Ақ желеңді абзал жандар ұлықталды

Дүйсенбі, 26 Маусым 2017 09:54 Жарияланды Саясат Оқылды 326 рет

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2003-жылғы 15-қарашадағы Жарлығына сәйкес, бірнеше жылдан бері маусым айының үшінші жексенбісі ақ халатты абзал жандардың төл мерекесі ретінде аталып өтіп келеді. Бұл мереке – жаны қиналғанға жанашыр болып, дауа іздегеннің көңіліне демеу болған жандардың ерен еңбегі бағаланатын күн. Бағалау, марапаттау, құрметтеу бір күнмен тоқтамаса керек. Өйткені, дәрігерлер – тәулік бойы, жылына 365 күн тыным таппастан адамзатқа қызмет етіп, өмір мен өлімнің тайталасына түскен жандарға екінші мәрте жарық күн сыйлайтын жандар.

19260564 1907666179509436 2291595946741432931 n


Бұл айтулы мерекені аудан медицина саласының қызметкерлері елеулі көрсеткішпен қарсы алып отыр. Үстіміздегі жылдың өткен төрт айында жалпы өлім көрсеткіші, соның ішінде жүрек қан тамыр ауруы мен қатерлі ісік ауруы едәуір азайған . Бала туу көрсеткіші өсіп, ана өлімі болмаған. Сонымен бірге, емдеу орындарының материалдық-техникалық базасы нығайып, қажетті құралдармен қамтылуы да артып келеді.
Өткен сенбіде аудандық мәдениет сарайында медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орайластырған салтанаттты жиын болып өтті.
Мереке өтетін сахна талапқа сай безендірілген. Көңілді музыка, сазды әуенімен салтанатты жиынды ашқан жүргізушілер сахна төріне бүгінгі мерекемен құттықтап, марапаттау рәсімін жасау үшін аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұловты құттықтау сөзге шақырды.
– Бүгін кәсібіне адал ақ халатты абзал жандардың мерекесі. Әр минут сайын адам өмірін құтқаруға бар күш-қайратын салатын және қыл үстіндегі адам тағдырын арашалаушы жандардың мерейлі мерекесі, – дей келіп, С.Тұрсынқұлов бір топ дәрігерлерді марапаттады. Олардың қатарында денсаулық саласына қосқан үлесі мен ерен еңбегі үшін Тұрбат ауылдық дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Данияр Әлтеновке «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін, аудандық ауруханасы перзентхана бөлімінің акушері Омарова Әлия Өтепқызына аудандық емхананың диагностика бөлімінің аға мейірбикесі Қанаева Гулзифа Мақсұтқызына «Ерен еңбегі үшін» медалін, аудандық аурухана қабылдау бөлімінің меңгерушісі Түзелбаев Балғабай Тұртахметұлына, аудандық аурухананың диетмедбикесі Абдурахманова Жаңабике Сәдуақасқызына «Елеулі еңбегі үшін» медалін, аудандық емхананың онколог-дәрігері Қилибаев Абдиғани Теңгебайұлына «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін, Рабат ауылдық дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжирибелік дәрігері Алиева Лаззатқа «Үздік ауыл дәрігері» медалін тапсырды.
Мұнан кейін құттықтау сөзге шыққан аудандық мәслихаттың хатшысы Ө.Көпеев ақ халатты абзал жандардың тынымсыз еңбегіне тоқтала келіп: «Адам – қоғамның ең басты байлығы. Ал, оның денсаулығының мықты болуы – қоғам дамуының басты көрсеткіші. Сондықтан, адам өмірге келген сәтінен бастап, ақ халатты абзал жандардың бақылауында болады. Олар адамдарды жұқпалы аурулардан сақтайды. Ай, тоқсан сайын егу-емдеу шараларын жүргізеді.
Гигиена, тамақтану, диета жөнінде ақыл кеңестерін береді. Соның нәтижесінде, «Дені саудың – жаны сау». Дені сау адамның еңбегі де өнімді, тұрмысы да көңілді, – деп, бір топ дәрігерлерді аудандық мәслихаттың Алғыс хатымен марапаттады. Олардың қатарында орталық аурухананың акушер-гинеколог дәрігері Арапбаева Қарлығаш, аудандық емхананың терапия бөлімінің медбикесі Сүлейменова Салима, емхананың реаниматолог дәрігері Ермеков Дәурен, аудандық қамту агенті Құрбанова Бағила, «Сенбі» ауылдық ауруханасының тазалықшысы Ақпанова Зәуре, аудандық емхананың медстатисі Абдурахманова Гүлбахира, емхананың кардиолог дәрігері Төрежанова Гүлжазира, Қызылқия дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелі мейірбикесі Примбетова Сауле, «Тұрбат» дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелі мейірбикесі Әбдімомынова Күлипа, аурухана терапия бөлімінің аға медбикесі Балтаева Нүрипа, туберкулезге қарсы диспансері бөлімшесінің бөлім меңгерушісі, дәрігер рентгенолог Ержанов Амангелді, орталық аурухананың бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары Бектаев Бақытжан, орталық аурухана балалар бөлімінің меңгерушісі Тастанов Әлібек, Рабат ауылдық ауруханасының аға дәрігері Жақсыбаева Нұрлықыз, аудандық емхананың салауатты өмір салтын қалыптастыру дәрігері Сарыкөзов Қошан, Қызылқия дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелі дәрігері Ибрагимова Феруза, Қаратас ауылдық емханасының аға дәрігері Атамбекова Жамал, Жамбыл дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелі дәрігері Муталяпова Назым, аудандық емхананың мейірбикесі Ақмұрзаева Карима , Рабат бөлімшесінің фельдшері Билибаева Гүлнұр бар.

Әр тілектің ара-арасында әнмен шашу шашқан аудан өнерпаздарының сазды әнінен соң, құттықтауға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Төлеби, Қазығұрт ауданының «Құрметті азаматы» Аманбай Омаров, аудандық емхана бас дәрігерінің орынбасары Кәрібай Досанбаев, аудандық аурухананың бас дәрігері Құралбек Бердіқұл, «Қазақстанның денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының аудандық бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Үсенбеков медицина қызметкерлерін мерейлі мерекесімен құттықтап, еңбектеріне сәттілік тілей отырып, бір топ дәрігерлерді алғыс хаттармен марапаттады.
Салтанатты жиын соңы аудандық мәдениет сарайы өнерпаздарының концертіне ұласты.

Жорабек СҮЙЕУБЕКОВ.