Мәселен, әлемдік алпауыт ел – Америка Құрама Штаттарының Нью-Йорктегі аса ірі халықаралық әуежайы осы мемлекеттің президенті болған Джон Кеннедидің атымен аталады және John F.Kennedy International Airport деген ресми атауға ие. Бұл әуежай – әлемдегі біраз әуекомпаниялар үшін «халықаралық хаб».
Бауырлас түркі елінің ғана емес, бүкіл Еуропаның ең ірі «әуе қақпасы» (Еуропа бойынша 3-орында) – Ыстамбұлдағы әуежайға 1980 жылы Түркияның тұңғыш президенті және барша түріктің ұлттық қаһарманы Мұстафа Кемал Ататүріктің есімі берілген, ол İstanbul Atatürk Havalimanı деп аталады.
Тіпті алысқа бармай-ақ, посткеңестік кеңістіктегі бауырлас ел – Әзірбайжанды алсақ, оның астанасы Бакудің халықаралық әуежайы 2004 жылы Әзірбайжанның үшінші президенті Гейдар Әлиевтің есімімен қайта аталды (Heydar Aliyev International Airport).
Сарапшылардың мәліметінше, бүгінде әлемнің 30-дан астам елінде «әуе қақпалары» сол елдердің көрнекті мемлекет қайраткерлерінің есімімен аталады.
Елбасының есімі Қазақстанда бұған дейін «Назарбаев зияткерлік мектептеріне» және «Назарбаев университетіне» берілген болатын. Әрине, қандай да бір озық мектеп жайында халықаралық деңгейде оқушылар мен олардың ата-аналары, сондай-ақ ұстаздар қауымы жақсы білуі мүмкін. Әлемдік белді университеттер болса, ғылыми ортада, академиялық қоғамдастықта кеңінен танымал.
Әуежайдың жөні бөлек. Алыстан ат арылтып жеткен шетелдік қарапайым қонақтар да, аты әлемге мәшһүр мәртебелі меймандар да кез келген елмен танысуды сол мемлекеттің басты «әуе қақпасынан» бастайды. Тіпті Қазақстанға кірмейтін, тек өз бағдарында Астанадан басқа ұшаққа отыратын транзиттік жолаушылардың аузында да енді «Назарбаев» болады.
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының жаңа терминалы әсемдігімен тамсандырып қана қоймайды, ол сондай-ақ өз уақытынан озуымен таңдандырады. Онда тіпті еуропалық дамыған елдерде де жоқ жаңалықтар ендірілген. Атап айтқанда, әуежай басшылығының мәліметінше, мұнда өнімдігі сағатына 1200 сөмкені қамтитын жартылай автоматтандырылған жүк өңдеу жүйесі орнатылған. Жүк өңдеудің осы жүйесі Еуропада тек 2020 жылдан бастап жаппай енгізіле бастамақ. Бұл жүйе сезік тудыратын жүктерді өзі анықтап, оны терминалдың басқа бөлігіне шығарып жібереді.
Жаңа терминалдың жобалық қуаттылығы жылына 5 миллион адамды құрайды. Қауырт шақтарда сағатына 1775 жолаушыға дейін өткізе алады екен. Жалпы алғанда, енді Астананың «әуе қақпасы» жылына 8 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетуге қабілетті болады. Ол ішкі және халықаралық рейстерден келетін 12 ұшақты бір уақытта қабылдай алады.
Айхан ШӘРІП