СӨЗГЕ ШЕШЕН, ЕЛДІҢ ТӨБЕ БИІ ЕДІ

Жұма, 24 Желтоқсан 2021 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 78 рет

175a4ae1-c520-4053-be14-c5ad4e737edeСөз – адам жанының айнасы, оның бойындағы қасиеті мен дүние танымы қай деңгейде екенін айшықтап көрсететін ғажайып бір әлем. Қазақ халқы сонау ежелгі заманнан бері сөздің құдіретін түсінген. Сөздің қадірін білген, турашылдық пен әділдікті сүйген, орнымен айтылған жүйелі сөзге тоқтаған. Ата-бабаларымыздың ұлылық қасиетінің бірі де осы. Сөзіне қарап адамға әділ бағасын берген. Ел арасында сөзінен ешқандай ақау олқылық шықпай, бойына біткен шешендік қасиетімен, орнымен жүйелі сөйлеген адамның қадір-қасиеті артып отырған. Түбі бір түркі елінен өрбіп шыққан бауырлас қазақ-өзбек халқы қатар қоныс еткен Тұрбат ауылы округінде ғана емес, аудан мен облыс көлемінде өзінің әділдігімен, турашылдығымен, шешендігімен аты шығып, жалпақ жұртқа беделді, абыройлы, өте сыйлы болған қариялардың бірі – Әбдіжаппар Зайыров еді. Марқұм ата жайында айтылып жүрген әңгімелер мен дерек мағлұматтар мазмұнына қарағанда, оның соншалықты айрықша абыройлы болуының бір сыры – Әбекеңнің бұрынғы билердей өзінің озық ойлылығымен, асқан алғырлығымен, ақыл-парасатымен, даналық қасиетімен бірнеше даулы мәселеге кесім айтып, төрелік беріп, сыншыл көпшіліктің көңілін тапқыр сөзімен толтырып, әділ шешіп беруінде жатқан секілденеді. Осы жағынан келгенде, Әбдіжаппар атамыз – шын мәніндегі қазақ билерінің сарқытындай, нағыз асылдың сынығындай болып көрінеді.
Әбекең туралы сөз еткенде, ең бірінші кезекте оның бабасы Нұршадан бергі шежіре мәліметіне назар аударуға тура келеді. Нұрша бабадан – Асан өрбіп шыққан. Асан баба мен Салтанат әжеден бес бала – Әбдіғаппар, Зайыр, Мәулімбай, Сәулімбай, Үкібай. Әбдіғаппар мен Зайырдан ғана үрім ұрпақ бар. Кейінгі үшеуі бала кезінде шетінеп кеткен. Салтанат әженің әкесі Жангелді әрі би, әрі шабандоз болған. Әбдіжаппар атамыздың бойындағы биге тән жақсы қасиеттердің бірі – шешендік өнерінің орын алуы мен сөз құдіретінің даруының өзі сол түпкі нағашы атасы Жангелдіден келгенге ұқсайды. Әбдіғаппар атадан – Байдулла, Убайдулла, Тойлыбай. Зайыр ата мен Саламат анадан – Әбдіжаппар. Саламат ананың әкесі Назар – Шарбұлақтан шыққан әрі білімдар ғұлама молда, әрі Ақжар болысында он үш жыл болыс болған Көбей Тоқболатұлының бел баласы еді.
Әбдіжаппар Зайыров 1927-жылы 14-ақпанда Қаратас (Қазығұрт) ауданы, Ақпарақ (Тұрбат) ауылдық кеңесінің «Ортасу» (Өндіріс) елдімекенінде дүниеге келген. 1935-жылы «Қызыл Октябрь» колхозында (осы күнгі Алтынтөбе ауылы округінің Аққұм елдімекенінің басында) ашылған жетіжылдық мектепке барады. 1937-жылы 15-қарашада әкесі Зайыр Асанов жазықсыз «халық жауы» атанып, Шымкент қаласындағы абақтыға қамалады. Содан Сібірге жер аударылып кетеді. Анасы Саламатпен он жасында қалған жалғыз ұл ерте есейіп, мезгілінен бұрын ер жетеді. Әжесі Салтанат пен ағасы Әбдіғаппардың тәлім-тәрбиесін алып, жастайынан өте зерек, еңбекқор болып өседі. 1941-жылы соғыс басталғанда оқуын тоқтатып, «Өндіріс» колхозында еңбекке ерте араласып, таңның атысынан күн батқанша соқа айдау, жер жырту, мал бағу, шөп жинау, бидай ору, масақ теру тәрізді әр түрлі ауыл шаруашылық жұмыстарын атқарады.
Қызылдихандық Исмайыл Мырзабаевтың берген анықтамасына қарағанда, Әбекеңнің өзі: «Соғыс кезінде он сегізге толмағанмын. Әскерге шақырылмағанмын. Бірақ колхозда жұмыс істеп жүргенмін. Сонда ауданға жаяу барып, көшедегі радио­дан майдандағы хабарларды, соғыс жағдайларын баяндап айтқанын естіп, соны біліп алып, ауылдағы халыққа жеткізер едік», – деп айтатын екен.
Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан соң, Ә.Зайыров мектептегі оқуын жалғастырып орталау білім алады. Әбдіғаппар баласы Тойлыбайдың айтуынша, алғаш Әбекең Түркістан қаласында бір жылдық ауыл шаруашылығы курсында оқып, агроном мамандығын иеленеді. Сөйтіп, біраз уақыт «Қызылдихан» колхозында есепші (счетчик) болып, басқа да жұмысына араласады. 1948-жылы қараша айының соңында шарбұлақтық Нәзігүл Тұрсынқұлқызына үйленеді.
1952-жылы Шымкент қаласындағы ауыл шаруашылық техникумына түсіп, 1955-жылы колхоз басшыларын дайындайтын бөлімін тәмамдайды. Төле Ағабековтың берген мәліметінше, 1957-жылға дейін «Қызылдихан» колхозының төрағасы Ахмеджан Турсунметовтің орынбасары болады.
1957-жылы «Қызыләскер» және «Қызылдихан» колхоздары қосылып, Әлішер Науайы атындағы колхоз құрылады.
Өндіріс елдімекенінің тұрғыны Төле Ағабеков бізбен әңгімесінде: «1960-жылы 16 жасымда училищеде, бір жылдық курста оқып, жүргізуші, трак­торист, комбайнер мамандығын алдым. 1961-жыл­дан колхозда «ДТ-54» шынжыр табанды тракторын айдап, механизатор болдым. Сағат таңертеңгі сағат алтыдан жұмысқа кетеміз, түнде үйге келеміз. 1965-жылдан комбайн айдадым. Әлішер Науайы атындағы колхозда екі комплексті бригада болды. №1 бригада жетекшісі Сабыр Әлтенов, №2 бригада жетекшісі Әбекең еді. Екі бригада социалистік жарысқа түседі. Қарсылас бригададан озу керек. Таганрог деген комбайн келді. Оның бір ерекшелігі, өзі жазды күні бидай оратын комбайн, қыс ауасында машина секілді техника, Шымкент, Ташкент, Шыршықтан тауар тасушы едік. Оны 13 жыл айдадым. Әбекеңмен біздің бригаданың отарларына сол таганрогпен барып келеміз. Кешкі тамақты ішіп алған соң тағы жұмысқа шығып, түнде таудағы қораларды аралаймыз.
