АЛҒЫС ЖАУҒАН КҮН

Жұма, 24 Маусым 2022 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 173 рет

06               медицина

Елімізде әр жылы маусым айының үшінші жексенбісінде медицина қызметкерлері күні атап өтілетіні баршамызға мәлім. Жуырда аудандық мәдениет сарайында ақ халатты абзал жандардың мерекесіне орай мерекелік іс-шара болып өтті. Шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров және аудандық ардагерлер кеңесі, әжелер алқасының мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, медицина саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
Аудандық мәдениет сарайы өнерпаздары мен «Балауса» халықтық би ансамблі ән мен биден шашу шашып, шараға қатысушылардың көңілін көтеріп, ризашылығына бөленді.
Медицина ауданымыздағы ең үлкен саланың бірі. Тұрғындардың денсаулығы үшін қызмет көрсетуде айрықша рөл атқарады. Уақытпен санаспай күндіз-түні адам денсаулығын, өмірін сақтау үшін жан аямай күресіп, әр адамның өмірі үшін алдыңғы қатарда жүрген дәрігерлердің еңбегі ерекше.
Салтанатты шара барысында аудан әкімі А.Абдуллаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Омаров, «AMANAT» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының атқарушы хатшысы Е.Исақұлов, аудандық мәслихат депутаты М.Нұран, аудандық аурухананың бас дәрігері Б.Төреханов сала қызметкерлерін мерекемен құттықтап, денсаулық саласына қосқан үлесі үшін «Еңбек ардагері» төсбелгісімен С.Телікбаевты, Қазақстан Республикасының «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен Ш.Нұрханованы, Денсаулық сақтау Министрілігінің «Құрмет» грамотасымен А.Қарсыбаева мен Г.Төлешованы, сонымен қатар, «Алтын дәрігер», «Мейірімді мейірбике», «Медицина саласының үздік қызметкері», «Ерен еңбегі үшін» төсбелгілерімен, Республикалық «Ел құрметі» қоғамдық қорының медалімен, «Семей-Сынақ» қоғамдық бірлестігінің «Ерен еңбегі» төсбелгісімен, Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының «Құрмет» грамотасымен, аудан әкімінің «Алғыс» хатымен, «AMANAT» партиясының Нұр-Сұлтан қаласы, Түркістан облыстық және Қазығұрт аудандық филиалдарының және аудандық аурухана бас дәрігерінің «Алғыс» хатымен бірқатар азаматтарды марапаттады.
Расында, адамзаттың амандығына, елдің салауатты өмір салтын ұстануына, әрбіріміздің саулығымызға жауапкершілікпен қарауға сеп болып жүрген медицина саласының мамандары қандай мəртебеге болсын лайық. Соған сəйкес құрмет көрсету – әрбіріміздің азаматтық борышымыз емес пе?!

Олжас ЗАИРОВ.