ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ҚОҒАМ КЕСЕЛІ

Жұма, 16 Қырқүйек 2022 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 75 рет

47181252 752180178489776 1152900725555068928 n

Тұрмыстық зорлық - зомбылық бұл бір адамның оған қатысы бар басқа адамдарға қатысты туындаған қатер немесе қайталанатын зорлық-зомбылық әрекеттері. Бұл проблема бүгінгі күні өте кең таралған және өткір әлеуметтік құбылыс болып саналады. Соңғы жылдары елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары көбейіп кетті. Тіпті тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының бірнеше рет қайталануының соңы, ауыр қайғылы жағдайлармен де аяқталуда.
Отбасындағы зорлық-зомбылық түрлері әртүрлі болуы мүмкін. Бұларға экономикалық, физикалық, психологиялық, жыныстық бағдарлардың әсері кіреді. Отбасындағы зорлық - зомбылық қоғамның барлық әлеуметтік -этникалық топтарында болуы мүмкін. Отбасындағы зорлық-зомбылық нәсілдік және мәдени аспектілерге, әлеуметтік мәртебеге, қоғамда кездесетін моральдық-этикалық нормаларға, дінге, материалдық қауіпсіздігіне байланысты емес.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – мемлекеттің даму деңгейі мен мәдени хал - ахуалына қарамастан, әлемнің барлық елдерінде кездесетін мәселе. Қазақстанда да осындай мәселе орын алған. Жыл сайын елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты, тіпті өлтіру бойынша қаншама оқиғалар тіркелуде.
Негізі тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің басым бөлігі жасырын күйде қалады. Өйткені – көп жағдайда қазақ қоғамында «Бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп отбасындағы зорлық-зомбылық әрекеттерінен зардап шегетін адамдар басқа адамдардан көмек алуға қиындық туғызады. Олар көбінесе көмек сұрауға қорқады, олар ұялады, сондықтан мамандандырылған қызметтерге жүгінбейді. Бірақ мұның соңы өте ауыр жағдайлармен аяқталуы қоғамды алаңдатып отыр.
Осы орайда айта кетер жайт, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесінде ең маңыздысы құқық бұзушыны жазалау емес, отбасын қолдау және сақтау екендігін ескеріп, осы бағыттағы жұмыстар жүргізілуде.
Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларына кешенді көзқараспен келген жөн. Ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде, заңнамалық тетіктер қалыптастырылуда. Бірақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты негізгі мәселе тұлға факторына байланысты болғандықтан, басты назар тұлғаны тәрбиелеу мен қалыптастыруға аударылуы қажет.
Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болсаңыз, немесе ондай қауіп басыңызға төніп тұрғанын сезсеңіз, онда құқық қорғау органдарына жүгініңіз. Қиын өмірлік жағдайда өмір сүріп жатқан адам ретінде аудандық «Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметі» бөлім­шесіне жазбаша шағымдана аласыз, арнайы әлеуметтік қызметтер (ақпараттық, құқықтық, психологиялық және т.б) ала аласыз.
Қолданыстағы заңдар арқасында тұрмыстық зорлық-зомбылықты алғашқы кезеңінде, тіпті қол жұмсау әрекетінің алдын-алуға болады.
Мемлекетіміздің ең басты құндылығы – адам және оның құқықтары. Қоғам үшін ең бастысы – тәуелсіздік, адам үшін бас бостандығы және уайым қайғысыз өмір. Оның кепілі - заңдылық. Тәуелсіздік төрімізден орын алған қоғамымыздағы ең басты құндылық – адам бостандығы.
Адамның және адамзаттың құқықтары мен бас бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау – конституциялық заңдылықтың басты талабы.
Отбасы – қазақы ортадағы қасиетті ұғым. Себебі ол ізгі тәрбиелік қайнар көзі, мейірім-махаббат бастауы, саналы тұлға қалыптасуына негіз болар басты іргетасы. Бейбіт ел, ынтымағы жарасқан халық, үлгілі отбасын құру бәрі де адамның өз қолында екенін жадымыздан шығармайық!

А.ҚАЛБОТАЕВ,
аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Әлеуметтік -
психологиялық сүйемелдеу
қызметі» бөлімшесінің меңгерушісі.