ҚАЙ КЕЗДЕ ДЕ БӘРІН АҚЫЛҒА САЛҒАНЫМЫЗ ЖӨН

Бейбенбі, 13 Қаңтар 2022 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 301 рет

22Аширов

Елімізде бейбіт митингіден кейін жаппай орын алған лаңкестік әрекеттер қабырғамызды қайыстырды. Мемлекеттік ғимараттарды, мемлекеттік мүліктерді, сонымен қатар, қарапайым азаматтардың мүлкін бүлдіру еш ақылға сыймайды. Бүлікшілердің бұл оспадар әрекетін біз айыптаймыз.
Игілікті жасау оңай шаруа емес. Осы жолда қаншама ақыл, қажыр-қайрат, күш-жігер, тынымсыз еңбек жұмсалады. Оны бір күнде қирату – кешірімсіз нәрсе. Диверсиялық әрекеттер – қылмыс.
Өзім «Сапа-2002» ЖШС-гін басқарамын. Серіктестік егін және мал шаруашылығымен айналысады және асыл тұқымды өндіріс бағытында да жұмыс істеп жатырмыз. Май өндіреміз. Қаншама адамды жұмыспен қамтып, олар бала-шағасын бағып отыр. Сондықтан, жоғары жетістіктерге жету жолы қандай екенін жақсы білемін. Табыс өздігінен келмейді. Ол үшін күні-түні тынбай еңбек еттік. Іздендік, оқыдық. Кәсіпкердің сырын кәсіпкер өте жақсы біледі. Кәсіпкерлердің дүние-мүлкі тоналып жатқанда, обалын ойлап, қамықтық. Мемлекетке салық төлеп, адамдарды жұмыспен қамтып отырған олардың не кінәсі бар? Олар осы жұмысты жолға қою үшін қаншама жылдарын, денсаулығын, күшін жұмсады ғой. Жүз миллиардқа жуық шығын енді экономикамызға да, мемлекетімізге де келген үлкен шығын. Бұл миллиардтар – материалдық, қаржылай ғана шығындар. Енді қалпына келгенше тағы уақыт шығындары бар. Осы тұрғыдан біз тереңірек ойлауымыз керек. Сәл болмағанда, мемлекетіміздің іргесін шайқалтып жібере жаздадық. Жаппай бей-берекетсіздік кезінде қаншама азаматтарымыз оққа ұшты. Олардың отбасында қандай қайғылы жағдай өтіп жатқанын сезінудің өзі ауыр! Елдің естияр жігіттері айналасын сабырға шақырып, енді мұндай қаралы күндер қайталанбаса деп тілеймін. Кез келген мәселені билікпен диалог жолымен шешуге болады. Кешегі күндер тәуелсіздіктен бір күнде-ақ айырылып қалуға болатынын көрсетті. Президентіміз Қ.Тоқаевтың батыл, жедел шешімдерінің арқасында содырлар мен лаңкестерге, бұзақыларға тойтарыс берілді. Қауіпсіздігімізді, Конституциялық құқықтарды қорғап қалғаны үшін мемлекет басшысына ел сенімі күшейді. Уақыт бізге Президентіміздің айналасына берік топтасуымыз қажет екенін көрсетті. Қазақта «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» деген сөз бар. Қай кезде де бәрін ақылға салғанымыз жөн.


Нұржан ӘШІРОВ,
облыстық мәслихаттың депутаты.