ЕРЛІК – ЕЛГЕ МҰРА, ҰРПАҚҚА ҮЛГІ

Жұма, 13 Мамыр 2022 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 85 рет

002            конференция 1

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығы мен Орта Азиядан шыққан, оның ішінде Қазақстанның қасиетті Қазығұрт тауы баурайында дүниеге келген тұңғыш генерал Сабыр Рахымовтың туғанына 120 жыл толуына орай, аудан орталығындағы мәдениет сарайында «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі» тақырыбында ғылыми практикалық конференция өтті. Оны аудандық мәслихат хатшысы Өрісбай Көпеев жүргізді. Конференцияға техника ғылымдарының докторы, академик О.Сембиев, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ғ.Тілеуқұлов, облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері, Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматтары» И.Тұрсынқұлов, Ш.Жамалбеков, Қ.Әріпбаев, заң ғылымдарының докторы Б.Тұрғараев және ауданның зиялы қауым өкілдері қатысты.
Конференцияда тарих ғылымдарының докторы, профессор, Оңтүстік Қазақстан тарихшылар және саясаттанушылар қоғамының төрағасы Сейдехан Әлібек «Қазығұрттан шыққан хас батыр» тақырыбында баяндама жасады. Ол қазақтан шыққан тұңғыш генерал, даңқты қолбасшы Сабыр Омарұлының айрықша ардақталып, құрметтелуге лайықты тұлға екеніне тоқтала келіп, оның басты ерекшеліктерін ашып айтты: «Біріншіден, Сабыр Рақымов сұрапыл соғыс жылдары үш бірдей атқыштар дивизиясын басқарған, бірден-бір қолбасшы. Оның екеуі гвардиялық дивизия болған. Бұл ерекше әскери факт. Соғыс жылдары мұндай жағдай көп бола бермеген. Екінші жаhан соғысында Кеңес Одағының Батыры атағын алған, соңғы мәлімет бойынша жарияланған тізімде бұрын орыс, өзбек жерінде тұрғаны себепті сол елдердің азаматы болып жүргендерді есептегенде, қазақтан шыққан батырлар саны – 103 екені анықталды. Солардың ішінде бұл атақ генерал Сабыр Рақымовқа 1965-жылы, полковник Б.Момышұлына 1990-жылы берілгені белгілі. Сол батыр атағын алған 103 қазақтың 23-і ғана офицер атағы бар екен, қалғандары қатардағы жауынгерлер мен сержанттың құрамының өкілдері болған. Мұның өзі қазақтан шыққан генералдың өте жоғары деңгейдегі қолбасшы болғандығын көрсетеді.
Екіншіден, Отан соғысындағы ерліктері үшін даңқты генерал 4 мәрте Қызыл Ту орденімен, Қызыл Жұлдыз орденімен және екінші дәрежелі Суворов және Кутузов ордендерімен марапатталған. Бұл өте жоғары әскери марапаттар.
Үшіншіден, оның 1943-жылы сәуір айында КСРО Қорғаныс Комиссариаты Бас Кадрлар резервіне оқуға жіберілуі болатын. Мұнда ол КСРО Қарулы күштері Бас штабының Әскери академиясының бесінші бітірушілерінің қатарында болған алғашқы қазақ. Осында жүріп ол әскери тактиканы терең меңгерумен қатар артиллерия, миномет, танк, авиация салалары туралы білімін жан-жақты жетілдірді. Онда ол он екі сағаттың 8 сағатында профессор-оқытушылардан дәріс алып, 4 сағатында өзінше ізденуге, талмай талаптануға ден қойды. Осыдан-ақ біз Сабыр Рақымовтың академияның қатардағы көп тыңдаушыларындай емес, маңдайалды түлегі болғандығын айтуға тиіспіз.
Келесі бір ерекшелігі текті әулеттен шыққандығын көруге болады, оның сом тұлғасы, кесек бітімі шаршап-шалдығуды, мұқалып-майысуды білмейтін еді, керісінше, ол дұшпанына келгенде атойлап алға ғана ұмтылуды және туған елінің сүйем жері үшін жанқиярлық танытуға күшін сарқа жұмсайтын қасиеті.
Ол майдан даласында бір емес, бірнеше рет жараланғанына қарамастан, толық сауықпай жатып-ақ ұрысқа белсене араласып кететін. Бұдан оның қара басының қамынан гөрі, туған Отанының талайлы тағдыры, жарқын болашағы көп толғандырғанын байқаймыз. Сондықтан да ол ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, келер ұрпақтың жадына мәңгі өшпестей із қалдырды», – деді тарихшы.
Баяндамадан соң облысымыздың «Құрметті азаматтары» Исмат Тұрсынқұлов, Молдабай Ильясов және Қойшыбай Әріпбаев сөз алып, ауданымыздан соғысқа аттанған майдангерлер жайында толғап, сұрапыл соғыстың әр отбасына тигізген зардабына тоқталды. Ендігі жерде Сабыр Рахымовтай батыр есімінің өшпеуі, жастарымыздың жүрегінде сақталуы үшін нақты шараларды қолға алу қажет екенін сөз етті. Бұл жолда тарихшы Сейдехан Нұрмаханұлының баяндамасында айтылғандай, кітаптар шығаруға, деректі фильмдер түсіруге, оқулықтарға енгізуге және тағы басқа шаралардың жүзеге асырылуына назар аударуды құптады.

