ШАНАҚТЫҚТАР ӨТЕ ҰЙЫМШЫЛ, ТАМАША ЖАНДАР!

Жұма, 15 Сәуір 2022 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 127 рет

d702bcd4-7a22-4de4-b2ca-d3be9b5e9fa3

Шанақ ауылдық округі Қазығұрт ауданы орталығынан солтүстік-батысқа қарай 65 км қашықтықта орналасқан. Шымкен қаласымен де ара қашықтығы осы шамада. Арғы жағы Арыс, Сарыағаш, Ордабасы аудандарымен шектеседі. Ауыл округі бойынша 3610 тұрғын, яғни, 556 отбасы тұрады. Орталықтардан шалғайда орналасқандықтан, мұнда тұрғындар негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Жалпы жер көлемі –44329, оның ішінде егістік – 14940, жайылым – 20822, ортақ жайылым –4150, елдімекен жерлері – 817, өзге жерлер– 663 гектарды құрайды.
Ауыл шаруашылық саласы бойынша 6 өндірістік кооператив, 7 ЖШС, 87 шаруа қожалығы тіркелген. Ауыл округі тұрғындарының негізгі күн көрісі ауыл шаруашылық саласы, оның ішінде негізінен мал шаруашылығы мен егістік. Жыл сайын 15 000 га дан астам жер игеріліп, күзгі және көктемгі бидай мен мақсары, арпа егіледі. Гектар түсімі бидайдан – 12-13, мақсарыдан 10-20, арпадан 7-8 центнер аралығында екен. Жаман көрсеткіш емес.
Ауыл округінің әкімі Серіғали Тілегеновтың айтуына қарағанда, ауыл халқы еңбек етуден қашпайтын тамаша жандар. Сондықтан да шығар, жұмыссыздық саны –70, аз қамтамасыз етілген отбасы – 15-тен аспайды. Бұл шынында да әр отбасының өз қамын өзі жасайтынын көрсетеді. Кәсіпкерлік нысандарына келсек, мұнда 5 дүкен, бір кафе, монша, 1 наубайхана, 1 желімдеу цехы жұмыс істейді. Жалпы орта білім беретін 3 мектеп, 1 бастауыш мектеп болса, 155 мұғалім қызмет етеді екен.
– Ауыл тұрғындары негізінен егінмен, малмен айналысатын болғандықтан, округ бойынша 4862 ірі қара, 46767 қой, ешкі, 2135 жылқы, 5717 құс бар. Тұрғындар арасында мал кәсіпкерлігін дамыту мақсатында үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, озық тәжірибелерді насихаттап келеміз. Есесіне мал бордақылау, мал тұқымын асылдандыру бағытында да істер қолға алынуда. Елдімекендердің экономикалық жағынан дамуы мен мал бордақылауды іске асыру бағытында Несие ұйымдарынан, «Ауыл шаруашылығы қолдау» қорынан 5 азамат, мысалы («Әбілда ата» ӨК) Н.Агментаев – 34,5, («Сақбай» ш/қ) Р.Орынбаев – 27, (Тұрсын ата» ӨК) Ш.Тайсалов – 20,5, («Ықылас» ш/қ) Е.Көбеев – 46, («Әбілда» ш/қ) А.Еламанов –4, барлығы 130 миллион теңге несик алып, кәсіптерін жалғастыруда. Он кәсіпкер «Қазығұрт несие» ЖШС-гі құрылтайшылығына еніп, олар да есимен өз шаруаларын дөңгелентуде, – дейді ауыл әкімі. – Падаға шығатын мал басын асылдандыру үшін де асыл тұқымды бұқалар алынды.
Ауылда Нұрболат Балықбаев дейтін жас азамат тұрмыстық жихаздар шығарады екен. Оның зайыбы күміс алқа иегері, тігіншілікпен айналысады. Олардың өнімдерін жергілікті тұрғындардан бөлек, көрші ауылдар алып, тіпті, Сарыағаш базарларына апарып өткізіп келеді екен. Міне, осындай азаматтардың қатарын көбейту үшін түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеміз, – дейді С.Тілегенов.
Аудан әкімі аудан әкімі А.Абдулаев елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездесу барысында тұрғындар тарапынан айтылған өтініштер бойынша, Ақжар елді мекенінің орталығындағы құдыққа жаңа насос қойылып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, ауыз су қоймасының резервуарына жөндеу жұмысы жүргізілді. Елдімекен орталығындағы оқушылар өтетін Рабат-Монтайтас жолына жол кедергісі орнатылды. Сонымен қатар, Ескі Шанақ елді мекенінің ішкі жолы Қасымбек би көшесіне 3,5 км орта жөндеуден өтіп, асфалт жол салынды. Ескі Шанақ, ст.Шанақ, Ызабұлақ елді мекендерін қамтитын актив байланыс жүйесі орнатылды.
Ст.Шанақ елді мекенінің Төбеқұдық көшесіне 1,9 км, шағал жол салынды және 2022-жылға өтпелі ауыз су жүйесінің құрлысы басталды, үстіміздегі жылы халыққа таза ауыз су берілетін болады.
Дәл осындай ауыз су жұмысының құрылысы Ызабұлақ елді мекенінде жүргізілді, биыл іске қосылатын болады.
Ызабұлақ елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2021-жылы бюджеттен қаржы бөлініп, 3 км газ құбыры тартылдыТұрғындар мұның да игілігін осы жылы көреді. Ал, 2022 жылы Шанақ, Ақжар елді мекендеріне табиғи газ тарту жұмыстарының құрлысы басталып, келер жылы аяқталмақ.
Ауыл округі орталығында бір кітапхана, бір клуб болса, енді, міне, мәдениет үйі салынуда. Бұл да көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан. Тұрғындар осындай игі іске қуануда. Балабақша жұмысы да жақсы жолға қойылған, бір балабақша сенімгерлік басқаруға берілсе, екі жекеменшік балақбақша жұмыс істеуде.
– Шанақтықтар өте ұйымшыл. Сондықтан, олармен жұмыс істеу қызықты. Осы ауылдан өзге өңірлерге кеткендер де туған жерден қол үзбей, әлеуметтік желіде ортақ чат ашып, бір-бірімен байланысып, хабарласып тұрады. Олар «Жомарт жүрек» қорын құрған. Бір-біріне, туған жерге қандай көмек керек болса, бәрі жабыла қолдай кетеді. Су тапшылығына қарамастан, міне, орталық көшеге ағаштар отырғызып, мал жемесін деп қоршап қойдық. Қозықұйрық теруге қалалықтар жиі келеді, ауылымызды көгертіп, гүлдендіріп қоюға тырысып жатырмыз. – дейді ауыл әкімі Серіғали Тілегенов.
Біз шанақтықтардың осы ынтымағына сүйсініп қалдық.

Дидар Бегалиев.