Әбекең өз жұмысын терең меңгерген, қабілет қасиеті өте жоғары, қалайша өнімді де еселі еңбекті жүргізудің тәсілін жақсы білетін тумысынан дарын адам болған. Кейде айтқан жұмыстарын бітіре алмай шаршап кетеміз. Кейін оған бойым үйренген соң: «Әй, көке, мынау берген тапсырмаңыз үш күндік жұмыс қой», – деп айттым. Сонда ол кісі: «Бүгінше сол жеткен жеріне дейін істей бергін», – деді. «Онда неге көп жұмыс айтасыз?» – деп сұрасам, «Анау қораға бар, мынау қораға бар, осындай жұмыстарды істе» десем, оларды түске дейін бітіреді де, бос болады. Тізіп тастасам, кешке дейін біткенінше жұмыс істеп жүреді», – деп жауап берді. Сөйтіп, келесі күнгі жұмыстарды да қосып тастайды екен. Соның арқасында оңай жұмыс істемедік. Бригадада тәлімі жерден гектарына 20-дан 35-40 центнерге дейін өнім алдық. Сабыр Әлтеновтің №1 бригадасы бізден 3-4 центнер кем алатын. Екі бригаданы қосқанда, 35 центнерге тура келуші еді.
Мұның бәрі де Әбекеңнің еңбегі. Шынын айтқанда, сол кісінің берген еңбек тәрбиесі мен тапсырма нұсқауының арқасында жоғары көрсеткіштерге жетіп, озат механизатор атандым. 1972-жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденін, 1976-жылы Ленин орденін, 1981-жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алдым», – деп Әбекеңнің елге сөзін тыңдата алатын білікті басшы болғанын баяндап айтты.

023
Ә.Зайыровтың жиені қазығұрттық Сейдулла Сеңгірбаев бізге мынандай құнды мәліметтер берді: «Әбекең Әлішер Науайы атындағы колхозда комплексті бригадир болып істеп жүрген кезінде таңертеңгі сағат бесте тұрып, жұмысқа жаяу кететінін мен талай рет көргенмін. Сауын сиырға арналған мал фермасын, қойшыларды аралайды. Жаз уақытында егістің басында жатады. Ауданда егін жинаудан бесжылдық бойынша бес дүркін жеңімпаз болады. Облыста да үздіктер қатарынан көрінеді. Атқарған жемісті еңбектері үшін 1973-жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, 1979-жылы Ленин орденімен марапатталады. Аудан мен облыс басшылары бұл кісіні Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынғанда, әкесі Зайырдың «халық жауы» атанған себебінен берілмей қалады. Тіпті оны партия қатарына да алмайды. Содан соң, өзінің шаруашылық бригадасындағы шәкірті Төле Ағабековті барынша дайындап, озат механизатор ретінде Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынады. Сөйтіп, оған берілгенде қуанған екен. Сонда нағашым: «Еңбегім әділ бағаланбаған соң, өзімде алғаш біраз реніш те пайда болды. Алайда кейін ренішім тарқады. Өзім алмағаныммен, еңбегімнің нәтижесі – Төлеге бергеніне қуандым», – деп айтатын».
Өндіріс елдімекенінің тұрғыны, 1955-жылы туған Қабыл Айдаровтың Ә.Зайыров туралы берген мәліметіне назар аударсақ, Әбекең 1969-жылдан бастап комплексті бригадир болып қызмет атқарғаны көрінеді: «Мен Әбдіжаппар Зайыров көкемді 1967-жылдан бері білемін. Әлішер Науайы атындағы колхоздың Таң елдімекенінде үлкен бауы болатын. Сол бауда Әбдіжаппар көкем бау бригадирі болып жұмыс істейді екен. Өзіміз қатары біраз балалар мен қыздар алма, өрік, алмұрт теретінбіз. Ат арбамен жұмысқа баратынбыз, оны Темірәлі ағамыз айдайтын.
Біздер 14-15 жасқа барғанда, Әбдіжаппар көкем №2 бригаданың комплекстік бригадирі болды.
Кейін Көлбастау деген жердегі қораны жөндеп, қораның үй тамын салғанбыз. Сондағы айтайын дегенім Әбдіжаппар көкемнің кім екенін бір күнде, бір жылда емес бірнеше жылдар осы кісінің қолында істеп, адамдық қасиетін, іскерлігін, ұйымдастырушылық қабілетін байқадым.
1980-жылы оқу бітіріп осы өзіміз айтқан колхозға жұмысқа келдім. Ол кезде жасым 25-тен асқан болатын. Көкем баяғы №2 комплекс бригада бригадирі болып істейтін кезі. Баяғы бала күндегі білетін Әбдіжаппар көкемнің кім екендігін одан да терең біле түстім. Шаруашылықтың экономикасына келтірген үлкен пайдасын, неше жылдар бойы социалистік жарыстың жеңімпазы болғандығын, міндетіне кіретін мал шаруашылығы, егін шаруашылығы барлық салада алдыңғы қатарда еңбек еткендігін айта аламын. Өйткені, мен сол салалардың бәрінің есебін жүргізетін есепші болып істейтінмін.
Ал, халыққа келтірген пайдасы, тұрмысы нашар отбасыларға сабан, шөп, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыратын».
Сейдулла Сеңгірбаев айтады: «Менің бір есімде қалғаны, нағашым Әбекеңнің өзі аудандық партия комитетінің бірінші хатшылары шаруашылықты көп аралап келетінін, сөйтіп, жүріп жатқан жұмыстардың барысымен танысып отыратынын айтатын. Сондай аралап келетін аудан басшыларының бірі – 1967-1975 жылдары Ленин (Қазығұрт) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Қалыбек Манасов туралы сөз ететін. Ол кісі – егін шаруашылығын жетік меңгерген, қыр-сырын жақсы білетін нағыз маман екен. Бірде Манасов Әлішер Науайы колхозына келгенде нағашым: «Бір жерден шай ішейік»,– деп ұсыныс білдірсе, сонда ол: «Әбеке, біз баратын сол егіннің басында бір шай бар шығар, бұйырса, сол жерден шай ішейік», – деп жауап беріпті. Колхоздың төрағасы Ботбай Әшірбаевқа: «Сен бізге алаңдамай, өз тірлігіңді істей бергін. Сол егінді біз Әбекеңмен барып-ақ көрейік», – депті. Егіннің басына жетіп, әбден аралап, танысып көрген соң, ол кісі сол жерде отырып, егіншілерге арнап дайындаған түскі ас пен шайды рахаттанып ішіпті. Содан соң әңгімесін бастап: «Әй, Әбеке, сен мына жерден гектарына 22-25 центнерден астық беремін деп сәл кемдеу айтып отырсың-ау. Мен егіннің шығымына, түсіп жатқан комбайн бункеріңе қарасам, отызға жақын бересің ғой», – деп турасын айтыпты. Сол жайды Әбекең бізге баяндап жеткізгенде: «Сол кезде іштей таңдана ойланатын едім, «Бұл кісі мұны қайдан білді?» деп. Шынында да сонда астықты гектарына отыз центнерден беретін едік», – деп айтатын. Нағашым Манасовты солай: «Нағыз егін шаруашылығының маманы, жақсы білетін хатшы болған», – деп еске алатын.
