РУХАНИЯТҚА ЖАНАШЫР АЗАМАТ АТАНҒАН

Жұма, 10 Маусым 2022 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 95 рет

69        Б.Тұрғараев

Халықаралық «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері – құрметті судьясы, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі Бекет Тұрғараевтың биылғы 75 жасқа толған мерейтойы алғаш өзінің дүниеге келген ауылындағы «Талдыбұлақ» негізгі орта мектебінде аталып өтті. Аға буынның жүрген жолы, өмірдің ащысы мен тұщысын көргені мен түйгені, жасаған жақсы амалдары мен ел үшін маңдай тер төгіп атқарған қыруар шаруалары кейінгі жас өскін жаңа ұрпаққа тәлім әрі сабақ болуға тиіс. Міне, осындай мақсатты көздеп ұйымдастырылған іс-шараға мектеп оқушыларымен бірге, мерейтой иесінің ең жақын достары, балалық бал дәуренді бірге өткізген класстастары, ауыл тұрғындары қатысты. Алдымен жиынға келген қонақтар мектепті аралап көріп, білімұясындағы Бекет Тұрғараев атындағы кітапханаға кіріп, оның бай қорымен танысты. Кітапхана қабырғасына үлкен етіп жазылған Әбіш Кекілбаевтың: «Бекеттің жақсылығы – бір айтады, айтқанын істейді, ешкімнің ойында жоқты ойлайды, ойламаған шаруаны бітіреді», – деген сөзі, жоғары бағасы біреу білсе, біреу біле бермейтін көп нәрсенің ұштығын, түпкі сырын аңғартып тұрғандай көрінді.
Қалың көпшілік Бекет ағаны ел үшін атқарған еңбектері мен қайтпас қажыр-қайратының арқасында талай абырой биігінен көрініп, кейінгі жас толқын ұрпаққа үлгі болар абзал жан ретінде жақсы біледі. Әсіресе, ағайын-туыс пен достарының алдында ағаның абыройы сондай асқақ, сый-құрметі үлкен, барлығы да шынайы түрде қымбат көретіні, аса мәртебелі жандай жоғары бағалайтыны жиын барысында көрініп тұрды. Сондықтан да алғашқы сөз кезегінің тізгінін бүгінгі ауыл ақсақалдары болып саналатын Нақыпбек Қуатов, Едіге Балабеков, Мұрат Оразбаев сынды азаматтар алды. Ол кісілер Бекет Тұрғараұлының балалық шақтарын, сол кездегі ағаның достыққа адалдығын, бойындағы жақсы, ізгі қасиеттерін айғақтайтын қызықты оқиғаларын еске алып, мәртебесін бір көтеріп тастады.
Бекет Тұрғараев 1947-жылы 5-маусымда осы күнгі Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Сарапхана ауылы округінің Талдыбұлақ елдімекенінде дүниеге келген. Ауылдағы «Талдыбұлақ» бастауыш мектебін, Сарапханадағы Ы.Алтынсарин атындағы орталау мектебін бітірген соң, 1963-1967 жылдары Түркістан педагогикалық училищесінде білім алған. Оны тәмамдағаннан кейін туған ауылына келіп, К.Маркс атындағы колхозда спорт нұсқаушысы, комсомол комитетінің хатшысы қызметтерін атқарған.
1969-1974 жылдары Қазақ Мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқып, заңгер мамандығын алып, Шымкент облыстық сотына тағылымгер етіп жіберілген. Онда 1987-жылға дейін облыстық сот мүшесі болып қызмет істеген. Бұдан әрі 1987-1992 жылдары Шымкент қаласы Дзержинский аудандық сотының төрағасы, 1992-1996 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы болды. Осы жылдарда ол басқарған аудандық және облыстық сот Қазақ КСР-нің үлгілі базалық соты ретінде танылып, осындай жемісті де өнегелі қызметі үшін оған 1989-жылы «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген заңгері» атағы берілді. 1991-жылы КСРО Әділет министрлігінің «Еңбектегі табысы үшін» медалімен марапатталды.
1996-1997 жылдары Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Құқықтық ақпарат орталығының бастығы, 1998-1999 жылдары ҚР Әділет министрлігінің Соттар қызметін ұйымдастыру департаментінің директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Бас Прокуратураның тұңғыш мерзімді басылымы «Заң және заман» журналының ашылуына басшылық жасады, оны ұйымдастырушылардың бірі болды.
1999-жылы 16-қарашада ҚР Президентінің Жарлығымен Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы қызметіне тағайындалды. Оны он жылдан астам абыроймен басқарып, отставка-зейнеттік демалысқа шықты.
Бекет Тұрғараев республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Халық кеңесі», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Айқын», «Заң газеті», «Юридическая газета», «Заң және заман», «Заңгер», «Тураби» және тағы басқа газет-журналдарда құқық пен заң, әділет, сот мәселелеріне, сондай-ақ, әдебиет, мәдениет тақырыптарына арналып жарияланған 500-ден астам көкейтесті мақалалар мен ғылыми-зерттеу және танымдық материалдардың авторы.
Оның тікелей бастама көтеріп, ұйытқы болуымен еліміздің өңірлері Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарында, Алматы мен Нұрсұлтан қалаларында халықтың алғысы мен ризашылығына бөленген көптеген игілікті іс-шаралар атқарылды.
