ЕЛ ИГІЛІГІ ЖОЛЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Жұма, 15 Сәуір 2022 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 146 рет

1 Аудан әкімі 2

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022-жылғы 3-наурызда «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826-шы Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл құжатта «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін», – деп айтылған.
Осыған орай, аудан әкімі Арман Айдарұлы бекітілген кестеге сай Алтынтөбе мен Жаңабазар ауыл округі тұрғындарымен кездесті. Кездесуді аудандық мәслихат хатшысы Ө.Көпеев жүргізіп отыр-ды. Президенттің Жарлығына тоқталып, жиынның регламентін түсіндірді.
Кездесулердің өткізілетін орны мен уақыты ресми интернет-ресурстарда, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әкімдіктердің әлеуметтік желілерінде алдын ала жарияланған болатын.
Бұл кездесулердің ерекшелігі – ашықтық. Яғни, кездесудің төрттен бір бөлігі өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндаманы таныстыруға арналса, қалған бөлігі «сұрақ-жауап» форматында өткізілді.

2 Аудан әкімі
Кездесудің алдында тұрғындарға Қазығұрт ауданының 2021-жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің қорытындысы мен атқарылған жұмыстар туралы қысқаша бейнебаян көрсетіліп, аудан әкімі А.Абдуллаев мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2022-жылғы 11-қаңтардағы Парламент мәжілісінің отырысындағы жасаған мәлімдемесі мен ағымдағы жылы 16-наурыздағы Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауына сәйкес ауданда 2022-жылға жоспарланған және атқарылатын жұмыстар барысын баяндады.
Ал, сұрақ-жауап бөлімінде әр ауыл округте инфрақұрылым, әлеуметтік мәселелер, егістік, жайылым жер, ауыз су, елдімекендерді абаттандыру және тұрғындарды толғандырған әртүрлі мәселелер бойынша 30-ға тарта сұрақтар қойылды. Тұрғындардың сұрақтарына аудан әкімі мен сала басшылары заң аясында түсініктеме берді. Кездесу барысында көтерілген мәселелер назарға алынып, оған арнайы хаттама түзіліп, әр мәселені шешу бойынша жұмыстар атқарылатынын атап өтті.
Көктемгі мезгілде тасқын судың алдын алу мен мал жайылымы өзекті мәселе. Бұл тұрғыда қойылған сұрақтарға аудан әкімі тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын, Келес өзенінің арнасын ретке келтіру мен каналдарды тазалауға арнайы техника бөлінгенін айтты.
Таулы аймақтағы мал бағатын бақташылармен жұмыс тобы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, шеттен келетін мал басын анықтау мақсатында арнайы тексеру бекеті қойылғандығы және бақташылардың тек өздеріне тиесілі жерге ғана лайықты мал бағуға мүмкіндігі бар екендігін айтты.
Одан кейінгі халықтың көңілінен шыққан мәселе ескі ғимараттарды қайта пайдалану болды. Яғни, алдағы уақытта ескі ғимараттардың техникалық жай–күйін анықтау жұмыстары жүргізіліп, пайдалану мүмкіндігі болатын болса сенімгерлік басқаруға бере отырып, жергілікті халықтың ұсынысына сай балабақша, спорттық нысан немесе басқа да халыққа қажетті нысан ретінде қайта пайдалануға берілетін болады.
Бұдан өзге де сауалдарға аудан әкімі жеке-жеке жауап беріп, мәселелерді оңтайлы шешу бойынша тиісті бөлімдерге тапсырмалар берді.
Аудан әкімі, аудандық прокуратура және полиция бөлімінің басшылық құрамы, мәслихат хатшысы және мәслихат депутаттарының, жергілікті зиялы қауым мүшелерінің қатысуларымен өткен қоғамдық қабылдауда тұрғындар көтерген жеке мәселелері бойынша тиісті ақпараттарын алды.
Алдағы уақытта аудан әкімінің аудан тұрғындарымен кездесуі әр тоқсан сайын өткізілетін болады.

Олжас ЗАИРОВ.