Екінші – аудан басшыларынан Нұртаза Ысмайыловты сөз ететін. Ол кісі мал шаруашылығын жақсы білетін адам екенін көрсетіпті. Ысмайылов Бәйдібек ауданында 1964-1975 жылдары аупарткомның бірінші хатшысы болып, содан Қазығұрт ауданына келіп, 1975-1982 жылдары аупарткомның бірінші хатшысы болған. Бірде ол Әлішер Науайы колхозына келіп, Әбекеңмен бірге мал шаруашылығын аралап, танысып көріпті. Ол кезде қойды түнгі жайылымға шығару деген болады екен. Бір қойшының жайылып жатқан отарына келсе, малы пытырлатып шөп жеп жатыпты. Сонда қойшының өзінен: «Әй, мынау қойың қалай өзі, түнгі жайылымға шықты ма?» – деп сұрапты. Қойшы сәл ойланып: «Шықты ғой», – деп жауап беріпті. Ысмайылов нағашыма қарап тұрып: «Әбеке, мынау қойшы неге жалған сөйлеп, бізді алдарқатып тұр. Оған түсіндіріп айтқын. Түнгі жайылымға шыққан қой азанда пытырлатып шөп жемейді», – деген екен. Ысмайыловты: «Малдың жағдайын сондай жақсы білген», – деп айтып отыратын».
Әбдіжаппар Зайыров ұлттық ат спорты ойындарының бірі – көкпарға жас кезінен қызығып, өзі де көкпарға қатысып, бел ортасында жүрген. Бізге Әбдіжаппар атаның көкпар шапқаны туралы мәлімет беруші қызылдихандық Ахметжан Әлматұлы былай деді: «Әбдіжаппар атаның өзі ілгеріде Құлан сары деген атымен көп жыл көкпар шапты. Ол ағасы Әбдіғаппардың балалары Байдулла мен Убайдулланы және атақты көкпаршы Сейдулла Кенжеғұловты да көкпарға үйретіп, тәрбиелеген кісі. Тұрбаттан Сейдулла, Байдулла барса, олардан басқа адамға көкпар тимес еді. Алпысыншы жылдардың ортасында болу керек, Әбдіжаппар ата арнайы тігілген, көкпарға киетін етігі болмаса да көкпарға түсіп кетіп, аяғы сынып, содан тоқтап қалды. Болмаса ол кісі көкпарды жақсы шабатын еді».
Сейдулла Сеңгірбаев: «Әбекең көкпарға өте құмар кісі еді. Өзі жас кезінде көкпар шапқан. Әбдіғаппар ағасында бір ат болған екен. «Бауырым Зайырдан қалған жалғыз тұяқ Әбдіжаппарым шабады», – деп сол атты күтіп, баптап, үнемі қамқорлық жасайтын еді.

8203901b-a8a5-4fcb-baf5-c25d1202258f
Әбекеңнің мінезі сәл тіктеу, қажырлы да қайратты кісі болған. Айтып қалса, неден болса да қайтпайтын еді. Сонда ағасы Әбдіғаппар үнемі оны сыртынан қорғаштап: «Бұған қарсы келе бермеңдер. Әзірге бұл қайтпайды. Кейіннен барып қайтады. Омыртқа Қаңлы 13 жыл болыс болған Көбей Тоқболатұлының немересінен туған жиені ғой бұл», – деп айтып қоятын.
Сонда мен жас кезімнен көріп жүремін, нағашы жұртқа қашан барсам да, Әбекең ең бірінші Әбдіғаппар ағасын үнемі тамаққа шақырып, бауырмашылдығымен өте сыйлайтынын көрсетіп отыратын», – деді.
Тойлыбай Әбдіғаппарұлының берген мәліметіне қарағанда, 1964-1965 жылдары Еңбекте Құлтайбек деген кісінің берген көкпарында Әбекең Есенбек Орынбаевтың күрең қасқа атымен көкпар шапқанда аяғы сынған көрінеді. Алайда сексеннің сеңгіріне шыққанда да, тоқсанға жақындағанда да аттан түспеген, көкпардан қалмаған.
Әбекеңнің қазақпен бауырлас халық өзбек ағайындармен достасып, үлкен сыйластық білдіруі әкесі Зайыр Асановтан қалған өнеге екен. Кезінде ол кісінің Отбасар Ташевпен, Хал Момыновпен, Мырзабай Зияұлымен, Шері Ешұлымен достық қатынаста болғанын ел әлі күнге ұмытпай айтады. Қызылдихандық Исмайыл Мырзабаев былай дейді: «Әбдіжаппар аға біздің әкеміз Маусымбаймен бірге жұмыс істеген. Екеуі де 1927-жылы туылған. Әбекеңнің әкесі – Зайыр деген кісі екен. Біздің атамыздың аты – Мырзабай болған. Олар да бір-бірімен қалың араласқан тамыр болса керек. Екеуінің бір-бірімен барыс-келісі үзілмепті. Оны маған Әбдіжаппар қажы ағам айтып берген. Мырзабай мен Зайыр екеуі атқа мініп, аң мен құс аулауға тауға шығар еді дейтін».
Өндіріс елдімекенінің тұрғыны, 1934-жылы туған Рықсыбай Құлматов бізге мынандай мәлімет берді: «Әбекеңнің қолында талай жыл жұмыс істедім. Жоғары Тұрбаттағы бауға қарауыл болып жұмыс істейтінмін. Бірде Әбдіжаппар қажы ағама ағасы Әбдіғаппар Асановтың айтып түсіндіргенін естідім. «Бұл Рықсыбайдың атасы Шері Ешұлымен мен сенің әкең Зайыр бауырым егіз баладай жүрген, өте тату болған. Бір-бірімен тамыр еді. Өте сыйласатын», – деп айтқаны есімде».
1931-жылы туған қызылдихандық Ахмеджан Әлматұлы былай деді: «Хал аға, Құлахмад аға, Отбасар аға үшеуі ертеректе Жаңатірлікті билеген адамдар. Халықты біріктіріп, барлығын ұйымдастырып, колхозда жұмыс істеткен солар. Осы үшеуі нағашым Әбдіжаппар қажы ағаның әкесі Зайырмен 1937-жылы «халық жауы» атанғанға дейін тамыр болып, қалың араласқан екен. Мұны Әбекеңнің өзі айтатын. Хал аға шабандоз еді. Көкпардан қалмайтын, торы атымен баратын. Оның торы аты ертеңнен кешке дейін шабатын, еш шаршамайтын. Өте үлкен, жуан ат еді. Хал ағаның тақымына көкпар тисе, ешкім ала алмайтын. Өзі апарып салғанша бермейтін. Құлахмад аға мен Отбасар аға шабандоз емес, көкпар шаппаған. Бірақ жақсы ат мінетін еді».
