып отырады. Айналасын шуаққа, ортасын нұрға толтырып жүретін жанның бірі болсын деп атымды атам Нұрлан деп қойыпты. Еліміздегі бейбітшілік әр жүрекке тыныштық сыйлайды. Арайлап атқан әр таңымыз Әнұранмен басталып, көк байрағымыз көгімізде желбіреп, әрбір таңымызды күліп қарсы алудамыз. «Мен, 1991-жылы Шымкент облысы, Ленин ауданы, Ленин ауылында дүниеге келдім. Білімім – жоғары. Алғашқы еңбек жолымды Қазығұрт аудандық экономика және қаржы бөлімінде бас маман міндетін атқарушы болып бастадым. 2014-2017 жылдары бас маман, кейінгі жылдары сектор меңгерушісі болып еңбек етіп келемін. Отбасылымын. Жұбайым – Оразалиева Айжан екеуміз Бексұлтан, Арайлым, Раяна есімді перзенттерді өсіріп отырмыз. Әкем Ерназаров Әбдімәжит Санабайұлы мен анам Ерназаров Замира Жақсылыққызы екі ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Бәрімізге жақсы тәрбие берді деп айта аламын. Үнемі өнегелі өсиеттерін айтып, ешкімнің ала жібін аттамай адал еңбек етуді, әрдайым үлкендердің батасын алуды айтып отырады. Өзімнің тәуелсіздік құрдасы екенімді бала кезімізден сезініп өстік. Себебі, мектеп қабырғасында жүргенде ұстаздарымыздан «Сендер, тәуелсіздіктің төл құрдасысыңдар. Келешек сендердікі, еліміз, жұртымыз сіздердің болашақтарыңыздан үміт күтеді. Еліміздің басшысы Н.Назарбаев болашағымыздың тірегі – жастар», – деп сенім артып отыр. Бар күш-жігерімізді білім алуға қажетті дүние жасауға әрекет етуіміз керек», – деп айтып жігерімізге күш, қиялымызға қанат бітіріп ақыл-кеңестерін аямайтын. Тәуелсіздік перзенті ретінде мен оның мағынасы мен маңызын түсінуге тырысамын. Тәуелсіздікті ата-бабаларымыз қаншама ғасырлар бойы армандап, аңсап өткенін, осы жолда қаншама Алаш азаматтары басын бәйгеге тіккені санамызда сайрап тұруы керек деп ойлаймын. Бүгінде тәуелсіздіктің 30 белесіне көтеріліп отырған Қазақ­станның әлем алдындағы биік беделі мен абыройы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың есімімен тығыз байланысты екені сөзсіз. Сондықтан біз тәуелсіздік құрдастары ел ертеңі үшін, Қазақстан тәуелсіздігінің тұғыры берік болуы жолында қайтарымды еңбек етуге дайын маман болып шығуға талаптануымыз керек. Бұл жалаң сөз, бос ұран емес. Бұл бүгін өмір жолын бастаған әр жастың көкейінде жүрер асыл арманы, адал махаббаты болуы керек. Бойымызға Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді сіңіре отырып, тәуелсіздіктің мәртебесін көтеретін тың істерге атсалысу ғана біздің өміріміздің мәні болуы қажет. Егемендіктің жасампаз көріністері қоғамдық өміріміздің қай саласында да өзіндік айшығымен айқын аңғарылуда. Міне, осы жасампаздық жолды жалғастыруға біздер дайынбыз ба деген сауал әрбір жасты толғандыруы тиіс», – дейді Нұрлан Ерназаров.

Тасболат МҰСАЕВ: «ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҚҰРДАСЫ БОЛУ ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ ЖҮКТЕЙДІ»

