ЕРДІҢ ЕРІ АТАНҒАН ЖҰМАН ЕСІРКЕПОВ

Жұма, 13 Мамыр 2022 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 86 рет

006      Жұман ата-газетке

Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан (Түркістан) облысы, Қаратас (Қазығұрт) ауданы, Жұмалы ауылдық советіндегі Молотов атындағы колхозда, қазіргі Жігерген ауылы округінің Тесіктөбе елдімекенінде Есіркеп Қабылұлының отбасында Абдулла, Қыдырбай, Жұман атты үш ұлы мен Қыштай деген қыз баласы, яғни төрт перзенті болады. Құжат деректемесіне сүйенсек, тұңғышы Абдулла 1888-жылы жарық дүние есігін ашқан көрінеді. Болдан ана екеуінің некесінен Аман, Жарылқасын, Бәкір, Жарылқап, Мырзакелді атты асықтай бес ұлы мен Әдиша деген қыз бала туылып, қазіргі уақытта өрістері кеңейіп өсіп-өніп отыр. Абдулла атаның өзі 1972-жылы өмірден өтіпті. 1906-жылы туған Қыдырбай Есіркепов 1939-жылдың сәуірінде аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырту қағазын алады. Ол 1939-жылдың 30-қарашасынан 1940-жылдың 12-наурызына дейін Финляндияға қарсы соғысқа қатысады. 1941-жылы 22-маусымда басталған Ұлы Отан соғысына қатардағы жауынгер-атқыш ретінде аттанады. Арада екі жыл өткен соң, 1943-жылдың маусымында хабар-ошарсыз кетеді. Соңында перзент те қалмайды.
Есіркеп ата мен Шынтай ана некесінен 1922-жылы Жұман дүниеге келеді. Ол бала кезінен еті тірі, қағылез болып өседі. Он екі-он үш жасында бастауыш мектеп табалдырығын аттап, 1940-жылы Молотов атындағы жеті жылдық мектепті үздік бітіреді. Мектептен соң колхозда есепші болып қызмет атқарады. Аудандық комсомол комитетінің ауылдағы белсенді мүшесі болады. 1941-жылдың 15-қазанында аудандық әскери комиссариатынан соғысқа баруға шақырту қағазын алады. Сол күні әскерге аттанғанда, оны анасы Шынтай шығарып салады. Жұман Есіркепов Қызыл Армияның атқыш мергендер мектебінде дайындықтан өтіп, оны үздік тәмамдап, 1942-жылдың 28-маусымында аға сержант шенін алып шығады. Ол майдан даласында ерен ерлігі үшін бір емес, бірнеше мәрте марапатталады. Құралайды көзге атқан мерген бір ұрыстың өзінде 100 фашисті жойған. Сол үшін «ІІІ дәрежелі Даңқ» (1944-жылы 5-маусымда) орденін кеудесіне тағады. 251-інші снайперлік ротада қызмет еткен аға сержант бұдан басқа жауынгерлік «Қызыл Ту» (1944-жылы 16-қаңтарда) орденін және «Ерлігі үшін» (1943-жылы 28-наурызда) медалін алады. Осы марапаттарға ұсынылғанда, толтырылған құжаттарда оның білікті мерген екендігі, күрескер әрі жастарды әскери қимылдарға тәрбиелеуде үлгі көрсетіп жүргендігі жазылған.
1944-жылдың күзіне дейін 143 дұшпанның (одан да көп болуы мүмкін), оның ішінде жаудың 12 снайперінің көзін жойған. Сол жылы 30-қазанда оққа ұшқан оған қайтыс болған соң «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені берілген.
Жұман Есіркеповтің өзі кезінде білім алған туған жеріндегі жеті жылдық мектепке 1998-жылы «ІІІ дәрежелі Даңқ» және «ІІ дәрежелі Даңқ» ордендерінің иегері, орыс жазбаларында «Ердің ері» аттанған мерген бабамыздың аты беріліп, сегіз жылдық мектеп болып құрылады. 2002-жылы осы Жұман Есіркепов атындағы білім ордасы орта мектеп статусын алады.
Биылғы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні мерекесінің 77 жылдығына орай, мамырдың 9-ы күні Жұман Есіркепов атындағы жалпы орта мектебінде «Елмен бірге мәңгілік, Рухы тұрар жаңғырып» атты іс-шара өтті. Іс-шара барысында мектеп алдында бой көтерген ердің ері – Жұман Есіркепов мүсіні сомдалған ескерткіш ашылды. Мектеп директоры Әбілахат Зұлпыхаров ел қаһарманының қысқаша өмірбаянын таныстырып, оның жарқын бейнесі кейінгі ұрпақ жадында мәңгі сақталатынын айтып, жиынға жиналған көпшілікті Ұлы Жеңіс күні мерекесімен құттықтады. Ауыл қариясы Жақсыбай Жолайұлы, ардагер ұстаз Ерғазы Шынтаев, Райхан апа және Сафура апа ескерткіштің лентасын қию құрметіне ие болды. Оған гүл шоқтары қойылған соң, Жігерген ауылы әкімі Қалижан Сүлейменов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Балта Жүнісов, ардагер ұстаз Апбас Қанатбаев, Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі Нұрғали Рахаев, Қазығұрт ауданындағы ағайындардан Жақсыбай ата, Келес ауданындағы ағайындар атынан Артық қария сөзге шығып, Ұлы Отан соғысының елге әкелген зардабын, көзі тірі болғанда, ағымдағы жылы 100 жасқа толатын батырымыз, қаһарманымыз Жұбан Есіркепұлының ерлік істері жайында тамсана баян етті. Роза Жарылқапқызы Есіркепова соғысқа кеткен қос боздағының жолына қарап, күдерін үзбей, күтумен 98 жас ғұмыр кешкен Шынтай ананың ауыр тағдырын жыр жолдарымен өрнектеген өз шығармасын оқығанда, тебіренбеген жан қалмады.
Бұл ескерткішті салудың негізгі бас­тамашылары Абдулла бабаның қос ұлы Жақай (Жарылқасын) (1935-2021) мен Мырзан (Мырзакелді) (1946-2020) аталар екен. Өкініштісі сол, бүкіл әлемді жайлаған індеттің кесірінен ол екеуі де биылғы ескерткіштің ашылу рәсіміне жетпей өмірден өтіп кетіп отыр. Мырзан ата ердің ері Жұбан Есіркепов туралы архивтік деректерді ұқыптап жинап келіпті. Сол деректерді бізге ұсынған жұбайы, «Қазығұрт тынысы» газетінде 25 жыл есепшілік қызмет атқарып, 1995-жылы зейнеткерлікке шыққан Сафура Әбдікерімқызы Абдуллаеваға (1949 ж.т.) айтар алғысымыз шексіз.

Құралбек ЖОЛДАСҰЛЫ.