Сейдулла Сеңгірбаев: «Әбекеңнің Тұрбаттағы өзбек ағайындардан достары көп болған. Қызыл­диханда Маусымбай Мырзабаев колхозда экономист, кейін бас есепші болып қызмет еткен. Сол кісімен жақсы дос болып араласқан. Орталықта Момын Каюпов деген кассир бар еді. Онымен де көп қарым-қатынаста болып, дос болып өткен. Өзбек ағалары да баршылық еді. Солардың бірі – Хал деген ақсақал болған. Сондай-ақ, Отбасар атамен де сыйластығы еш үзілмеген. Әбекең көкпарда сол кісілердің аттарының шапқанына түрткі болып отырған. Інісі Байдулла мен Сейдулла шабандозға: «Сендер осы екі атаның атын шауып жүруді ұмытпаңдар. Біздің Тұрбаттың атын шығаратын көнекөз кісілеріміз, батагөйлеріміз осылар», – деп айтып, қазақ пен өзбектің арасындағы достықты нығайтудың бірден-бір жолын істеген. Сол кісілермен үнемі шай ішуді ұйымдастырып, оларды үйдегі жиындардың ешбірінен қалдырмаған», – деді.
Дүние тіршілігінде Әбдіжаппар атамыз өзінің артынан ізгі істер қалдыруды барынша қалаған жан. Сондай ниеттегі амалдарымен бірнеше сауапты іс жасауға қол жеткізген. Солардың бірі – Өндіріс елдімекенінде 1985-жылы адам өмірінде сауабы шексіз, екі дүниеде де үзілмейтін, халыққа пайдалы мешіт салу ісіне бас болып елді ұйымдастырған. Оны ауылда Дулат Құлбаев, Нәлібай Ертаев, Бердалы Бектұров, Әкімбай Жұмабаев, Мәлік Алипов, Сапаралы Тасболатов, Тауас Қосмұратов және тағы басқалар қолдап, барлығы бір кісідей жұмылған. Сөйтіп, іргетасынан бастап қаланып салынған үлкен мешіт халықтың пайдалануына берілген.

Әбдіжаппар Зайыров жұмыс істеген жылдары үздіксіз ауылдық кеңестің, бір мәрте аудандық кеңестің депутаты болып сайланады. 1987-жылы зейнеткерлікке шыққан соң, елдің бірлігін ойлаған, жастардың тәрбиесіне көп көңіл бөлген дуалы ауыз батагөй қариясына айналады.
Қызылдихан ауылының тұрғыны Исмайыл Мырзабаев былай дейді: «Ташкенттегі ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, 1983-жылы агроном мамандығын алып келгенімде Әбдіжаппар ағамыз 2-ші комплексті бригаданы басқаратын бригадир еді. Агроном-химик болып колхозға жұмысқа тұрдым. Әбекең өз жұмысын жақсы атқаратын. Сондай беделді, абыройлы адам еді. Бәріміз сыйлап, құрмет қылар едік.
Жұмысқа алғаш тұрған кезімде, есімде, осы күнгі мектептің арғы жағында, сол жерді кіші көтерме деп айтар еді, қазір ауыл болып кетті. Колхоз сол жерде жүгері егетін. Жүгерінің арасында су қойып, агроном-химик болып дәрілерді әкеліп жүрген едім, Әбдіжаппар ағам келіп қалды. Содан маған қарап: «Е-е, балам, былай қылып су қойылады», – деп көрсетіп, үлгі беріп, бәрін үйреткені есімде қалыпты. Білгенін жасырып қалмайтын, бар жинаған тәжірибесін үйрететін жақсы адам еді.
Осылайша агроном болып істеп жүрдім. 1987-жылы зейнеткерлікке шығатын кезінде өзінің орнын маған ұсынып: «Осы жерде істейсің», – деді. Сөйтіп, Әбекеңнен соң комплексті бригадир болып істедім».
Арада елу екі жыл өткен соң, 1989-жылы әкесі Зайыр Асанов толық ақталады. Сейдулла Сеңгірбаев айтады: «Әкесінің ақталғаны жайында Жарлық шығып, қолына тигенде Әбекең: «Ойпырмай, бұл өмірден халық жауының баласы болып өтіп кетемін бе деп ойлап едім, Аллаға шүкір, кештеу болса да ақталғаны көңіліме нұр құйды», – деп тебірене жылаған екен. Содан өзі қайтыс болғанға дейін жылда 31-мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде Тұрбаттағы Ысмайыл ата мешітінде үлкен ас беретін. Тек өзінің әкесі үшін ғана емес, Тұрбат ауылының, жалпы сол кездегі зұлматтың бүкіл жазықсыз кеткен құрбандарының әруағына арнап Құран оқытатын. Жиынға Тұрбаттың өзбек-қазағын ғана емес, аудан көлемінде қадірлі кісілерді шақырып отыратын. Ауданымыздың Төбе биі Иса Телікбаев бірнеше рет қатысып, талай үлгілі, тағылымы мол әңгімелер айтты. Солардың бәрі кейінгілерге үлкен өнеге болып қалды.
Оның үстіне, Әбекеңнің бір тәрбиелік мәні бар адамшылық қасиеті, өмірлік қосағы Нәзігүл апамыздың бауырлары Қалаубек, Балабек, Алтынбек деген үш қайнысын інілеріндей көретін. Жазушы ағамыз Қалекең Алматыдан ауылға келсе Әбекеңнің үйіне соғатын. Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановты ертіп келгенін өзім көргенмін. Тұрбаттың жоғарғы тау жағына шығып: «Мұндай табиғат еш жерде жоқ», – деп сүйсінетін. Қалекең Әбекеңді туған ағасындай көретін. Сол үйдегі Нағима жеңгеміз айтады: «Алматыға барып, үйде отырғанда біраз зиялы қауым өкілдері келіп, Әбекең жездеміздің әңгімесін тыңдаған кезде айтты дейді: «Ой, Қалеке, сізді қайдан жазушы болды десек, жездеңізден талай нәрсе үйренуге болады екен ғой. Өзі келіскен кісі екен, не деген әңгіме, аузындағы сөзінің өзі мәнді, не деген сөз», – деп таңданған жайы бар екен. Әбекең зиялы қауымды өте сыйлайтын».
