АЛҒАШҚЫ КАПИТАЛЫН НӨЛДЕН БАСТАҒАН ЖАНДАР

Жұма, 15 Сәуір 2022 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 190 рет

99b6879a-20dd-47ba-85fa-3d44363533d1

Қазақта жақсы мақал бар, «Еңбек еткен өнеді, еңбексіз не өнеді?» деген. Астары терең, мағынасы үлкен ойлана білген адамға. Бұл ел экономикасына да қатысты нәрсе. Жалпы еліміз тәуелсіздігін алған жылдан бері қаншама кәсіпкерді көрдім, арнайы барып жұмыстарымен таныстым. Бастапқы капиталын нөлден бастаған жандардың өмірі мені көбірек қызықтыратын. Шанақ ауылдық округінде осындай отбасымен танысудың сәті түскен еді.
Бізді жеке кәсіпкер Айнұр Бұғыбаеваның еңбекқорлығы тәнті етті. Шағын ғана үйінің айналасы қоршалмағандықтан, мұнда кішігірім нан пісіру цехы бар деп ойламадық. Алғашқыда кәсібін бір-екі қап ұннан нан пісіруден бастапты. Қазір күніне орта есеппен бес қап ұннан тандыр жауып, Монтайтас, Рабат, Атбұлақ, Шеңгелді ауылдарының дүкендеріне күнделікті нан жеткізіп отыр. Екі адамды жұмыспен қамтып, оларға жалақы төлеп отыр.
Күйеуі Әріпхан да такси қызметімен айналысып, аудан орталығынан күнде ұн жеткізіп, нандарды жоғарыда аталған дүкендерге тасымалдайды. Қолы қалт етсе, көлік дөңгелектерін ауыстыру, желімдеу жұмысымен де айналысады. Ол үшін 1.5 миллион теңгеге шиномонтаж және шина жөндеу құрал-жабдықтарын да сатып алған.
Әріпхан мен Айнұр – алты бала-шаға өсіріп отырған бақытты жандар.
Ауыл әкімі Серіғали Тілегенов бізге жол-жөнекей олар туралы біраз ақпарат айтқан. Әріпхан мен Айнұрдың танысуы да қызықты-рақ. Екеуі де өте еңбекқор. Алғашқыда олар қырдан сыпыртқы, адыраспан жинап, пұлға айналдырып жүріпті. Сондай кезде кездейсоқ танысқан көрінеді. Есесіне тағдыр бір-біріне еңбекқор жастарды қосыпты.
Біз үйлеріне барғанда 1-курста оқитын ұлы Бағлан да далада шаруаларды жайғастырып жүргенін көргенбіз. Кетер кезде оның да жағдайын сұрадық. Ақ көңіл, елгезек жігіт екен. Қарап жүрмей өзі де кәсіппен айналысады екен. Бес жүз мың теңгеге автокөлік жуу жабдығын сатып алып, үйінің айналасына бекітіп қойыпты. Ауыл-аймақтың көлігін, негізінен кілемдерін жуып береді екен. Көлік жуу орындарына барып, мұндай құралды көрмеппін. Сөйтсем, сапасы да, су қысымы да мықты екен. Ата-анасына салмақ салмаған, сабағын да үлгеріп, істің көзін тапқан Бағланның әңгімесіне қарап, болашағы зор екенін аңғардым.
– Нан пісіріп сату оңай кәсіп емес, –дейді біз Айнұрға қайта қайырылғанымызда. – Табысты күреп табу деген жоқ мұнда. Бірақ, біз бірнеше дүкендерді қамтамасыз етіп отырғандықтан, бұл кәсіпті аяқсыз қалдырмауды жөн көрдік. Қанша дегенмен өз күшімізбен бастаған шаруа еді. Күнкөріс қамына кішкене нәпақа қалса соған да шүкір. Құдай әр істің берекесін берсін деп отырмыз, – дейді А.Бұғыбаева.
Иә, онысы да рас, жол, отын шығыны, ұнның қымбаттап отыратынын ескерсек, пайдасы да көп емес. Табысы аз деп тастап кетуге және болмайды. Кәсіпте табандылық керек десек, біз осы қасиетті Айнұр мен Әріпханның бойынан танығандай болдық. Табандылық түбі бір мақсатқа жеткізетіні сөзсіз. Ең бастысы, бала-шаға еңбектің не екенін көріп өсіп келеді. Өкіметке, әлеуметтік жәрдемақыға алақан жаймай, өз күштеріне сеніп, қажырлықпен жұмыс істеп жатқан осындай жандар қоғамда қандай да құрметке лайық!

Дидар Бегалиев.