ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР МЕН ҰСЫНЫСТАР КӨТЕРІЛДІ

Жұма, 10 Маусым 2022 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 98 рет

74       Ө.Шөкеев

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Қазығұрт ауданына келген іссапарында алдымен Қызылқия ауылы округіне қарасты жаңадан ашылған ет комбинаты мен мал сою және өңдеу кәсіпорнының жұмысымен танысты. Ет экспортын көбейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ, ауданда ұйымдастырылған жергілікті тауар өндірушілердің көрмесін тамашалады. Өңір басшысының жанында аудан әкімі Арман Абдуллаев пен аудандық мәслихат хатшысы Өрісбай Көпеев болды. Ауданымыздың шаруалары көкөніс, жеміс-жидек, сары май, қымыз және өзге де ауыл шаруашылығы тауарларын нарыққа шығарып отыр. Сонымен бірге, «­Бастау Бизнес» жобасы арқылы грант алып, бал, тәттілер өндіріп, аяқ киім, көрпе-төсек, сувенир, астау шығаратын кәсіпкерлер де бар. Облыс әкімі жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлермен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады. Шаруалар мен кәсіпкерлер гранттарды көбейту, субсидия және өзге де өзекті мәселелерді көтерді. Өңір басшысы мемлекеттің дамуы шағын кәсіпкерлікке байланысты екенін, осы салаға басымдық беріліп жатқанын жеткізді. Ерте пісетін көкөніс өсіруге ден қоюға шақырды.
Содан соң Өмірзақ Шөкеев «Өнер» балалар мектебінің алдында Қазығұрт ауданы тұрғындарымен кездесіп, қалың жұртшылықтың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Ауданымызда 700-ге жуық тұрғынға кезек бойынша үй салуға жер телімі беріледі. Қазіргі таңда жоспарлау, инфрақұрылымын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңірді дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да өте қарқынды өріс алуда.
– Өздеріңізбен еркін пікір алмасуға келіп тұрмын. Мақсат – елдегі саяси реформаларды түсіндіріп, облыста атқарылып жатқан жұмыстардан мағлұмат беру, тұрғындардың өтініштерін тыңдау. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай осындай кездесулерден кейін тұрғындардың ұсыныстары мен тілектері де негізге алынып, тиісті жұмыс жүргізіледі. Өздеріңіз білетіндей, саяси өзгерістерге жол бастайтын референдум өтеді. Соған белсенді қатысуға шақырамын. Бүгінде Түркістан қаласын дамыту бағытында қарқынды жұмыс жүруде. Үйлердің 90 пайызына газ кірді, ағын су және ауыз су мәселесі шешілді. Қала бірнеше бағытта дамып жатыр. Облыстың аудан, қалаларын өркендету назарда тұр. Ең бірінші мәселе – шағын кәсіпкерлікті дамыту. Біз әр ауданнан жастарды бейімдеп, кәсіпкерлер шығаруымыз керек, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Кездесуде тұрғындар үй салуға жер учаскесін беру, Алтынтөбе ауылдық округіндегі жер дауы, Шанақтағы жол, Үшбұлақтағы ауыз су, Қақпақ ауылындағы жол, Қазығұрт ауылындағы ауыз су сапасын жақсарту мәселелерін және өзге де өтініштер мен ұсыныстарын жеткізді. Өңір басшысы Қазығұрт ауылында 700-ге жуық жер учаскесі берілетінін, Алтынтөбедегі жер дауы да шешіліп, тұрғындарға өз жер телімдері қайтарылатынын, осы бағытта жұмыс жүріп жатқанын мәлімдеді. Шанақтағы жол мен Үшбұлақтағы ауыз су түйткілі де шешімін табады. Кездесуден кейін облыс әкімі бірнеше тұрғынды жеке мәселесі бойынша қабылдады.
Талдыбұлақ елді мекені табиғи газбен қамтылды және Қазығұрт ауылындағы «Шығыс» мөлтек ауданына баратын табиғи газ жүйесінің құрылысы жүргізілді. Жаңабазар елді мекеніндегі мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, Заңғар, Сырлысай, Қарабастау, Тілектес елді мекендері сапалы электр қуатымен қамтылған. Жаңабазар, Қаржан елді мекендерінде 40,5 шақырымды құрайтын 20 көшеге асфальт төселген. Үш мектеп пайдалануға тапсырылды.
2021-жылы Қазығұрт ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі – 12601,4 млн. теңгеге, инвестиция көлемі – 18407,9 млн. теңгеге, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 59772,3 млн. теңгеге орындалды. Ағымдағы жылы төрт айда өнеркәсіп өнімінің көлемі – 4296,8 млн. теңгені (108,1 пайыз), инвестиция көлемі – 922,0 млн. теңгені, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 11481,3 млн. теңгені (109,8 пайыз) құрады. Жыл қорытындысымен өнеркәсіп өнімінің көлемін 13231,4 млн. теңгеге, инвестиция көлемін 28188,5 млн. теңгеге, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 66347,3 млн. теңгеге жеткізу жоспарлануда. «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 170 гектар жерде 122 жоба іске асырылып, бірінші өнім жинау күтілуде. Былтыр 58808 шаршы метр тұрғын үй берілді. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2021-жылы 8 елді мекенде 26 жоба іске асырылды. Ағымдағы жылы 4 айда 7571 шаршы метрді құрап, 14,2 пайыз көбейді. 2022-жылы 195,8 млн. теңгеге Қазығұрт елді мекенінен 2 қабатты, 10 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталады.
Шағын және орта бизнес бойынша, ағымдағы жылы 4 айда өндірілген өнім көлемі – 18994,7 млн. теңгеге орындалды. Жыл соңына 49 шағын және орта жоба іске асырылып, 503 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. 2021-жылы жұмыс істеп тұрған субъектілердің саны 9642 бірлік болса, 2022-жылдың соңына 239 бірлікке артып, 9881 бірлікті құрайды деп күтілуде.

Құралбек ЖОЛДАСҰЛЫ.