КІСІЛІГІН КІШІЛІКПЕН ТЕҢ ҰСТАҒАН АЗАМАТ ЕДІ

Жұма, 15 Сәуір 2022 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 132 рет

222  Батырбай Сағидулла

Бұл өмірде өз ұрпағын адал бейнетпен асырап, бағып-қаққан кез келген ата-ана сый-құрметке лайықты. Саналы түрде өмір сүрген жан шамасы келгенінше өз ісін неғұрлым әділдікпен, адалдықпен жүргізе білсе, соғұрлым оның жемісі өнімдірек және дәмдірек болмақ. Бақ та, құт-береке де, абырой мен құрмет те, барлығы таза маңдай термен, адал еңбекпен келеді. Қазақ даналығында: «Ата – балаға сыншы» дейді. Әр бала әкесіне қарап өседі, үлгі алады. Ер азаматтың өткен өмір жолы, еңбектегі табысы, бақытты тұрмысы – жақсы ниет пен ізгіліктен құралса, балаларына – мұра, халқына – өнеге жол болады. Тектілігін жоғалтпаған, кісілігін сақтаған, халық алдындағы ар-намысы мен ұятын жоғары ұстаған, маңдай тер еңбегінің арқасында туған елге пайдасын еселеп тигізген, содан да жұрт жадынан жақсы жағынан орын алған, ұмытылмай қалған азаматтардың бірі де бірегейі – елдің ыстық ықыласына бөленіп, сол себептен Сахаң атанып кеткен Сағидулла Батырбай деген ініміз болатын.
Өз басым кешегі кеңес дәуірінде Қазығұрт өңіріндегі «Қызылтаң» ұжымшарының басқармасының төрағалығы қызметінен 1977-жылы босадым. Сөйтіп, Қазақстан Компартиясы Ленин (Қазығұрт) аудандық комитетінің екінші хатшысы қызметіне келдім. Сол кезеңде 1978-жылы Сахаңды «Шанақ» кеңшарына агроном етіп жібергенбіз. Құрылғанына көп болмаған, аяғын енді-енді ғана тіктей бастаған, әлі де оншалықты мәнісі болмай, етектен тартып жүрген шаруашылыққа Сахаң барғаннан кейін оның алдыңғы қатарлы болуына көп еңбек сіңірді. Ол өзінің нағыз агроном маманы екенін танытып, тынымсыз жұмыс жүргізіп, «Шанақты» алға сүйреп, игі ықпалын тигізді. Сахаңның таза маңдай терінің, адал еңбегінің арқасында шаруашылық жұмысы ендігі жерде жақсарып, жандана түсті. Сол уақытқа дейін соқаның жүзі тиіп көрмеген, әлі де жыртылмаған, егістікке енбей келген тың жерлер игеріле бастады. Соның есебінен жыл өткен сайын астықтың өнімі де көбейді. Бұған дейін «Шанақ» аудандағы етектен тартып жүрген шаруашылықтың бірі боп қалып еді, Сахаң барған соң, бес-алты жылдың ішінде ол жақсы, алдыңғы қатарлы шаруашылықтар қатарына еніп кетті.
Сахаң жер жағдайын жақсы білетін білікті маман болатын. Адамгершілік қасиеті де мол, сыпайылығы бар, ерекше азамат еді. Сөзді орынды сөйлейтін, артық сөзі жоқ, қарапайым жұмыс істейтін жандарға, еңбек адамдарына сондай бір ықыласпен қарайтын. Кім болса да тез тіл табыса білетін. Содан да оның еңбегі сөз болып, жақсы аты шыға бастады. Ауыл шаруашылығы жағынан сол алқаптағы жақсы тірліктердің басы-қасында сол Сахаң болды. Оған сол уақыттағы «Күйік» кеңшарының директоры Беркінбай Тілешов өте қызығып жүрген екен. Ол кісінің облыс басшылығында, жоғарыда арқа сүйейтін тіреуіш «көкелері» болатын. Сол «көкелеріне» өтініш айтқан болу керек, 1985-жылы ініміз Сағидулла Батырбайды «Күйікке» ауыстырып алды. Сөйтіп, Сахаң «Күйік» кеңшарына бас агроном болып барды.
Оның бір ерекшелігі, артықшылығы – барған жерінде жұмысын тек жақсы жағынан көрсетіп, оң өзгеріске түсіріп, өте табысты алып кетіп жүрді. Барған шаруашылықтың төмен көрсеткішін жоғарылатып, алдыңғы қатарға сүйреледі. «Күйік» кеңшарында «Шанақтан» да жақсы жұмыс істеді. Бұрынғысынан да зор жетістіктерге ие болып, шаруашылықтың мерейін асырып, абыройын көтерді.
