ШАНАҚТЫҢ НЕГІЗІ ҚАЛАЙ ҚАЛАНҒАН?

Жұма, 15 Сәуір 2022 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 139 рет

123 А.Омаров

Шанақ – қағылған екі ішектен үн шығаратын, сол арқылы қазақтың көңіл-күйін жеткізетін домбыраның бөлігі. Ал енді бұл өлке тауға да, шөлге де жатпайтын, жері шүйгін, құнары мол малға жайлы, берекелі жер болған соң қазақ атамыз жер шанағы деп атап кетсе керек. Осы өңірді жайлаған ағайын 1930-шы жылдары Голощекиннің «кіші төңкерісінен» бас сауғалап Өзбек, Қырғыз, Тәжік елдеріне және Қазақстанның басқа да өлкелеріне бас сауғалап, түрлі жұмыстарға жегіліп жан сақтаған. И.Сталин қайтыс болып, қудалаулар тоқтап, ел есін жинай бастаған тұста 1954 жылы тың игеру саясатына тура келіп, Жданов атындағы кеңшар ашылып, оның құрамына «Күйік» кеңшарынан бөлінген жер атауына қарай Аңқи, Адамтас, Еспе, Басқұдық деп аталатын өңірлер Абай атындағы №3 бөлімше болып қосылады.
Бөлімше болып құрылды деген аты болмаса, құлазыған ұшы-қиыры жоқ кең далада кішкене ғана вагоннан басқа не бір үй, я болмаса тігулі тұрған киіз үй болмаған. Бөлімше меңгерушісі болып Кенжебай Келдібеков деген азамат тағайындалыпты. Ол кісінің жанында Жүніс Тілеубайұлы деген атамыз бөлімшенің ат көліктерін бағып қарайтын, бір жағынан Кенжебайдың көмекшісі болып жұмысқа алынады. Мәселенің үлкені – негізгі жұмыстарды игеретін мал бағып, егін салатын адамдарды қайдан іздейміз деген сұраққа тіреледі. Жалпы бұл өңір табиғаты қатал, жазда аптап ыстық, қыста қарлы боранды күндері де аз болмайтын аймаққа жататыны белгілі. Оның үстіне, ауыз судың тапшылығы да аз қиындық туғызбайды. Осы жағдайлар жұмысқа адамдарды шақырғанда кері әсерін тигізері анық. Бөлімше меңгерушісі бұл аймақты жалпы Сіргелінің ішіндегі Үш ата – Жаңабайлардың ата-қоныстары болғанын ескере келе, дәл осы ағайындарды шақыру мәселесін қолға алады.
Дәл осы арада осы өңірді жайлаған, кейін жоғарыда айтылғандай, түрлі себептермен шашырап тарап кеткен елдің басын қайта қосып, осында қоныстануға шақыру керек деген шешім қабылданған. Ал енді осы ауқымды істі қолға алуды Әбдіраш Жәркебайұлы, Өтен Ерімбетұлы, тағы да біраз қарияларға қолқа салсақ деген ой келіп, аталмыш кісілермен келісімге келіп, жұмыс басталып кетеді. Екі қарияның ұйымдастыруымен бөлімшеге 20-дан астам азамат сол жылы көшіп келеді. Олар бөлімшенің 12 отар қойын қабылдап алып, ал Тұтқышбай Өтенұлы – мал дәрігері, Бөрі Тілеубайұлы – қойма меңгерушісі, Ағабек Дәржанұлы – мұғалім болып орналасып, көп жылдар бойы жемісті еңбек етті. Ал, шопандар арасынан ерен еңбегімен елге танылғандары аз болған жоқ. Олардың ішінде қой малын бордақылаудың шебері Тілеген Балапанов – 2 рет Ленин және Октябрь революциясы ордендерімен наградталып, Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық ауылшаруашылық жетістіктері көрмесіне 2 рет қатысса, әр саулықтан 130-135-тен қозы алып Ленин және Еңбек Қызыл ту ордендерімен марапатталған Байбол Сағындықов та үлкен абыройға ие болды.
