ӘЛЕУМЕТТІҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІ ЕСКЕРІЛГЕН ЖОЛДАУ

Жұма, 16 Қырқүйек 2022 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 74 рет

044 Ержан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты» деп атап өтіп, реформа жүргізілетін салаларға және ана мен балаға деген қамқорлық пен көмек жөнінде кеңінен тоқталды.
2023-жылдың 1-қаңтарынан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылып, 2024-жылдың басынан Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнайы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынды. «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама аясында қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасқа толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Сол сияқты балалардың балабақшамен қамтылуын, 2025- жылы 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынатындығын атап өтті.
Жолдауда Мемлекет басшысы «Мектеп формасын барлық оқушыға барынша қолжетімді ету аса маңызды. Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз саналатын кейбір топтағы балаларға оны бюджет есебінен беру қажет деп санаймын. Мектеп формасына арналған мемлекеттік тапсырысты отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бейімделген жөн» – деп атап көрсетті.
Студенттерімізге жайлы жатақхана салып, оларға білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие беру қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ, әлеуметтік талап-тілегін ескере отырып, әйелдердің зейнет жасын 2028- жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдыратындығын айтты. Атаулы әлеуметтік көмектің де біріңғай жүйесін құру азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі маңызды қадамның бірі болмақ.
Жолдауда бұдан басқа денсаулық, бизнес, кәсіпкерлік, салық, құқық жөнінде де көптеген бағдар жасалынып, оны жүзеге асыру жолдары көрсетілген.
Сондықтан, биылғы өткен Конституциялық реформа Жаңа Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болса, Мемлекет басшысының бұл Жолдауы экономикамыздағы қордаланған мәселелерді шешу жолындағы бағдарымыз болды. Сондықтан, Жолдауда айтылған тапсырмалардың орындалуына атсалысу әрбір Қазақстандықтың міндеті болуы тиіс.

Ержан ДӘУЛЕТОВ,
аудандық музейдің әдіскері.