АРАНДАТУШЫЛАР БІЗГЕ ДОС ЕМЕС!

Бейбенбі, 13 Қаңтар 2022 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 264 рет

06-002

Елдегі жағдай ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Қалалы жерлердегі қақтығыстар мен түсініспеушіліктер қарапайым тұрғындарды алаңдатып отыр. Мұны жасап жатқандарды елдің дұшпандары десек болады. Бүлік шықса біраз нәрсе бүлінетіні белгілі. Бұл ойдың үдесінен қарапайым халық пен елге шын жаны ашитын адамдар ғана шыға алады. Ал, біз соларды тыңдауымыз керек.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2022-жылы 5- қаңтардан бастап Түркістан облысы бойынша төтенше жағдай жарияланды. Бұл кез келген бұзақылық іс-әрекеттердің алдын алатын бірден-бір қадам. Сондықтан облыс тұрғындары Президент Жарлығына толық бағынуымыз керек.
Тәртіпке бағынғаннан ешкім жаман болмайды. Ал, тәп-тәуір тұрған нәрсені қиратып, елді дүрліктіргендер ешқашан оңбайды. Оларды сол нәрсенің обалы ұрады. Сол үшін әр қадамды ақылмен басып, әр сөзді абайлап айту керек. Рас, әділетсіз қоғамда семіретіндер негізінен арамтамақтар екенін ел біледі. Мұндай кезде солар сайраңдап, солар мәз болады. Біз оларға ермеуіміз керек. Өйткені, ондай бүлікшілер біздің болашағымызға, еліміздің ертеңіне бас қатырмайды. Біз өзіміздің болашағымыздың жарқын болуын ойлауымыз керек. Бала-шағамыздың тыныштығы үшін, олардың амандығы үшін бүгінгі таңда барынша сабырлы болайық. Арандап қалудан абай болуымыз керек. Әсіресе, қызу қанды жастарды, оң-солын білмейтін, айтаққа жүретін аңғал адамдарды біреудің қолшоқпары болып кетуден сақтайық. Олардың да амандығын көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар сақтауы тиіс. Сонда ғана сырттан анталап тұрған жауға алдыра қоймаспыз. Сонда ғана ат төбеліндей азғантай топтың арам пиғылы жүзеге аспайды.
Тағы да қайталап айтамын, тәп-тәуір тұрған нәрсені бүлдіруден аулақ болайық. Ол біздің өз мүлкіміз, біздің қадірлі мемлекетіміздің мүлкі екенін естен шығармайық.

Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ,
Түркістан облыстық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.