АУДАНДЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ – БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ!

Жұма, 08 Шілде 2022 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 298 рет

456

Жуырда Шанақ ауыл әкімдігіне қарасты Ызабұлақ, Шанақ елдімекендерінде бұрын-соңды болмаған тіршілік нәрі ауыз су келді. Екі ауыл енді орталықтандырылған ауыз су жүйесін тәулік бойы тұтынатын болады. Жергілікті тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Себебі, ауыл халқы жылдар бойы тасымалдап су ішіп келген. Ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісуге аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат хатшысы Өрісбай Көпеев, аудан әкімінің орынбасары Тайбек Қалымбетов арнайы келіп, ауыл ақсақалдарымен ауыз су құрылысы нысанының іске қосылу салтанатты шарасының лентасын қиды.
Шалғайда орналасқан елдімекендердің барлығына ауыз су тарту мәселесі аудан әкімі А.Абдуллаевтың тікелей назарында. Қазығұртта ауыз су мәселесі жыл өткен сайын оң шешімін тауып келеді. Күрмеуі қиын мәселе мемлекеттік бағдарламалар аясында сәтті жүзеге асырылып жатыр. Елдімекендерге су құбырын тарту жұмыстары жылдан-жылға артуда.
Қазығұрт ауданы көлеміндегі 61 елдімекеннің 54 елдімекені орталықтандырылған ауыз сумен (93,4%) қамтылған, 3 елдімекен тұрғындары (4,9%) бұлақ көзі суын пайдаланады. Оның ішінде 54 елдімекенді «Таза су» МКК-і ауыз сумен қамтамасыз етеді. 54 елдімекен ішінде 26 елдімекенге ауыз су 24 сағат берілсе, 28 елдімекенге ауыз су уақытпен беріледі.
2021-жылы аудан әкімі А.Абдуллаев Қ.Әбдалиев ауыл округіндегі Амангелді елді мекені тұрғындарымен кездесу барысында айтылған өтініштерді ескере отырып, елдімекендегі ауыз су құбырларын қайта құру жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен қаржы бөлу мәселесін қарастырып, 2021-жылы қайта құру жұмыстары басталып, 2022-жылға өтпелі болып, қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде.

456-4
Орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 1 елдімекеннің (Жігерген а/о, Айнатас е/м) құрылыс-монтаж жұмыстары ағымдағы жылы басталып, 2023-жылы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, бір елдімекендегі ауыз су жүйелерін қайта құру бойынша (Тұрбат ауыл округі, Қызылдихан е/м) 2022-жылы құрылыс-монтаж жұмыстары ­басталады.
Аудан көлеміндегі 8 елдімекенде (Айнатас 2 (Жаңбыршы), Үшбұлақ, ХХ-жылдық, Қарабау, Қақпақ, Еңбек, Тұрбат, Өңдіріс) жер асты су қоры зерттелуде. Зерттеу нәтижесіне сәйкес аталған елді мекендерді ауыз сумен қамтуға жобалық -сметалық құжаттамасы әзірленетін болады. Елді мекендер бойынша тұрғындарды ауыз сумен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Су дебетінің жетіспеуіне байланысты аудан орталығы, Қазығұрт елді мекеніне қосымша ЖСҚ әзірленуде, нәтижесінде республикалық немесе облыстық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылады.
Қазығұрт ауданы бойынша 61 елдімекеннің 59 елдімекені, яғни, 96,7 пайызы 2022-жылы қамтылса, 61 елдімекен 2023-жылы 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда.

Тұрдалы АБДАКИМОВ,
аудандық тұрғын үй коммуналдық
шаруашылық жолаушылар көлігі және
автомобиль жолдары бөлімінің басшысы.