48ce428f-a38e-473f-b75c-6fd41993076cТәуелсіздіктің төл перзенті – Мұсаев Тасболат Алмасханұлы. Бүгінде Қазығұрт аудандық сотының бас маманы. Білімі – жоғары. «Сот саласында еңбек ету бала күнгі арманым болатын. Сол арманымның арқасында мақсатыма қол жеткізіп, өзім қалаған салада еңбек етіп келе жатқанымды мақтаныш етемін. Тәуелсіздіктің құрдасы болу абыроймен қатар үлкен жауапкершілікті жүктейді», – дейді ол. Тасболат Алмасханұлы 1991-жылы Қазығұрт ауданы, Қызылқия ауылында дүниеге келген. «Комсомол» жалпы орта мектебінде білім алыпты. 2009-2013 жылдар аралығында Астана қаласындағы «Тұран-Астана» университетінің «Заң» факультетін аяқтаған.
2013-жылы Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық сотында қоғамдық жастар практикасымен, 2014-жылы Астана қаласы, Есіл аудандық сотында іс жүргізуші болып қызмет атқарды.Сондай-ақ, Астана қаласы, Есіл аудандық сотының ішкі қауіпсіздік және соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімінің сот приставы болып жұмыс істейді. 2014-жылдың желтоқсан айынан бастап Қазығұрт аудандық сотының бас маманы болып елге еңбек етуде. Отбасылы. Алихан және Расул есімді екі ұлы бар.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік» деп дәл тауып айтқан дерсің. Расында еліміздің егемендік алып, тәуелсіздік таңының арайлап атуына сүбелі үлес қосқан тұлғаның бірі әрі бірегейі, ол – Елбасы. Тәуелсіздігімізді теңселтпей, егемендігімізді еңкейтпей, азаттығымызды аласартпай ел басқарды. Біртұтас ұлт ретінде ортақ құндылықтарымыз қалыптасты. Баршаға ортақ тең мүмкіндіктерге жол ашылды. Мұның бәрі – Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктеріміз. Тәуелсіздік – ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Өз басым мемлекетіміздің тәуелсіздігі – халқымыздың бақыты деп санаймын. Еліміздің тәуелсіздік алғанына биыл отыз жыл. Тәуелсіздік ғасырлар бойы ата-бабамыздың арманы еді. Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында, қазір төрткүл дүниеге аты белгілі ел болып отыр. Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр жеріміз, отарлық саясат жоя алмаған тіліміз, мәдениетіміз тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталды. Біз тәуелсіздікке қандай қиындықпен жеткенімізді ешқашан жадымыздан шығармауымыз керек. Тәуелсіздіктің төл құрдасы ретінде, еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек етіп, сонымен бірге өсіріп отырған перзенттерімізді ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеуіміз керек. Осы орайда Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы тұғырлы болсын. Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін деп тілеймін! – дейді тәуелсіздіктің төл құрдасы.

Өмірсерік ЕСБОТАЕВ: «ТУҒАН ЕЛГЕ ТІК ТҰРЫП ҚЫЗМЕТ ЕТУІМІЗ КЕРЕК»

144abad4-8388-48e7-86a6-c4778e4f71a7

      Әрбір саланың өз қызығы мен қиыншылығы болады. Мемлекеттік қызметке орналасу, ең алдымен, жүрек қалауы, одан соң сана-сезімінің ұштасуының көрінісі болуы керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Біз, халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды қолға алдық. Бұған дейін айтқанымдай, бұл – мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап қатуы тиіс деген сөз емес. Бұл, ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог» деп атап өткен болатын. Халық пен билік арасында қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Өмірсерік Есботаев та тәуелсіздік құрдасы. Бүгінде жасы 30-да. Жас мемлекетімізбен бірге өсіп келе жатқан тәуелсіздік құрдасы. «Біздің салада қызмет еткен әрбір жан, халықпен тығыз байланыста болған соң, үлкен жауапкершілікті арқалайды. Түрлі мәселелермен әр түрлі жандардың талап-тілектеріне байыппен жауап беріп, барынша түсіндіріп, жүзеге асыру біздің басты міндетіміз. Менің бұл қызметте жүргеніме он жылға жуық уақыт болыпты. Сол себепті, халықпен жұмыс жасау оңай емес екенін де жақсы түсінемін. Әр адам өзіне мақсат қоя білуі қажет. Сол мақсат жолында тынбай еңбек етсе, оның кез-келген межені бағындырары сөзсіз», – дейді ол.
Ол 1991-жылы Жаңабазар ауылында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын Жаңабазар ауыл округі әкімі аппараты жетекші маманының міндетін атқарушы, кейінгі жылдары жетекші маман, бас маман-іс басқарушысы болып қызметте сатылап өсіп келе жатыр. Жұбайы Садырбаева Әйгерім екеуі Жансерік, Айша, Айтөре есімді ұл-қыз өсіріп отыр.
«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтпақшы, тәуелсіздікке қол жеткізу қиын, ал оны баянды ету одан да қиын. Расында, қазіргі заман боймен емес, оймен таласатын заман болып отыр. Біліміңді арттырмасаң, өз-өзіңді дамытуды бір сәтке тоқтатсаң, заман ағымынан қалып кетуің мүмкін. Даму жолында тынбай еңбек етпесең, сенің бүгінгі заманның талабына сай болуың екіталай. Сондықтан өткенді құрметтеп, келешекті бағдарлай, қазіргі сәттің әр минутын тиімді пайдалану керек. Дүние есігін ашқалы, еркіндіктің ауасымен тыныстап, егеменді елде уайымсыз ғұмыр кешіп жүрген ұрпақтың өкілі екендігіме мың тәубе. Кешегі ұрыс-соғыстарда жері үшін, халқы үшін қан төккен ата-бабаларымыздың аңсағаны да осы емес пе?! Басымыздағы осы бақты келешек ұрпаққа аманат ету Мағжан сенген жастар – біздің қолымызда. Сондықтан да, «Елім маған не береді деп емес, мен еліме қандай пайда келтіре аламын» деген ұранды ұстанып, жұмылсақ, біз алмайтын қамал, біз бағындырмаған белес қалмасы сөзсіз», – дейді Ө.Есботаев.