Міне, санаулы азаматтардың еңбегі мен іскерлігінің және ұйымдастыру қабілетінің арқасында құрылған сол кішкене бөлімше кейін 1975 жылы өз алдына үлкен бір қой шаруашылығы болып құрылып, қазіргі кезде ауданымыздағы іргелі бір ауыл округіне айналып отыр. Айта кетер болсақ, совхоз – ауыл округі болып құрылуына Тұрапбай Сарыгөзов, Сүйеубай Қалшабаев сынды еліміздің талай ер азаматтарының еңбегі зор.
Біздің тоқталайын дегеніміз жоғарыда аттары аталып, осы үлкен бір жобаның бастауында тұрған елдің қарапайым ғана қарияларының сол кездердегі көрегендігі, бір-ақ ауыз сөзбен азаматтарды иландыра білетін қасиеттерін қастерлей түсіп, кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде жеткізу еді.
Әбдіраш, Өтен аталар сол кезде байқауымызша және елдің айтуынша, мектеп көріп оқымаған, тек қана өмірден көріп білгендерімен, бабалардың тәрбиесінен ғана сусындап, бойларына көп асыл қасиеттерді сіңіре білген азаматтар екен. Сол жылдары мен 8-9 жастағы бала едім. Бүгінгідей электр шамдарының жоқ кезі. Сонда кешке қарай Әбдіраш ата үйіне шақырып алып, біраз көршілерінің басын қосып, маған батырлар жырын түннің бір уақытына дейін оқытып, өзі жалықпай тыңдайтын. Аты есімнен шығып қалыпты, арғы Монтайтас жағында бір домбырашы жігіт бізге жегжат болып келетін. Сол кісі қыдырып келіп қалса, күндіз-түн демей, сол кісіге күй тартқызып, ұзақ тыңдаушы еді.
1960 жылдары болу керек, Созақ, Қызылқұм аудандарын басқарған Тәліп Тайбеков деген кісі елге жиен болып келетін. Сол кісінің бір қыдырып келген кезінде Әбдіраш атаның Тәліп ағаға бір сұрақ қойғаны есімде.
– Тәліп, менің пайымдауымша, мына сендердің коммунистік партияларың мен біздің ислам дініміздің ілімі, алға қойған мақсаты – жалпы негізі бір сияқты. Мысалы: партия да, дініміз де – әр адамға еңбекті сүй, өтірік айтпа, үлкенді сыйла, ұрлық істеме деген сияқты бірдей уағыз айтады екен. Сонда сендердің діннен ат-тондарыңды ала қашып, соншама жек көретіндеріңді түсінбедім. Бұған не дейсің? – деп сұраған еді.
Тәліп ағамыз өте білімді, сауатты, парасатты адам ғой. Атаға мынадай сарында жауап беріп еді:
– Нағашы, соның бәрін саралап, маған осы сұрақты қойғаныңыздың өзі – менің сізге берер жауабым емес пе? – деп сөзін аяқтап еді.
Міне, мектеп көрмеген, сауатсыз деп жүрген атамыздың пайым-парасаты, ой-өрісі қандай екенін осыдан-ақ шамалай беріңіз.