Кешегі кеңес заманында қазіргі Өндіріс елдімекенінің төменгі жағындағы Қарамойында мектеп қабырғалары көтеріліп, ол сол жылдардағы тоқырау кезеңінің әсер ықпалымен сол күйінде аяқталмай тоқтап қалған-ды. Еліміз егемендікке қол жеткізсе де, мектеп құрылысының әрі қарай жүрмей отырғаны зейнеткер Әбдіжаппар Зайыровқа ой салады. Ол толғана жүріп, ақырында бір шешімге бел буады. Оның халық үшін қызмет етіп, ел-жұрт жадында мәңгі ұмытылмай қалған бір еңбегі – осы құлауға айналған «Жаңатірлік» мектебі құрылысының қайта жандануына ұйытқы болып, асарлатып бітуіне тікелей қатыстылығы еді. Бұл жөнінде Сейдулла Сеңгірбаев былай дейді: «Менің бір ырза болатыным, нағашым Әбекең мен 2000-2002 жылдары Қазығұрт ауданының әкімі болған Әли Бектаев екеуі асарлатып мектеп салуды осы өңірде тұңғыш рет қолға алған адамдар. Аудан әкімі Әлекең елдің тыныс-тіршілігімен танысып, ауыл округін арнайы аралап келген уақытта оған Әбдіжаппар қария жолығып: «Әй, Әли, біздің Өндірісте мектеп жоқ екенін өзің білесің. Еліміз енді егемендік алды. Сендердің бюджеттерінде мектеп салуға әзірше ақша жоқ шығар. Ол үшін ештеңе демеңдер. Мен осы жердегі халықты ұйымдастырайын, сен ауданды ұйымдастыр. Сөйтіп, мынау қабырғалары көтеріліп, құлауға шақ тұрған «Жаңатірлік» мектебін қайта тіктеп, асарлатып бітірейік», – деп ұсыныс білдіреді. Аудан әкімі оның ұсынысын бірден қолдап, мектеп салуға лезде кіріседі. Сонда атаның өзі: «Бала-шағама үй саламын деп жүзден астам терек егіп едім. Міне, енді мектеп салынып, жақсы игі іс оң шешімін тапқанда, тартынып қалғаным жарамас, осы мектепте ертең немерелерім мен шөберелерім оқиды ғой», – деп соның елу терегін қырқып, мектеп төбесін жабуға береді. Әкім Әлекең оның бұл ісіне риза болып: «Мектеп салуда Әбекеңнің еңбегі, сіңірген қызметі өте көп болды. Оның елу терек бергенін көргеннен кейін халықтың бәрі жұмыла кірісіп, бір кісідей ұйымдасып кетті. Біз де қарап қалмадық, тұрбаттық жігіттерден басқа, әр әкімшіліктен жұмысшылар тобын шығарып, қолдан келгенше жәрдемімізді бердік. Сөйтіп, аудан тарихында бірінші рет асарлатып мектеп салуды осы жерде бастағанбыз», – деп айтып еді. Мектеп ашылған салтанатты жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбай мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, ізгі тілектерін білдірген. Ал, Әбекең батасын берген».
Ел арасында айтылып жүрген тағы да мынандай дерек мағлұмат бар. «Жаңатірлік» мектебінің құрылысы жанданып қолға қайта алынғанда, Қазақстан Республикасының алғашқы Мемлекеттік хатшысы, әйгілі халық жазушысы Әбіш Кекілбай Тұрбатқа келеді. Сонда Әбекең елдің жайын ғана емес, жазушының шығармашылығындағы жетістіктерді де шынайы көңілмен жеткізеді. Осынау шалғай ауылдағы ақсақалдың білімділігіне, зиялылығына, көргенділігіне көңілі толған жазушы: «Не тілектеріңіз бар?» – деп сұрайды. Сонда Әбекең: «Сонау бір заманда Әмір Темір өзі сүйген адамына «Қысылғаныңда хабарласаң болды, мен иек көтеремін. Сол замат бар тірлігің сен қалағандай орындалады» депті. Сол айтқандай, Әбіш қарағым, біз мектеп бітсе деп асарлатып жатырмыз. Енді сіздің бір иек көтеруіңіз керек болып тұр», – дейді. Астарлы сөздің түпкі мәнін ұққан жазушы риза болып, сәл езу тартып, соңынан күліп жіберген екен. Көп ұзамай Әбіш Кекілбай мектепке 7,5 миллион теңгені бөлуге ықпал жасап, құрылысы аяқталып, жаңа оқу жылында пайдалануға берілген деседі. Қалай болғанда да бұл жерде Әбекеңнің алыстан ойлайтын көрегенділігі, тұспалдап сөйлейтін шеберлігі, сөзге шешендігі байқалады.
Адам өмірден өтсе де, соңынан барып тұратын сауапты амалдардың бірі – көпір мен жол салу. Пайғамбарымыздың хадистерінің бірінде: «Көпір салу – сауапты істердің ең үлкені», – делінген. 2001-жылы Алтынтөбе мен Тұрбаттың арасында, Аққұм елдімекенінің төменіндегі бұрынғы Сталин колхозының жерінде екі ауыл округін байланыстырып тұрған көпірді көктемгі су тасқыны шайып, бұзып кетеді. Көпір қажеттілігін, әсіресе, өзен-сулардың жағасындағы ел жақсы біледі. Барар жерінде алдынан ағынды су шығып, көпір болмаған соң, екі жақтағы елдің де жолы кесілгендей үзіліп қалады. Халықты бұл қиындықтан алып шыққан, жоғарыдағы хадис сөзінің мән-мағынасын жақсы түйсінген, елдің басын қосып, асарлатып көпір салып берген Әбдіжаппар Зайыров екен. Атаның бұл сауапты амалы туралы жиені Сейдулла Сеңгірбаев былайша әңгімелейді: «Жол салғанның сауабы, жолға көпір салғанның сауабы өте көп болады деген Пайғамбардың хадисінде де бар екен. Осы сөзді ойына сақтаған Әбекең Алтынтөбе мен Тұрбатты жалғайтын көпірді салдырамын деп бір ай сол өзен суының жағасында, азаннан кеш соның басында жатып, бас болып ұйымдастырып, асарлатып көпір салдырды. «Сен де бізге алыс емессің ғой», – деп маған да қолқа салды. Қолымнан келген көмегімді мен де бердім. Сондағы бір байқағаным, көпірдің кішісі болса да, оны салып бітірудің өз қиындығы болады екен. Нағашым сондай ауырлыққа мойымайтын нардай рухы мықты азамат еді».
Қазығұрт аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров Әбдіжаппар атаның көпір салдырған ісін былайша еске алады: «2001-жылы мен «Алтынтөбе» тұқым шаруашылығының директоры, Әбекеңнің ұлы марқұм Зубайдулла «Әлішер Науайы» ӨК-нің төрағасы болатын. Екі шаруашылықтың арасын байланыстырып тұрған көпірді көктемгі су тасқыны бұзып кетіп, ағайынның бір-бірімен байланысы, әсіресе, көктем айларында өте қиынға соқты. Соны біз екі басшы «көпірді олай саламыз, бұлай жөндейміз» деп жүргенде, Әбекең – аға елдің азаматтарын жинап жіберіп, асарлатып бас-аяғы 1 айға жетер-жетпес уақытта жөндеп бергені бар.
Біз екі бастық ағаға рахмет айтсақ та, ризашылығымызды білдірсек те, ол кісінің тез қимылдап көпір мәселесін шешкен ісіне ұяла қарап, мойындаудан басқа амалымыз қалмады. Бұл Әбекең – ағаның іскерлігінің, ұйымдастыру қабілетінің, ел арасындағы абыройының деңгейін көрсетіп тұрған іс болып еді».
