Заңнамамен көзделген бейбіт жиналыстарды өткізу тәртібі туралы

Жұма, 24 Желтоқсан 2021 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 93 рет

     Қазақстан Республикасы Конституциясының 32-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға құқылы.

     2020 жылдың 25 мамырнда «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» ҚР-нің Заңы (әрі қарай-Заң) қабылданды.

     Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібіне қатысты заңнамада негізгі ұғымдар мен қағидаттары бекітілген.

     Заңның 1-бабының 1-тармағында бейбіт жиналыс – сипатына қарай бейбіт, күш қолданылмайтын және қаруланбайтын, мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, халықтың имандылығын, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделеріне қатер төндірмейтін болып табылатын, Қазақстан Республикасының азаматтары жиналыс, митинг пен демонстрация, шеру мен пикеттеу нысанында өткізетін жария іс-шара болып табылады.

     Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу: 1) күш қолданылмайтын сипат: 2) заңдылық; 3) мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулық сақтауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету; 4) қатысу еріктілігі; 5) бейбіт жиналыстар өткізу пайдасына презумпция; 6) тараптар жауаптылығы қағидаттарына негізделеді.

   Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі аталған Заңның 2-тарауында бекітілген.

   Заңның 4-бабына сәйкес бейбіт жиналыстарды ұйымдастыруға мыналар жатады:1) бейбіт жиналыстарға ықтимал қатысушыларды құлақтандыру; 2) жергілікті атқарушы органға бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарлама немесе келісуді алу туралы өтініш беру; 3) бейбіт жиналыстарды өткізу кезінде мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыларға медициналық және өзге де қажетті көмек беруге құзыреті шегінде жәрдем көрсетуі; 4) үгіттеуді Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған кез келген тәсілдермен жүргізу; 5) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының мемлекеттік кауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулық сақтауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында бейбіт жиналыстарға қатысушылармен түсіндіру жұмысын жүргізуі; 6) бейбіт жиналыстар өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету; 7) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу мақсатында жасалатын өзге де әрекеттер.

     Заңның 10-бабына сәйкес бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламаны бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы жергілікті атқарушы органға өткізілетін күніне деййін бес жұмыс күнінен кешіріктірілмей мерзімде қағаз жеткізгіште немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландыратын электрондық құжат нысанында береді.

     Бейбіт жиналыстарды өткізу туралы хабарламада: 1) бейбіт жиналыстың мақсаты; 2) бейбіт жиналыстың нысаны; 3) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы Қазақстан Республикасы азаматының, оның өкілінің (болған кезде) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері немесе уақытша болатын (тұратын) жері не бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы заңды тұлғаның атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, орналасқан жері; 4) бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орын, пикеттер үшін – өткізу орны; 5) бейбіт жиналыстың басталатын және аяқталатын күні, уақыты; 6) қатысушылардың болжамды саны; 7) киіз үйлер, шатырлар мен өзге де құрылысжайлар орнату туралы мәліметтер; 8) осы Заңда көзделген жағдайларда дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды, плакаттарды, транспаранттарды және өзге де көрнекі үгіттеу құралдарын пайдалану ниеті; 9) пикеттеуді қоспағанда, ұйымдастырушы бекіткен бейбіт жиналыстар өткізу регламенті; 10) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының, оның өкілінің (болған кезде) электрондық пошталық мекенжайы, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі; 11) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының, оның өкілінің (болған кезде) хабарламада көрсетілген өз дербес деректерін жинауға, өңдеуге келісімі; 12) бейбіт жиналыстар өткізуді қаржыландыру көздері; 13) бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламаның берілген күні және ұйымдастырушының немесе оның өкілінің (болған кезде) қолтаңбасы көрсетіледі.

     Заңның 11-бабына сәйкес жергілікті атқарушы орган хабарлама тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бейбіт жиналысты ұйымдастырушыға :1) киіз үйлерді, шатырларды, өзге де құрылысжайларды орнатпай, дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды пайдаланбай пикеттеу, жиналыс, митинг өткізу туралы; 2) осы Заңның 14-бабында көзделген негіздер бойынша пикеттеуді, жиналысты, митингіні өткізуден бас тарту туралы; 3) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттік қауіпсіздікті, сондай-ақ көліктің, инфрақұрылым объектілерінің іркіліссіз жұмыс істеуін, жасыл екпелер мен шағын сәулет нысандарының, өзге де мүліктің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында пикеттеудің, жиналыстың, митингінің орнын және (немесе) уақытын өзгерту ұсынысы туралы хабарлайды.

   Жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналысты ұйымдастырушыға қабылданған шешім туралы мынадай тәсілдердің бірімен: 1) қолма-қол;  2) табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтілімі нысанында; 3) электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат арқылы; 4) ұйымдастырушы көрсеткен электрондық поштаның мекенжайы бойынша; 5) ұйымдастырушы көрсеткен ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша хабарлайды.

   Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы заңнамасын бұзу ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 488-бабында әкімшілік жауапкершілік, ал ҚР Қылмыстық Кодексінің 400-бабында қылмыстық жауапкершілік көзделген.

 

ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНЫҢ ПРОКУРАТУРАСЫ