Кейінгі жұрттың айтуынша, Әбдіраш ата өңірдегі жердің және онда өсіріліп жатқан малдың жағдайын жетік білетін болған. 1960 жылдары белгілі ғалым, Оңтүстік Қазақстан мериносы тұқымының авторы Орынғожа Есалиевтің өзі атаға келіп, шаруаның жағдайы жөнінде пікір алысып тұрушы еді деп айтып отыратындар қазіргі кезде де аз емес. Оған қосымша, 1975 жылдары болса керек, ауданды Қ.Манасов деген азамат басқарып тұрған тұста Шанақ совхозында малшылармен бір басқосу-кеңес болып, атадан пікір білдіруін өтінгенде, Әбекең қария: «Жалпы малдың жағдайы жақсы екені рас. Бірақ малшының жайдайы соншалықты айтуға келмейді», – деген екен. Шопандардың басым көпшілігінің тұрмыстық жағдайының сын көтермейтінін, тұратын үйлерінің ескілігін, жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргізілетінін, жас балаларға, сәбилерге жағдайдың жоқтығын айтып, басшыға мәселені төтесінен қойғанының арқасында совхоз бойынша осы мәселе арнайы қаралып, белгіленген іс-шаралардың орындала бастағанын да ел аузынан есітіп жүрміз.
Әбдіраш атаның үлкен бір адамгершілік қасиеті, «Жетім көрсең, жебей жүр» деген бабалар сөзін берік ұстанғаны деп айтсақ болады. Сол жылдары Шанақ ауылына көрші ауылдардың бірінен бір жетім өскен жігіт сол ауылдағы абыройлы, бақуат бір қарияның немере қызына ғашық болып, алып қашып келеді. Сонда әлгі қария ашуға ерік беріп, оларды қуып келіп, күшпен қайтып алып кетпек болыпты. Ауыл адамдары ара түссе, ешкімге көнбеген, арасында кейбір жігіттерді қамшысының астына алған көрінеді. Сол шақта Әбекең ақсақал келіп: «О, қария, мұныңыз қалай? Жетім өспейді деп пе едіңіз? Босағаны аттаған қызды кейін алып қайтуды қайдан көрдіңіз? Қаршығадан қашып, бұтақты паналаған торғайдай бізге келген екен, бізді сол талдың бұтағындай көрмегеніңіз бе? Қызды бермейміз. Одан да аттан түсіңіз», – деген екен.
Сонда әлгі қария: «Әбдіраш, сенің араласпайтын жерің еді, қайтейін!» – деп аттың басын бұрып, еліне қайтқан көрінеді.
Бұл айтқандарымыз атаның өміріндегі кейбір сәттері ғана екені белгілі. Әбдіраш атаның 6 перзенті осы күні арамызда елмен бірге өмір сүріп жатқан жағдайы бар.
Үлкен ұлы Тұрдалы кезінде совхоздың бас мал дәрігері, кейінірек өндірістік кооперативтің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарып, қазіргі кезде Шанақ ауылы округінің Төбе биі қызметін қоғамдық негізде атқарып жүр. Кездескен кездерде: «Әкем – «садақа беріп, Құдайдан сұрасаң, бәрін кешіреді» дегенді жақтырмайтын. «Тура сөйле. Адал жүр. Маңдай теріңді аяма. Не сұрасаң, Құдайдан сұра. Құдайдан сұрағанның екі бүйірі шығады. Құдай жастың тілеуін береді» деп жиі айтып отыратын. Сол қағиданы өмір бойы басшылыққа алып, қазіргі кезде ұл-қыздарыма, немерелерге айтумен келемін», – деп отырады.
Жоғарыда айтылған жердің жағдайын жақсы біледі деген сөзімізге – атаның: «Біздің Шанақ өңірі, жалпы Қазығұрт тауының батыс жағындағы кең даланың адамға деген бір серті бар, ол – «жаяу келсең, ат мінгіземін, ат мініп келсең, алдыңа мал салып беремін» дегені», – деп біздің алдымыздағы қариялар айтып отыратын дегені дәлел болса керек.
Бүгінгі күннің шындығы да соны дәлелдеп тұрғандай көрінеді. Себебі Шанақ ауылы округі мал басын өркендету мен астық өндіруден аудан көлемінде әрдайым жоғары орындардан көрініп, аудан экономикасының өсуіне өз үлесін қосып келеді.

Аманбай ОМАРОВ,
Қазығұрт аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.