Асанбай Асқаров облыс басшысы болып тұрған уақытта, сол кісінің бастамасымен ашылған Шымкент қаласындағы ипподромда еліміз егемендік алғаннан кейін ұлттық ойынымыз көкпардан жарыс өтіп тұрған. Сейдулла Сеңгірбаев айтады: «Шымкент қаласындағы ипподромда көкпардан өткен облыстық жарыста Қазығұрт ауданы жылда жеңімпаз болып жүреді. Бір жылы чемпион болмай қалады. Сол жерде Қазығұрт ауданында әкім болған Әбдібақыт Мақұлбаев пен Әли Бектаев жүрсе керек. Әбекең оларға: «Әй, Әли, әй, Әбдібақыт, көрдіңдер ме, бұл біздің Қазығұртқа ұят болды. Көкпаршы жігіттерде айып жоқ, аттар жарамай қалды. Сендердің үстеріңнен ешкім жазбайтын еді ғой, сендер сияқты жақсы жігіттер машина алғанша, бір-бір жақсы ат алып, баптауын келтіріп, көкпар шаптырып қойсаңдар», – депті. Ол екеуі: «Әбеке-ау, бұл айтқан әңгімеңіз дұрыс екен ғой», – деп ұялып қалыпты».
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров бұл оқиғаның 2001-жылы болғанын нұсқап былайша әңгімелейді: «Сол жылы болу керек, Шымкент қаласындағы ипподромда көкпардан облыс аудандарының арасында біріншілік өтті. Ол кезде елдің тәуелсіздік алғалы бері енді-енді жағдайы түзеле бастаған уақыт болатын.
Сол жиында көкпарға жарамды аттардың аздығы көрінді. Елдің белді азаматтары, әсіресе, ел басқарып жүрген жігіттердің ат ұстап, оны баптап көкпарға дайындауға онша бет бұра қоймаған кезі. Сол жолы ипподромда облыс көлемінде зиялы қауым өкілдері, облыс бойынша аудан, қала әкімдері, басқа да мекемелер мен ұжымдар басшылары қатысқан үлкен жиын өтті. Сол жиында Әбекең сөз алып: «Жігіттер, құдайға шүкір дейік, ел жағдайы біртіндеп түзеліп келеді. Енді халқымыздың, ата-бабаларымыздың жолын қуып, салт-дәстүрді қолға алатын кез де келді деп ойлаймын. Соның басы – осы отырған жігіттер, әсіресе, мынау тұрған аудан әкімдері, басқа да ел тізгінін ұстаған азаматтар бәріңді көкпар аттарын алып, бағып-баптауға шақырамын. Сонда елімізде ат та болады, көкпардың да сапасы көтеріледі», – деп ұран тастаған еді. Дәл сол жиыннан кейін ат сатып алып, күтіп-баптап ұстаған 7-8 жігітті білемін. Солардың біразы кейін көкпардан қалмайтын – нағыз осы ұлттық ойынымыздың жанашыры болып кетті».
1598-1645 жылдар аралығында қазақ ханы болған Еңсегей бойлы ер Есімнің уағында Бөгежіл елінен Жақсығұл мерген шыққан екен. Әбдіжаппар Зайыров осы мергеннің тікелей үрім ұрпағы болып келеді. Ғалымдармен кеңесе отырып, өзі бас болып баба туралы айтылған дерек мағлұматтар желісімен Алтынтөбе ауылы округінің Аққұм елдімекенінен батыр қабірінің орнын табады. Сол жерді қазғанда, бір метрден ұзын қылышы шығады. 2006-2007 жылдары облыс бойынша барлық бөгежілдерді жинап, басқа рудың азаматтары да бар, көптеген кәсіпкерлерді демеушілік жасауға шақырып, қазақ халқының батырына кесене салдырады. Сейдулла Сеңгірбаев: «Келесте Әлжан Әбдиев деген азамат бар еді, жақында қайтыс болып кетті. Сол жігіт Әбекеңді көбірек тыңдайтын. Азаматтық танытып, кесене салу жұмысында көбірек көмектескен де сол жігіт болды», – деді.
Ә.Зайыров 1999-жылы Мекке-Мәдинаға барып, қажылық парызын өтеп қайтады. Қажы атанады. 2002-жылы Қазығұрт ауданының «Құрметті азаматы» атағын алады. Әбдіжаппар ата мен Нәзігүл анадан Баян, Қатира, Зубайдулла, Түймебай, Қуанышбек, Сәтжан деген алты перзент дүниеге келген. Олардан қазір немерелер мен шөберелер өсіп-өніп отыр.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаровтың естелігінен қос мәлімет жоғарыда берілді. Ол кісі ата жайында тағы да былай деген: «Әбдіжаппар Зайыровты «аға» деп құрмет тұтатынбыз. Аға дегенде жалғыз менің емес, бүкіл аудан халқына аға болып өтті десем артық айтқандық болмас деп ойлаймын.
Әбекеңді өмір еркелете қоймағанын білетінбіз. Қуғын-сүргін зұлматының құрбаны болған әкесінен жастайынан жетім қалған ағамыздың бала кезінде ғана емес, есейіп ел өміріне етене араласқан кезінде де сол бір «халық жауының ұрпағы» деген атақ талай рет алдынан шыға берген. Тіпті, колхозда ол кісі басқарған егістік бригадасы рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп, үлкен мемлекеттік марапаттарға ұсынылған кездерде де кедергі болып, награда берілмеуіне басты себеп болған екен. Оған қосымша отбасында да ер азаматқа ауыр жүк болатын жағдайлар (екі бірдей ұлының мезгілсіз қайтыс болуы) орын алған.
Өмірден қанша қиындық көрсе де ағамыз ешуақытта мойымай сол ауыр жүкті нардай көтере білген. Жасы 90-нан асса да Әбекең әрдайым тың көрінетін. Жыл сайын 31-мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде Тұрбаттағы мешітте үлкен ас беріп, әке әруағына, жалпы сол зұлматтың құрбандарына арнап Құран оқытып отыратын...
Айта берсек, Әбекеңнің ел арасында айтқан сөздері, көрсеткен үлгі-өнегесі аз емес. Елдің ортасында қатардағы бригадир болып жүріп, жинаған абыройы орасан зор болатын. Бірде әңгіме үстінде: «Аға, елге абыройлы да сыйлы болу үшін азаматтың үлкен лауазымды қызмет етуі керек пе, әлде қатардағы азаматтар да үлкен абырой құрметке ие бола ала ма?» – деген сұрақ туындап қалды. Сонда Әбекең: «Айналайын, көпшіліктің, жалпы елдің зор құрметіне ие болу – оңай іс емес, ол үшін жоғары лауазымды қызмет істеу де шарт емес қой», – деп жауап бергені бар. Қарап отырсақ, ағамыз өз басындағы жағдайды айтып кеткен екен ғой.