002            конференция 2
Қазір ауданымызда көзі тірі төрт соғыс ардагері бар. Солардың қатарында ағымдағы жылы Иса Телікбайұлы мен Исабай Жүзейұлының 100 жасқа келіп отырғаны үлкен мереке. Жоғарыда сөзге шыққандар Ұлы Жеңіске ғана емес, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып, бүгінгі күні жасалынып жатқан игі істерге ақ баталарын беріп, ұрпақтарының аман-саулығын тілеп отырған абзал ардагерлерді құттықтады. Жалпы алғанда, біздің ауданымыздан Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің 400-ден астамы 1922-жылы туылғандар екен. Олардың біршамасын атап өтетін болсақ, Әділ Сасбұқаев, Әдіхан Өмірәлиев, Боранбай Ысмайылов, Сапабек Әшіров, Ережеп Төкеев, Мүсілім Нүсенов, Қалдыбек Байжарқынов, Әліхан Көшіков, Мәметай Нышанбай, Сүгірәлі Мамбеталиев, Құрбан Тәшімов, Айдар Тасболатов, Райкина Любовь, Құлмахамбет Әжіметұлы, Ағабек Алауов және тағы басқалар.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев конференцияны қорытындылап: «Батырды құр мақтаудан гөрі өмірі мен қызметін, ерлік жолдарын, қолбасшылық талантын кешенді түрде ғылыми зерттеуді қолға алу керек. Жоғарғы оқу орындарында магистрлер мен докторанттарға ғылыми тақырып ретінде берген жөн. Сабыр Рақымовтың кескілескен шайқастардағы батылдығы, санаулы өжеттілігі, табандылығы, ержүректілігі, қолбасшылық шеберлігі, әскери дарындығы, Отанды жан-тәнімен сүюі бүгінгі және кейінгі жас ұрпақтар үшін өшпес өнеге, отаншылдықтың жоғары үлгісі деп айта аламыз. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын! Жеңістің туы желбіреп, еліміздің абыройы асқақтай берсін!» – деді.

002            конференция 3
Конференциядан соң Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткіш монументіне, Кеңес Одағының батырлары С.Рахымов пен Қ.Әбдалиевтің, мемлекет және қоғам қайраткері, соғыс және еңбек ардагері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ауыл шаруашылық қызметкері, облыстың және ауданымыздың «Құрметті азаматы» Ә.Сасбұқаевтың ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылып, Құран оқылды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Омаров пен «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Б.Тұрғараев Әділ Сасбұқаевтың (1922-2005) туғанына 100 жыл толғанына байланысты сөз алып, еңбек жолын сот орындаушысы қызметінен бастап, комсомол, партия, Кеңес қызметінің басшы органдарына дейінгі дәрежеге жеткен, Оңтүстіктің абызы атанған ардагеріміздің айрықша жоғары адамшылық қасиеттері жайында естелік әңгімелерін бөлісті. Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымов атындағы «Жас ұлан» мектебінің ұстазы Гүлімжан Пазилова қазақтан шыққан тұңғыш генералдың бейнесі өрнектелген кілемшені аудандық мұражайға тарту етті және аудан басшысы Арман Айдарұлына табыстады.

Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.