НАРТҰЛҒА!

Жұма, 20 Мамыр 2022 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 140 рет

Балам деген жұрты болмаса,
Жұртым деген бала қайдан шықсын?
Ахмет Байтұрсынов

Ол әрдайым ақиқаттың ақ жолынан ауытқымай, әділдіктің ақ туын биік көтеріп келеді. Бұл – Биге лайық бітімнің белгісі.
Ол қашан да қарапайым қалпынан танбай, кісілік пен кішілікті қатар өрбітіп келеді. Бұл – адамгершіліктің үлгісі.
Сот саласының ұйымдастыру-үйлестіру ісіндегі әркез ол танытып отырған табандылық пен ерік-жігер оның іскерлігін танытса, айтқан сөзі мен атқарған ісінің әрдайым үйлесім тауып жатуы оның бәтуалығын білдіреді. Ұлы Абай айтқандай ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған оның табиғатына тән байыптылық пен байсалдылық, пайым-парасатының молдығы мен ақыл-ойының кеңдігі, заңгерге тән берік ұстанымы мен айқын көзқарасы басқа да көптеген адами, кәсіби қасиеттері кім-кімге де үлгі, өнеге.
Бекет әділқазылар ауылының абыройы мен беделін әркез асқақ ұстап, биік көтеріп келе жатқан Тұлға.


Томас АЙТМҰХАМБЕТОВ,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бұрынғы төрағасы, заң ғылымының докторы, профессор.

888         Б.Тұрғараев

Әр дәуірдің өз тұлғалары болғаны әркімге де аян. Былайғы жұрт соларға қарап теңеледі, соларға қарап сомдалады. Дәл қазіргі таңда да біреулер танып, біреулер әлі қадір-құрметін біле алмай жүрген мақтан тұтар тұлғалар баршылық. Соның бірі айналасындағылар «Қазығұрттың қыраны» деп таңбалаған өзіміздің Бекет Тұрғараев туралы болмақ. Тауға қарап өскен, таудың баласы болғандықтан, көп таулардың ішінде сонау мен сонауға созылып жатпаса да, биігіне шықсаң, төңірек түгел көрінетін, аңызы тарихқа ойып жазылған киелі Қазығұрттай асқақ, әрі сәуелі, әрі мәуелі, әрі төл перзенті болғандықтан Нартұлға деп тақырып қойдық. Бұл таңбаны Қазақстан судьялар одағының төрағасы, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы кезінде емес, зейнеткерлікке шығып, ұстаз болып жүргенде жазып отырмыз.
Өйткені, нартұлға қызметте жүрсе де, қатарда тұрса да сыр-сипатын жоғалтпайды. Енді осылай деп жар салуға қандай негіздер бар дегенге келейік.
Туған жерге, өскен елге қарыз екенін естен шығармайды. Оған дәлелдер жеткілікті. Қазақстанның қайсы қиырында жүрсе де Қазығұрттағы үлкенді-кішілі қайырымдылық шараларының бірінен де қалмапты. Күні кеше ғана «Қазығұртты көркейтейік, ел болып!» акциясына қатысып, 1,5 миллион теңге үлес қосты. Қазығұрт жайлы шет тілінде кітап басылса оған демеуші болатынын хабарлады. Елден шыққан жазушы, марқұм Қалаубек Тұрсынқұловтың «Қазығұрт» жайлы көркемсуретті орыс және қазақ тілдерінде шыққан танымдық кітабына, Әбдірасыл Зұлпыхардың «Шуақ» кітабына демеушілік жасады.
«Қазығұрт энциклопедиясына» қосқан үлесі де қомақты. «Туған жерге тағзым!» акциясын қолдаушылардың бірі болды. Өзі бастауыш білім алған «Талдыбұлақ» мектебін қайта салдырды, компьютерлендірді, бүкіл республика жазушыларының кітабы қойылған кітапхана ашты. Әр жылы бірнеше рет келіп дәріс оқиды.
Туып-өскен елдегі мәдени орындарға көңіл аударып келеді. Қайта құру басталып, ел әбіржіген кезеңде «Киелі Қазығұрт» деген айбарлы атың бар, алайда қадірлі қонақтар келе қалса дәм таттыратын орын жоқ, – деп түрлі салтанаттар өтетін «Заңғар» мәдени-көпшілік сарайын бүгінгі заман талабына сәйкес етті.
Өзі сонау Солтүстікте жүрсе де, көңілі Қазығұртта болды. Әр келгенде айналасындағыларға Елбасының сындарлы саясатын жеткізіп, жастарды білімге, шеберлікке, кәсіпкерлікке щақырды.
Ауыл адамдарына мал тұқымын асылдандыруды насихаттады, өзгелерге үлгі болу үшін немере інісі Самат Амантайұлын сондай асыл тұқымды жылқы зауыт ашуға көндірді.
Қазіргі таңда Саматтың шаруасы еуропалықтардан қалыспайды. Мал тұқымын асылдандыру жәйімен танысқан сол кездегі облыс әкімі А.И.Мырзахметов жоғары баға берсе, сол кездегі аудан әкімі Т.С.Алиев мемлекеттік наградаға ұсынды.
Бекет мырзаның топ бастайтын, ел бастайтын ауыл азаматтарын іздестіріп, оларға көмек қолын созып жүргенін бүкіл аудан халқы жақсы біледі.
Оны міндет те етпейді. «Мен саған қарассам, маған құдай қарасады» дегенді айтып та жүреді. Бекеңнің елге жасаған жақсылығын теріп шығу мүмкін емес. Оны жариялай бергенді де жақтырмайды.
Қазығұрттан қанат қағып ұшқан жерлесіміз Бекет Тұрғаревтың азаматтығы жайлы, ғалымдар, саясаткерлер аузы дуалы азаматтар айтып та, жазып та жүр. Оны қайталамай жай ғана қатарымызда жүрсе де, елден шыққан жігіттерді іздестіріп жүретін «өзі ақын, өзі сері» марқұм Мәдәлі Сатпаевтың пікірін келтіргенді жөн көрдік.
«Айналайын Бекет Қазығұрттың бетке тұтары. Алдына жалынышты болып барғанның өзін көкке көтереді, дем береді. Бір қызығы, ат арылтып іздеп барсаң да, елге келсе де өзі күтеді. Бекеңнің арқасында мәртебеге қол жеткізіп, кейіннен қашқақтап жүргендердің талайын білемін. Анау «өйтті» дегенді білмейді ғой. Кейде сондайларға қарап тұрып күйіп кетесің». Бұдан артық не айтасың?
...Бекең сондықтан да – Нартұлға. Қашан да өзін Қазығұрттың перзенті санап, қолғабысын азаматтық борышым ғана деп біледі. Бекең Қазығұртымен мақтанып жүрсе, біздер азаматымызбен мақтанамыз.
Өсіп-өркендеген ауданымыздың мәдени-әдеби салаларында өз соқпағы бар. Ол әрдайым ақиқаттың ақ жолынан ауытқымай, әділдіктің ақ туын биік көтеріп, ел сенімін ақтап келеді.