01
Осындай сөзі уәлі, аузы дуалы ағаларды еске алғанда: «Осы кісідей қариялар қазір бар ма?» – деген ой еріксіз сананы мазалайтыны бар. Жауабы, құдайға шүкір, олар бар және күнделікті өмірде арамызда жүр. Сол кісілерді тани, құрметтей білейік, ағайын! Халқымыздың алтын құрсақты аналары, тыныштық, бейбітшілік заман болып тұрса әлі де талай асылды, дүлдүлді өмірге әкелетініне сеніміміз кәміл».
Қазығұрт ауданының «Құрметті азаматы», қазығұрттық зейнеткер Аймен Өсербаев Әбекең мен оның үлкен баласы Зубайдулланы былайша еске алады: «Біз Әбдіжаппар Зайыров қажының үлкен ұлы Зубайдулламен Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтында бірге оқыдық. Сонау 1980-90 жылдары аудандық партия комитетінде бірге жұмыс істедік. Сонда Зубайдулламен, оның отбасымен араласып тұрдық. Сондықтан Әбдіжаппар қажыны бір адамдай жақсы білемін. Ол кісі өте салмақты, мінезге бай ақсақалдың бірі еді. Сөзді өз орнымен қолданатын, әңгімесімен баурап алатын. Үнемі ақылын айтып отыратын. Осы кісінің тәлім тәрбиесінің оң әсері тиген болар, Зубайдулла Әлішер Науайы атындағы колхозының партия комитетінің хатшысы, колхоз төрағасының орынбасары, 1996-жылдың ақпан айынан өндірістік кооперативі төрағасы қызметтерін атқарды. Кейін «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалын басқарды. Қайсыбір қызметті атқарса да абырой биігінен көрінді.
Зубайдулла мен жұбайы Рыскүл отбасында Нұртаза, Жұбан атты екі ұл мен Жанар, Балнұр, Әсел деген үш қызды тәрбиелеп өсірді. Қазіргі уақытта перзенттері түрлі салада еңбек етуде. Жұбайы Рыскүл өте кішіпейіл, қонақжай, оның қолынан Қалаубек Тұрсынқұловтан бастап еліміздің сыйлы азаматтары дәм татқан.
Баласымен жақын араласып, жан жолдас болғандықтан Әбдіжаппар қажыны әкеміздей көретінбіз. Ол кісі сенікі-менікі деп бөлмейтін. Жылқы сойса, шын ниетімен, аппақ көңілімен баласындай көріп, бір жілік етін ұзатып тұратын. Оның өзін үлкен жүректілігі, ерекше қасиеті деп білемін.
Әбдіжаппар қажы көп жыл Әлішер Науайы атындағы колхозында комплексті бригаданы басқарды. Еңбегі еленіп, медалдарды былай қойғанда, «Еңбек Қызыл Ту» және Ленин орденімен марапатталды. Алғашқылардың бірі болып Қазығұрт ауданының «Құрметті азаматы» атанды.
Қазақтың ұлттық ойындарына, әсіресе, оның арасында көкпарға қызығатын. Оңтүстік өңірінде өткен көкпарлардан қалмай қатысатын. Оны барынша насихаттап жүретін.
Тұрбат ауылы округінде қазақ-өзбек екі ұлттың өкілдері тұрады. Солардың бір кісідей, ағайындай тату-тәтті өмір сүруіне үлкен үлес қосты. Бір іс-шара өткізсе, осы өзбек ағайындарды қалдырмай, бірінші кезекте шақыратын».
Әр істі өз деңгейінде бағамдап, соған лайық баға беретін, тумысынан дара туған Әбдіжаппар атамыздың елдің биіндей дәрежеге көтерілгенін танытатын төреліктерінің бірін осы арада келтірейік. Ертеректе Шарбұлақтың жерінде, оның Тұрбатпен шекаралас бас жағында ипподром болған. Сол ипподромда бірде қазығұрттық Құламқадыр Бұралқиев көкпар берген. Содан сегіз ай бұрын әйгілі алтынтөбелік шабандоз Мадияр Имашевтан «Көкпардың көк бөрісі» атанған шардаралық Күзенбай Тілегенов торы ат алған екен. Арада сегіз ай өткен соң, Күзекең айнып қалып, әлгі ипподромда өтіп жатқан көкпарға келіп, Мадиярға жолығып: «Атыңды қайтарамын, ақшаны бересің», – депті. Мадияр оған көнбей, дау туыпты. Бұл дауды көкпарға жиналған үлкен кісілердің ешбірі шеше алмапты. Осылайша бүкіл ел дағдарып тұрғанда, Әбдіжаппар ата бір жиынға қатысқан жерінен кешігіңкіреп жеткен екен. Оны көрген ел-жұрт: «Әбекең келді, енді бұл дауды ата шешеді», – деп даурығып кетіпті.
Әбдіжаппар атамыз мән-жайды ұғып алған соң: «Әй, Күзенбай, бір балаң Алматыдағы базардың иесі, бір балаң Сарыағашта ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары. Бұл дауды тудырғаның атыңа да, затыңа да сай келмейді. Екі ай болса мейлі екен, үш ай болса мейлі дер едік, сегіз айдан кейін не деп келіп отырсың?» – дегенде, оған Күзекеңнің қарсы айтар жауабы болмай, аузына құм құйылыпты (Тойлыбай Әбдіғаппарұлының айтуынан).
Бұл әңгіменің мазмұнына қарағанда, Әбдіжаппар ата ертеректе қаншама даулы мәселелерге төрелік айтып, әділ шешіп бергені аңғарылады. Расымен де Әбекең тумысынан дара туған, өте зерделі, Майқы және Төле бабалардың үлгісін ұстанған Төбе бидей ойы ұшқыр болған. Турашылдығы мен әділдігінің арқасында елге барынша қадірлі болған. Тоқсан үш жасында дүниеден өткен атаның өзіндік өмір жолы жастарымызға ғана емес, қарияларымызға да өнеге.

Құралбек ЕРГӨБЕКОВ

 

 


1489920165 article bӘли Әбдікәрімұлы БЕКТАЕВ,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты

ЗАЙЫРЛЫ ҚАРИЯ ЕДІ

Тянь-Шань тауының оңтүстік-батыстағы сілемдері қазіргі Түркістан облысының Қазығұрт-Сарыағаш аудандарының шекарасына дейін созылып жатыр. Қазығұрт ауданының күншығыс беткейіндегі тау – сол тау. Баурайында орналасқан Тұрбат деген ауыл округінде қазақ-өзбек ауылдары қатар орналасқан, тату-тәтті өмір сүріп жатқан жайы бар. Аралас-құралас ауылдардың арасында той-жиындар көп болады. Сол жиындардың барлығын басқарып, елді ынтымаққа шақырып, жастарға өнегелі сөз айтып жүретін, көкірегі ояу, көзі ашық, мұрты Будённыйдың мұртындай тікірейген, өзі сексенге келгенше аттан түспеген Әбдіжаппар Зайыров деген қария болатын. Көзінде от бар, сөзінде салмақ бар, жүзінде сұс бар сол қарияны бүкіл ел сыйлайтын. Өзі өмір бойы сол Тұрбатта тұрып, өмір сүрген қарапайым ғана ақсақалдың соншама елге сыйлы болуының бір-ақ себебі бар еді. Ол – турашылдығы. Бастықсың ба, жайсың ба, кемшілігің болса, қамшымен ұрғандай етіп сөзімен осып тастайтын. Барлық нәрсенің әділін, шындығын, ақтық жағын айтып отыратын. Сондықтан да ел ол кісіні сыйлайтын, мойындайтын, Төбе би тұтатын.
