РУХЫМЫЗ ТҮСПЕСІН, ЕЛІМ!

Бейбенбі, 13 Қаңтар 2022 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 210 рет

26221191 123517795116387 3075421246842903853 o

Халқымыз ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын аман-есен, шат-шадыман көтеріңкі көңіл күймен мерекеледі. Тарих үшін 30 жыл қас-қағым сәт шығар, ал еліміз үшін жүз жылға барабар жолдан өтті. Дүниежүзілік қауымдастықта лайықты орын иеленіп, тұрақты, серпінді даму үстіндегі алып державаға айналғанына куә болып отырмыз.
Бейбіт шерумен басталған жұртшылықтың нөпірі республикамыздың түкпір-түкпірінде қанды оқиғаларға, тонау секілді әрекеттерге ұласатынын көпшіліктің дені білмегенін ақпарат көздерінен сағат санап хабардар етуде.
Халқымызда «Тас түскен жерге ауыр» дейтін нақылға сүйенсек, еліміздің кейбір қалаларында шерушілер өзгенің айтағына еріп, арандап, өз қандастарымызды өзіміз жаралап, кейбіреулерін келместің кемесіне мінгізіп, қолымыз қанға боялып қалғаны, өте өкінішті жәйт. Айдың аманында бауырларымыздан айырылып, қан жұтып отырған жайымыз бар. Бұл, көптің ортақ қайғысы...
Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың халыққа арнаған үндеуіне үнімізді қосып, оның орындалуына ел болып атсалысып, тәуелсіздігіміздің тұғыры мықты болуына, ата-бабалар аңсаған елдігімізге сызат түсірмей, біздің күшіміз бірлікте екенін еске салғым келеді. «Жау жоқ деме, жар астында» деген халық даналығын ұмытпай, оған сергек қарау қажеттігін әрбір саналы азамат кешегі болған оқиғалардан сабақ алу қажет.
Ұлт жүрегіне, ұрпақ санасына бабалар рухын сыналап енгізуді, елді берекелі тірлік пен ауызбіршілікке ұйыстыруды ертеңге қалдырмайық, ағайын! Осы тұста ел басқарған органдардың бойынан ұлтжандылықты көргіміз келеді. Ол елдіктің басты нышандары- тілді, ділді, жерді, қауіпсіздікті қадір тұту,сергекті серік етуді естен шығармау. Сонда еліміздің ертеңіне селкеу түспейді, бір-бірімізге күмән тумаса керек. Басқаның дүдәмал ісін қостамай Қазақстан деген ұлы еліміздің ішкі тұрақтылығы мен экономикасына да зор қуат бітері даусыз. Сондай сәулелі сәттерге бірге жетейік!

Жиенкүл СӘРСЕН,
«Аналар-асыл жандар» Қазығұрт аудандық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы.