ЖАҢА КӨПІР ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Жұма, 15 Шілде 2022 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 266 рет

745-1

Жуырда Тұрбат ауыл округі Өндіріс елдімекенінде жаңа көпір пайдалануға берілді.
Көпірдің ашылу рәсіміне аудан әкімі А.Абдуллаев, мәслихат хатшысы Ө.Көпеев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Омаров, «Социалистік Еңбек Ері» Т.Ағабеков және ауыл тұрғындары қатысты.
Өндіріс елдімекені тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Өйткені Тастақсай өзенінен өтетін көпір Кеңес Одағы кезінде асарлатып салынған болатын. Әр жылы көктемгі және күзгі су тасқындары салдарынан көпір бұзылып, тұрғындар мен «Тұрбат» шекара заставасы қызметкерлері қатты қиналатын.

745
Жаңа көпірдің құрылысына облыстық бюджеттен 178 млн. теңге қаралып, құрылыс жұмыстары 2021-жылдың желтоқсан айында басталып, мердігер «ТС-Таукент» ЖШС өз мерзімінде және сапалы аяқтады. Көпірдің ұзындығы 92 метр, ал ені 10,40 метр. Өндіріс елдімекені тұрғындары көптен күткен қуаныштарын бөлісіп, өз ризашылықтарын білдірді.
«Құдық қазу секілді, көпір салу ісі де халыққа берері мол игілікті жұмыс десек, ой мен қырды, аудан орталығы мен елдімекендерді жалғайтын көпірдің біткеніне ел дән риза. Жауын-шашын, қолайсыз ауа-райы кезінде ескі көпірдің жайын ойлап отырушы едік. Өйткені, көпірді су шайып кететін кездері шекара застава қызметкерлері мен жиырмаға жуық үйдің де қатынауы қиын болатын. Енді көлік қозғалысы қалпына келіп, қатынас реттелді», – деді Өндіріс ауылы тұрғыны Тойлыбай Асанов.
Ал, «Социалистік Еңбек Ері» Төле Ағабеков: «ХХ ғасырдың 70-80 жылдары пайдалануға берілген көпірлер ескіргені анық. Сондықтан кейбір ауылдарда көпірді жөндеу мәселесі түйінді мәселеге айналған еді. Аудан басшысы бұл мәселені назарына алып, шешімін тауып, біздің өтінішіміздің орындалғанына шынында, қатты қуандық», – деді.
Ескі көпірден жаңа көпірдің ерекшелігі жаяу жүргінші жолы қосылды, әрі сапалы дейді мамандар.

Б.БАЙБОЛОВ,
Тұрбат ауыл округі әкімі аппаратының
бас маманы.