БЕКЕҢ – ЕЛ ЖАНАШЫРЫ

Жерлесіміз Бекет Тұрғараевтың қоғамға сіңірген еңбегі зор. Сонысымен де беделді, абыройлы. Түрлі деңгейдегі сот төрағасы деген жұмысы бастан асатын лауазымдарда жүрсе де, қоғам өмірінде шешілмей жатқан мәселелерді шешуге, ұлттың жоғын жоқтап, түгендеп жүруге, ұйымдастыруға, мың-сан іс-шараларды жүзеге асыруға уақыт табатын. Республика түкпірінде ол араласпаған шаруа жоқ сияқты.
Сонау Маңғыстаудағы Пір-Бекеттің мешітін де қайта қалпына келтіруге атсалысыпты. Пір-Бекетке арналған құдайы асты 2010-жылы Оңтүстікте өзі бас болып өткізді. Пір-Бекет болса атасы да, бабасы да емес, бүкіл қазақтың мақтанышы.
Қызылжарда Тоқсан бидің бейітін ­тауып, шойыннан қоршау жасатып, күмбезін тұрғызуға себепші болды. Бүкіл қазақ қадірлеген әйгілі «Елім-ай» дастанының авторы Қожаберген жыраудың кесенесін көтеруде де азаматтығын танытыпты.
Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің еңбектерін дәріптеудегі еңбегі өз алдына. Ол оңтүстіктердің көз алдына өтті. Абылай ханның ақ шатырын безендіруге жәрдемдесті. «Жеті жарғы» қайырымдылық қорын құрып, Әз-Тәукені солтүстіктің, онан әрі алтайлықтарға дәріптеді. Ормандай болған орысы, шүлдірлеген қазағы бар аймақта, қазақ тілін насихаттады, өзіне бағыныштылардан тікелей талап етті. Қазақтың ұлы ойшылдары Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды қаймақтары шыққан Шығыстағы еңбегі бір кітап боларлықтай.
Абайтанушы ғалымдар мен жазушылардың тұрақты демеушісі. Есімдері бүкіл қазаққа мәлім болған Зейнолла Қабдолов, Әзілхан Нұршайықов, Қадыр Мырза Әлі, Кәкімбек Салықов марқұмдармен сырлас, әрі жанашыр болса, Мұхтар Шаханов, Дулат Исабеков тағы басқалармен дос-жаран.
Қазақта «өзің би болмасаң да, би түсетін үй бол» деп мақтанышпен айтылатын сөз бар. Бекең жазушы болмаса да жазушылардан қалыспайды. Заңды да жазатын жан керек, оның жазған том-том ғылыми еңбектері бар.
Қазақстанның қайсы қаласына, ауылына барсаң да Бекет Тұрғараевты білетіндер табылады. Демек, ауданымыздың елшісі емес пе? Бекең басқарған судьялар одағының 3-4 сьез­деріне Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қатысып сөз сөйлегенінің өзі, кейінірек «Құрмет» орденімен наградтауы неге тұрады?! Бұндай қошеметке ие болу оңай емес.
Қасиетті Қазығұрттан шығып, бүкіл республикаға танымал болған азаматты Нартұлға демегенде не дейміз. Әркім осындай-ақ болсын. Болмаса «Ауылым-алтын бесігім» деген әңгімені ғана айтып, қолынан келсе де көлеңкесін түсірмей жүргендер аз ба? Профессор Бекеңнің орны ала бөтен.


Жорабек СҮЙЕУБЕКОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.