Ел-жұрт болған соң, біреулер жақтаса, біреулер жақтырмайды. Оларға өз бойындағы кісілігімен, адамгершіліктің жоғары үлгісімен, ізгілік, қайырымдылық, ақылдылық, кішіпейілділік секілді жақсы қасиеттерімен жауап берді.
1994-жылы «Шанаққа» директор болып барды. Шаруашылыққа басшылық жұмысын да ойдағыдай жүргізіп алып кетті. Шанақтық еңбеккер халықты жақсы басқарды. Онымен бірге жұмыс істеген өзі қатарлы адамдардың бәрі біледі. Әрі білімділігінің, әрі біліктілігінің, жоғары адамгершілігінің, жақсы қасиеттерінің арқасында елге бұрынғысынан да сіңісіп кетті. Олармен өте сыйласып еңбек жасады. Соның нәтижесінде ағайын да болды, жора-жолдас та арттырды, барлығына да кішілікпен сыйыса білді.
Сахаңның бір жақсы қасиеті, өзі істеген тірлігін ешқандай міндет қылмайтын, өте еңбекқор адам еді. Жұмысты бар ықыласымен беріліп, ынты-шынтысымен істейтін. Өзі беріле істеп жатқан соң, қарамағындағы қарапайым жұмысшы жандар да, бірге еңбек ететін әріптес адамдар да оған бар құрметпен қарап, өте сыйлап қадір тұтатын.
Кезінде Қазығұрт өңіріне ғана емес, Оңтүстік аймағына жақсы атағы шығып, өте әйгіленіп, танымал болған соғыс және еңбек ардагері Әтіш Өмірәлиевке Сахаңның өте жақын ағайындығы бар-ды. Екеуінің де түпкі тегі осы күнгі Қазығұрт ауданындағы Үшбұлақ ауылынан шыққан еді. Сол Әтекеңнің туысқан інісіне пайдасы тиген, тимегенін білмеймін. Бірақ Сахаңның өзі әрі нағыз маман, әрі адамгершілігі мол адам, қайда барса да қарамағындағы қарапайым жұмыс істейтін адамдардың тілін табатын, жасап жүрген еңбегін бағалай білетін.
Ел-жұртты игеріп, істете білу дегеннің өзі де бір өнер ғой. Өзінің алған бағыт-бағдарына қарай оларды бағындыра білу үшін, әрине, үлкен күш-қуат, ерекше қасиет керек, әрі еңбекқор болып, сол еңбектің қыр-сырын біліп, меңгерген адам болуы шарт. Сахаң білікті маман, жақсы басшы ретінде қарамағындағы халықты өзіне бейімдей алатын. Бірге істеген адамдарын жақсы игеріп кететін. «Сахаң айтса, болды» деп істей беретіндей бедел мен абыройға, сый мен құрметке ие азамат еді.
Еліміз егемендік алған соң, жекешелендіру басталған кезеңдерде іскер ініміз Сағидулла Батырбай «Айқожа» өндірістік кооперативін құрып, «Күйіктің» Еңбекші ауылы мен Шанақтың ортасында, үлкен автожолдың оң қапталындағы бос жатқан беткей жерді өзіне қаратып алды. Шөл даладан су шығарып, сол беткейдің бәрін толық игерді. Үлкен бау-бақша егіп, барлығын көгертіп, шаруашылық ашып, үй-жай салып, шөлді жерді жап-жасыл аймаққа айналдырды. Қазір Сахаң негізін қалап кеткен шаруашылық фермасы бір ауылға ұқсап, қарасаң көзің тоймайды. Осы күнде ардақты азаматтың игі істерін ұрпақтары жалғастырып отыр.
Сахаң қайырымдылық істер жасап, қалың бұқара халықты көп риза ететін. Азаматтың бірегей асылдығын ешкіммен салыстырмай-ақ қояйын. Ол өзінің адамгершілік қасиетімен, мінезімен, дүниетанымымен, ой-ұстанымымен, кісілігімен, ел-жұртпен тіл табысуымен, басқаларға қарағанда, артықша еді. Кісіліктің жағымсыз жағы болады, менмендік деген, көп адамда ол басым жатады. Ал, Сахаң кісілігін кішілігімен тең ұстап, бірге алып жүретін. Қарапайым адамдармен өте жақсы сөйлесетін, тіл табысып түсінісе білетін. Ініміз осындай айрықша елдің ардақты азаматы еді.

Молдабай ІЛИЯСОВ,
еңбек ардагері, Оңтүстік Қазақстан облысының және Қазығұрт ауданының «Құрметті азаматы».