ҰЛТ МҮДДЕСІ ҮШІН АЯНБАЙ ЕҢБЕК ЕТЕ БЕРЕМІЗ

Жұма, 16 Қырқүйек 2022 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 557 рет

046

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» Қазақстан халқына арнаған кезекті Жол­дауы біздің «Қазығұрт тынысы» газеті тарапынан да қызу қолдау тапты. Ұжым мүшелері бес бағдарға жеке-жеке тоқталып, өз пікірлерін ортаға салды.
Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесіп, Президент жанындағы Омбудсмен тағайын­далатын­дығы қуантты. Бұл аталаған азаматтарға жасалған мол мүмкіндік деп білеміз. Омбудсмен--азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын тәуелсіз қадағалау және қорғау, сондай-ақ, бұзылған құқықтарды қалпына келтіру мақсатында өз өкілеттігі шеңберінде қажетті шараларды жүзеге асырумен айналысатын адам .Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғайтын адам тағайындалуы түрлі келеңсіздіктердің алдын алады.
Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді деп атап өтті.
Ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдауы да құптарлық жайт. Біз зейнетақы жүйесін де қайта жаңғыртамыз. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал жоғарғы шегін 120 пайызына жеткізу қажет. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл қадам 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы мөлшерін орташа алғанда 27 пайызға көбейтеді. Сондай-ақ, әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырамыз. Зейнетақы жасын 61 жасқа төмендету – ауылдағы қарапайым аналар үшін көптен күткен өң өзекті мәселенің бірі еді.
Біз 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартамыз. Балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады.
Аналар үшін бала күтімінің мерзімі ұзартылуы да жанды жадырататын жағдай. Аналар алаңдамай балаға көбірек көңіл бөлуі, бірінші кезекте баланың дені сау болып қалыптасуы үшін өте қажет-ақ.
Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жұмыссыз қалғаны үшін төленетін төлемақы орташа айлық табысының 45 пайызына дейін көбейтіледі. Бұл қадам осындай жағдайға тап болған жандарға септігін тигізіп, қызметке тезірек оралуына мүмкіндік береді.
Атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесін құру азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі маңызды қадамның бірі болмақ.
2023-жылдан бастап, Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізу жоспарланып отыр. Осы бастамалар аясында мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары біріктіріледі. Оның бәрі барынша түсінікті, ең бастысы, нақты болады әрі алдын-ала жасалады. Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі, мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ, қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды.
Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануы керек.
Мейірім мен шапағат азайып, адамдар арасында әлсіз жандарға бүгінгі таңда жуан жұдырық ала жүгіретін жандардың азамай тұрғаны да жасырын емес. Жұмсалған жұдырық бата тимей, қата тиіп, қаншама әйел көз жұмды. Отбасындағы дау-жанжалды, ұрыс-керісті көріп өскен бала да ертең жауыз болып өсері хақ.
Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды. Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын. Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз деп елді бекем бірлікке , халықты ырысты ынтымаққа шақырды.
Жалпы Жолдаудағы әлеуметтік салаға қатысты тұстары көңілімізден шықты. Алдағы уақытта да әлеуметтік сала мамандары Жолдауды басшылыққа алып, ұлт мүддесі үшін аянбай еңбек ете береміз.

Райхан АШИРБАЕВА,
«Қазығұрт тынысы» газетінің
жарнама меңгерушісі.