2000 жылы мен Қазығұрт ауданына әкім болып тағайындалдым. Әдеттегідей танитыны бар, танымайтыны бар, алыс-жақыннан көп адамдар келіп құттықтап, ізгі тілектерін айтып жатты. Жаңа барған соң жұмыс та қарбалас. Сондай бір қарбаластың кезінде, орталықтың біраз нысандарын аралап, жұмысқа келсем қабылдау бөлмесінде келісті, ақ шашты, ақ мұртты, жарасымды бөрік киген, ұзын бойлы, өзін тік ұстайтын бір ақсақал күтіп отыр екен. Қарияның қолын алып, жұмыс кабинетіме алып кіріп, күттіріп қойғаныма кешірім сұрап жатырмын. «Айналайын Әлижан! Менен кешірім сұрама, айтпай келген өзім кінәлімін. Бірақ елге басшы келіп жатқаннан кейін, бата беру, қош келдің деп айту біздің – үлкендердің міндеті, айналайын. Бірақ мен әдейіге, өзің тағайындалғаннан кейін бір айдан соң келіп отырмын. Құттықтаушылар көп болады, адамның аяғы басылсын дедім, сен өзің де жаңа жерде жан-жағына қарап, аптығын басып алсын дедім. Ал батаның ерте-кеші жоқ, балам. Менің батам – денің сау боп, жолың ашық болсын, ақылым – тек қана турашыл бол. Сонда сенің шығар биігің көп болады», – деп сөзін қысқа қайырды. «Менде басқа шаруа жоқ», – деп орнынан тұрып, қолымды алып кете барды. Мен қарияны шығарып салып, үлкен ойға қалдым. Шыншыл, турашыл, әділ болу – әр әкімнің ең бірінші міндеті. Бірақ ол жол өте ауыр жол. Арым таза, жүзім жарық болсын деген адам ғана сол жолмен жүреді. Анам Розаның «Шындық шырылдап жетем дегенше, өтірік талай жерді өртейді», – деген мақалы есіме түсті. Сол халық даналығының шынында да шындық екендігіне түрлі қызметтерде жүріп көзім жетіп келе жатыр. Осы уақытқа дейін Әбдіжаппар ақсақалдың сол баталы сөзі есімнен кеткен емес.
Қазығұртта жүріп Әбекеңмен талай кездестік, араластық, әңгімесін тыңдадық. Қашанда сөзі дәділ, өзі әділ күйінде жүретін. Елдің бар мұң-мұқтажын өзінің жүрегінен өткізіп бізге айтып отыратын, біз бір тірлікті бастасақ қасымызда жүретін, қолдау білдіріп, халықты ұйымдастырып жақсылыққа ұйытқы болудан тайған емес. Бірде Тұрбат ауылындағы Жаңатірлік елді мекеніндегі құрылысы бітпей қалған мектепті барып көрдік. Қарасақ жартылай біткен мектеп, қар-жауыннан мүжіліп құлауға шақ қалып тұр. Типтік мектептің, сызылған жобасы да бар. Неге осыны асарлатып бітірмеске деген ой келді. Келесі күні ақсақалдарды, тұрғындарды, аудандық мекеме басшыларын жинап кеңес өткіздік. Мектептің жанында тұрып оның сызбасын, кететін материалдарды, қаржысын айтып осы мектепті бітірейік деген шешімге келдік. Біз әкімшілік тарапынан бөлінетін қаржыны, өз қалтамыздан қосатын ақшаларды айттық. Ауыл тұрғындарының бірі терек жинап беретінін, бірі шағал, бірі топырақ түсіріп беретінін, бірі техника, бірі – құрылысшыларға тегін тамақ беретінін айтып жапа-тармағай қолдау білдіріп жатты. Сол жерде де Әбдіжаппар ақсақал батасын беріп, өз үлесін қосып, елдің ұйытқысы болды. Құрылыстың соңына дейін хабар алып, жігіттерге демеу беріп жүрді.
Бір күні ауданға іссапармен келген сол кездегі облыс әкімі Б.М.Сапарбаевты сол мектепке апардық. Жүріп жатқан қызу жұмысты көріп, ол кісі ерекше қуанды. Жетпейтін қаражатын, менің де асарға қосқаным болсын деп, облыстық бюджеттен бөлдірді. Сонымен ерте көктемде басталған қызу жұмыстың арқасында жаңа оқу жылына екі қабатты типтік жобамен салынған жаңа мектептің есігі айқара ашылды. Ол мектептің ашылуына сол кездегі ҚР Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ж.А.Тұяқбай, облыс әкімі Б.М.Сапарбаевтар қатысты, ел үлкен қуанышықа бөленді. Әбдіжаппар Зайыров ақсақал тебіреніп тұрып сөйлеп, батасын берді.
Бұл Қазығұрт ауданындағы мектептерді асарлатып салудың басы болатын. Тұрбаттықтардың бірлігі, болашақ үшін жасап жатқан тірлігі елге үлгі болып 2000-2002 жылдар аралығында аудан бойынша асарлату әдісімен үлкенді-кішілі 27 мектеп, бір амбулатория салыныпты. Әрине бәз біреулер «асарлатып салған мектеп не болады?» – деуі мүмкін. Бірақ сол жылдары, бюджетте жалақыдан басқа мақсатқа қаржының жоқ кезінде асарлатып салынған мектептер білім саласына үлкен серпіліс берді және мектеп мұғалімдері мен ата-аналар үшін, әсіресе балалар үшін үлкен олжа болды. Қазір, Аллаға шүкір, мемлекеттің жағдайы жақсы, көптеген мектептер салынуда. Бірақ сол кездегі асарлатып салынған мектептердің көпшілігі әлі де, 20 жылдан бері білімге қызмет етіп келеді.
Әбдіжаппар Зайыров ақсақалмен байланысты Қазығұрт ауданының тарихында әңгімелер де, атқарылған істер де көп. Олардың барлығын тізе берсе бір кітап емес, бірнеше кітапқа да сыймайды.
Ең негізгісі – Әбекеңнің өмір сүру өнегесі. Оны кейінгі ұрпаққа, тіпті біздің өзімізге де әділдік пен адалдықты паш еткен өмірлік жол деп айтуға болады.
Әбекең 2020 жылы 93 жасында бақилық болды. Артында саналы ұрпағы, сапалы істері қалды. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы өзіне серік болсын.
Алла елімізге амандық, жұртымызға тыныштық берсін деп тілейміз.