1999-жылы табысты еңбегі үшін ҚР Әділет министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталып, 2001-жылы 13-желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғары сотының шешімімен «Құрметті судья» атағы берілді.
2002-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Судьялар одағына басшылық етіп, одақтың жұмысының жандануына елеулі еңбек сіңірді. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында судьялар арасында спартакиадалық ойындар өткізуді дәстүрге айналдырды. 2003-жылы ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Жоғарғы сот кеңесінің құрамына енді.
Судьялық қызметіне қоса, ғылыми жұмыспен де қатар айналысып, 2002-жылы заң ғылымынан: «Атқарушылық іс жүргізуді ұйымдастыру мен дамыту туралы» деген тақырыпта кандидаттық, ал, 2007-жылы «Атқарушылық іс жүргізу құқығының теориялық проблемалары» деп аталатын тақырып бойынша докторлық диссертациялар қорғады. Бұл көтерген мәселелері республика сот орындаушыларының бірінші съезінде қызу қолдау тауып, осы тақырыпта жазған монографиялық еңбегі ғылыми кеңес шешімімен жоғарғы және арнаулы орта оқу оырндарының заң факультеттерінде оқулық ретінде пайдалануға ұсынылды.
Бекет Тұрғараев өзінің туған жері Қазығұрт ауданының және ұзақ жылдар жемісті қызметі үшін ел алғысына бөленген Солтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы». «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы ретінде де құқықтық реформа және мәдени-гуманитарлық салада көптеген істер атқарып келеді.
Бекет Тұрғараұлына 60 жылдық мерейтойы қарсаңында ҚР Президентінің «Алғыс хаты» тапсырылды, «Алтын барыс» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, ол «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері.
«Талдыбұлақ» мектебінің оқушылары Бекет ағаның балалық бал дәуренін көз алдымызға келтіріп, сахналық көріністер қойды. Оның жарық дүние есігін ашып, өмірге келгенінде әпкесі Қаракөз ерекше қуанған екен. Жаңа туған сәбиге ағасы Ордабек ырымдап сонау Маңғыстаудағы әулие Пір Бекеттің атын азан шақырып қойыпты. Үлкен ата бата беріпті.
Содан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Асан Үйсімбаев, облыстық агроөнеркәсіптік кешені еңбеккерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы Барлыбай Қуандықов, ауыл әкімі Әбілқасым Амантайұлы, класстас достары Сатыбалды Бердияров, Гүлшара Қошқарбаева, Мәлік Жанұзақов, Базарбай Садықов, Қазақстанның Құрметті журналисі Жорабек Сүйеубеков, ардагер ұстаз, Ы.Алтынсарин атындағы меделінің иегері, қамқоршылық кеңесінің төрайымы Фарида Артықбаева және тағы басқалар сөзге шығып, мерейтой иесіне жылы лебіздерін білдірді. Шапандарын жауып, құрмет етті. Б.Қуандықов ардагер ұстаз Ф.Артықбаеваны, директор орынбасары Гүлістан Майлашты және кітапханашы Бибігүл Сәлімованы «Еңбек даңқы» медалімен марапаттады.
Тағы да сахналық көрініс беріліп, жарқылдаған бозбала Бекеттің сонау балалық шақтың өзінде лидер, көшбастаушы болғаны көз алдымызға келді. Асық ойнаған балалар, үздік ойыншы Бекет, Дихан ағайдың үстерінен түсіп, асықтарын жинап алғаны, оларды Мұраттың анасына тапсырғаны сахналанды. Бір қызығы, дана ана асықтарды баласына беріп, Бекет, Ортай, Қойшыбай, барлық балаға өз асықтарын таратып беруін тапсырады. Балалар асықтарын танып алған соң дереу есектеріне мініп, бұрынғы Шарапханадағы (қазіргі Сарапхана) мектепке, сабақтарына кеткені әсерлі шықты.
Соңында мерейтой иесі Бекет Тұрғараұлы сөз алып, келген қонақтарға алғыс айтты. Өз өмір жолынан көп сыр шертіп, жас ұрпаққа көп ғибрат берді. Мектеп директоры Әуелбек Жүзжасарға өзінің жаңа сурет портретін ұсынды. Ол сурет портретке былай жазылған: «Талдыбұлақ» орталау мектебіне осы мектептің 1958-жылғы 4-сыныбын бітіріп, Сарапханадағы Ы.Алтынсарин атындағы 5-сыныбына барып оқуын жалғастырған – бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері, заң ғылымдарының докторы, профессор, бірнеше университеттің құрметті профессоры атанған, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының құрметті мүшесі, Оңтүстік және Солтүстік облыстарының және Қазығұрт ауданының құрметті азаматы Бекет Тұрғараевтың 75 жылдық мерейтойына орай мектеп ұжымына ескерткіш ретінде ұсынған сурет портреті».
Бекет Тұрғараұлы заң саласында қызмет ете жүріп, әдебиет пен тарихты, мәдени құндылықтарды дәріптеуді абыроймен атқарып, жас өскін жаңа ұрпаққа тамаша үлгі көрсетіп келеді. Әзілхан Нұршайықов, Әбіш Кекілбаев, Бәйкен Әшімов, академик Серік Қирабаев, Кәкімбек Салықов сияқты көрнекті тұлғалармен көп араласты. Қазақ елінің руханиятына сүбелі үлес қосып, «Руханиятқа жанашыр азамат» атанды. Жасай беріңіз, Бекет аға!

Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.