Нұрсұлтан ТӨРЕҚҰЛОВ: «ЕЛІМІЗ ҮШІН ЕҢБЕК ЕТІП, ХАЛҚЫМЫЗ ҮШІН ҚЫЗМЕТ ЕТУІМІЗ КЕРЕК»

9d100f92-2001-445e-8b03-b2fdb9f8074b

        Ширек ғасырда еліміз ­аяғынан нық тұрып, бү­кіл әлемге таныла біл­ді. Әсіресе, осы арал­ықта мемлекетті қалып­тастыру және барлық ­саланы даму бойынша а­уқымды жұмыстар жүргі­зілді. Бүгінгі ­эконо­­­м­икасы қарыштап дамыға­н Тәуелсіз Қазақстан ­соның айқын дәлелі. С­ол себепті, ҚР Тұңғыш Президентімізд­ің есімі де халық ара­сында жылы айтылып, ы­стық ықыласқа, лайықт­ы құрметке бөленіп жү­р. Әсіресе, 1991-жылд­ан былай қарай Нұрсұл­тан есімді ұлдарымызд­ың көбеюі осы сөзіміз­ге дәлел бола алады. Біздің ауданымызда да Н­ұрсұлтандардың саны а­з емес. Бірақ та, сол­ тәуелсіздік жылдары ­дүниеге келген Нұрсұлтандар санаулы ғана. Өз қызметіне адал, бар ықыласымен жұмысына жауапкершілікпен қарайтын Төреқұлов Нұрсұлтан Белжанұлы – Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің кадр саясаты тобының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты болып қызмет атқарады. Білімі жоғары. Алғашқы еңбек жолын Қазығұрт аудандық ішкі істер бөлімінің ақпараттық аналитикалық тобының технигі болып бастады. «Тәуелсіздіктің құрдасы болғандықтан, есімім Нұрсұлтан болғандықтан өзімнің жақсы қасиеттеріммен үлгі болғым келеді. Тәуелсіздікке жету жолы қаншалықты ауыр болса, тәуелсіздік­пен тыныстаудың баяндылығы да соншалықты жауапты екені анық. Жас ұрпақ тәуелсіздіктің тағылымын танып, қастерлеп, құрметтеп отыруы керек деп түсінемін. Сондықтан, бәріміз еліміз үшін еңбектенуіміз, халқымыз үшін қызмет істеуіміз керек. Тұғырлы еліміздің тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Ел еңсесін тіктеген отыз жылдағы жетістіктер мен даму жолындағы жаңа бастамалар жалғасын тауып, байрағымыз биіктей берсін! Егемендікке қалай жеткеніміз, ешкімге тәуелді болмай, өз алдымызға қалай мемлекет болғанымыз белгілі. Ата-бабамыздың ерен еңбегі бізге бейбіт өмір сыйлады. Осылайша біз тыныш өмір сүріп келеміз. Мемлекетіміз өркендеді, кеңейді.  Бұл мерекеде кімнің болса да жылы тілегі бары анық. Тәуелсіз еліміздің арманы айқын, қадамы нық жастары көп болсын!” – деп сөзін түйіндеді Нұрсұлтан.
         Нұрсұлтан үш баланың әкесі. Отбасының ұйытқысы бола білген азамат қызметте де беделді. Мұны оның әріптестері растап отыр. Әсіресе, тәуелсіздікпен құрдас болуы оған қосымша жауапкершілік жүктейді.

Әңгімелескен: Ғазиза ТІЛЕУБЕРГЕНҚЫЗЫ.